Home » Жаңалықтар » Үштілділік- заман талабы

Үштілділік- заман талабы

Үш тілде оқытудың негізгі мақсаты – бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік анықтауға қабілетті мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Үштілдік туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 2007-жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында: «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деген болатын.

Бірнеше тілді меңгеру арқылы жас ұрпақ білім кеңістігінде еркін самғап, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік алады. Мектептердің үш тілде оқытуды қолға алудағы негізгі мақсаты – бірнеше тілді меңгерген, жан-жақты білімді, бәсекеге қабілетті, мәдениетті тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі.

«Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» басты мақсаты – қазақ тілінің мәртебесін көтеру, мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу, ағылшын тілін меңгерту, орыс тілін жетік білу.

Үштілді білім беруді дамыту мақсатында ағымдағы жылдың 5 мамыр күні Шымкент қаласындағы №89 мектеп-лицейде ОҚО білім басқармасының әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен «Үштілділік аясында оқыту үрдісінде инновациялық технологияларды пайдалану арқылы оқушылардың ойлау қабілетін дамыту» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияның мақсаты – білім беру ұйымдарына үш тілде білім беруді енгізу бойынша өзекті мәселелерді талқылау, пікір алмасу, оның шешу жолдарын қарастыру болды. Конференцияға қатысқан мұғалімдер өз іс-тәжірибесінде үш тілді оқытуды сабақ үдерісіне қалай енгізу тиімділігі жайлы өзара әдіс алмасты. Оңтүстіктің әр өңірінен бас қосқан алқалы жиынның педагогтар қауымы үшін маңызы зор болды. Конференция барысында мұғалімдер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды және проблемалық мәселерді талқылады.

Конференцияның қорытынды бөлімінде ұйымдастырушылар алқасы  осындай іс-шараны ұйымдастыруға қол ұшын берген, жаңалыққа жаны құмар №89 мектеп-лицейдің директоры К.У. Атабаевқа және мектеп ұжымына алғыс білдірді. Конференцияда өз тәжірибесімен бөліскен ұстаздар қауымы ОҚО білім басқармасының алғыс хаттарымен марапатталды.

Сулейменова Мейра Сапарбековна

ОҚО, Шымкент қаласы №89 мектеп-лицейдің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.