Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті болып саналады. Бүгінгі нарық заманы бізден бәсекеге қабілетті болуымызды, дамыған отыз елдің қатарынан көрінуіміз үшін білімді де озық ойлы азаматтарды тәрбиелеуімізді талап етеді. Сондықтан да әлемдегі жоғары дамыған елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Жалпы Мемлекеттік тілді және басқа тілдерді үйрену арқылы балалар мен жастардың әлем және ұлттық мәдениетті игерулеріне, өз халқы мен басқа халықтардың дәстүрлері мен мәдениетін зерттеуіне және қабылдауына жағдай жасау арқылы полимәдениетті тұлға қалыптастыру керек.
«Елу жылда ел жаңа» демекші, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері әлемнің көптеген дамыған елдерімен мәдени, экономикалық, саяси және әлеуметтік жағынан байланыс жасап келеді. Бұл қатынастардың оң нәтижелі болуы, ел мен елдің, халық пен халықтың өзара ынтымақтастығы, өзара түсіністігі, яғни тіл білуінен деп түсінеміз.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстандағы тілдердің үш тұғырлығы туралы ойды алғаш рет 2006 жылы Қазақстан халқының Ассамблеясында атап өтсе, 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауында Елбасы «Тілдердің үштұғырлығы» – «Триединство языков» мәдени жобасын кезеңдеп іске асыруды ұсынды. Осы тұрғыда Президентіміз «Мектептерге ағылшын тілінен шетелдік оқытушыларды тарту қажет. Кез-келген ортанқол мектептің балаларға ең жоғары деңгейде шет тілін оқып үйренуіне жағдай жасайтындай дәрежеге қол жеткізуіміз міндет» – деп ерекше атап көрсеткен болатын. Осы орайда, Білім министрі 2019 жылға дейін жоғары сыныптарды осы жүйеге көшіретінін айтты. Бір айта кететіні, мектепте жоғары сыныптарға ғылыми-жаратылыстану бағыттағы мамандықтар пәндерін (химия, физика, биология, информатика) ағылшын тілінде өткізе отырып, оқушының әлемдік оқудағы үдерістерге ықпалдасуына жағдай жасайтынын тілге тиек етті.
Бүгінгі таңда ағылшын тілін толық меңгерген түлектер жеткілікті болғандықтан, техникалық пәндер бойынша ағылшын тілінде сабақ беруге бейімделу қарқынды жүріп жатыр деуге болады. Осыған байланысты Қарағанды облысында үштілдік бағдарламаны игеру барысында, орта мектептерде ағылшын тілінде химия, биология, информатика және физика пәндерін жүргізу үшін көптеген жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының әрекетімен «Үш тілді оқыту жағдайында мұғалімдердің пәндік және коммуникативтік-тілдік құзыреттілігін қалыптастыру» тақырыбында 14.08.2017 – 02.12.2017 ж. аралығында үш айлық арнайы курс ұйымдастырылды. Арнайы курста облыстың мектептерінен мемлекеттік тапсырысқа сәйкес 54 физика, химия, биология, информатика пәндер мұғалімдері ағылшын тілін меңгеруімен қатар пәнді сол тілде оқытудың әдістемесі бойынша дәріс алуда.
Аталған курстың тренері Хайруллина Гульмира Жунусовна ағылшын тілінде коммуникативтік-тілдік біліктілікті қалыптастыру барысында біз сияқты пән мұғалімдерімен аянбай еңбек етуде. Курс кезінде түрлі тернингтер, арнайы сабақтар және жаңа инновациялық оқыту технологиялары арқылы пәндерді орта мектепте тиімді өткізудің әдістері ұсынылуда.
Арнайы курстың тыңдаушыларының бірі ретінде өтіп жатқан үш айлық курстың ауқымдылығы, ондағы негізгі жағдайлардың қолайлылығы және курстың мазмұнын тиімді ұйымдастырған «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Муканова Саулеш Димкешевнаға және білікті әдістемелік дәрістермен толықтырып, жақсы жағдайлар жасап отырған директордың оқу-әдістемелік жұмыстары жәніндегі орынбасары Жетписбаева Мейрамгуль Асылбековнаға алғысымыз шексіз! Сіздерге зор денсаулық, толағай творчестволық табыс тілейміз!!!
«Үш тілді оқыту жағдайында мұғалімдердің пәндік және коммуникативтік-тілдік құзыреттілігін қалыптастыру» курсында алған білімдерімізді осы жылдың желтоқсан айында өткізілетін қорытынды тестілеуде толық дәлелдеп шығатынымызға сенімдіміз…! Себебі қазіргі уақытта, ағылшын тілін меңгерудің талабы жоғары болғандықтан, ағылшын тілін тереңдетіп үйренуге арналған арнайы мектептер, гимназиялар, колледждер көптеп ашылуда. Егер де арнайы сертификатты толық дәлелдеп алып шықсақ; бүгінде осы үштілділікті қолдау, қолдану мақсатында біз, Қарағанды облсысының арнайы пән мұғалімдері өз үлесімізді қосуға, оқушыларға аталған жаңа талаптарға сай білім беруге бір кісідей ат салысамыз деген ойдамыз.
Қорыта келе айтарым, үштілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашылатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік деп санаймын. Жалпы, қарапайым тілмен айтқанда, қазақ тілді одан сайын дамыту керек, орыс тілін қолданамыз және ағылшын тілін үйренуге міндеттіміз деген ұстанымды жоғары қоюмыз керек!
Тауекелова Торғын Махановна,
Ә. Молдағұлова атындағы облыстық спортқа бейімді дарынды
балалар мектеп-интернатының химия пәні мұғалімі