Бүгінгі күні үштілділік тәрбие беру мәселесі туындап отыр. Үштілділік оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемнің ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі ең басты қажеттілік. Тіл арқылы халық өзге халықтардан ерекшеленеді және өзінің даралығын анықтайды. Қазіргі жаһанданған, ақпараттың дамыған ғасырында болып жатқан түрлі өзгерістер мен жаңашылдықтар еліміздің білім беру жүйесіне де өзінің тың жаңашылдықтарын енгізіп отыр. Қазіргі таңда өзара байланысы мен тәуелділігі басым әлемде жас ұрпақты бәсекелестікке дайындаудың бірден-бір жолы – үш тілде білім және тәрбиелеу болып табылады. Қазіргі кезде үш тілді білім беру – колледждегі оқу пәндерін екі немесе одан да көп тілде оқытуға мүмкіндік береді.
Кәсіби шетел тілі сабағы оқушылардың сөздік қорын кеңейте отырып, жаңалық ашуға, әр түрлі бақылаулар, тәжірибелер жүргізуге құлшындырады. Қарапайым көрсетулер студенттердің өз бетімен ізденуге, танымдық және шығармашылық икемділіктерін дамытуға бағыттайды. Сонымен қатар алған білімді өмірге деген қажеттілікті қанағаттандыру мақсатында меңгертілуі қажет екендігі оқушы санасына сіңіріледі. Ең бастысы, оқушылардың ағылшын тілін меңгеруі арқылы сөздік қоры толығады, сөйлеу дағдысы қалыптасады. Сабақ барысында қосымша берілетін мамандыққа арналған терминдер сөздігі студенттердің сөз қорын қалыптастыруға өз көмегін береді. Қазақстандағы қазіргі білім берудің маңызды бөлігі – осы үштұғырлы тілде білім беру. «Үштілділік» бағдарламасының негізінде қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеру көзделуде.
Орыс тілін білу – тарихи артықшылығымыз. Орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымындары мен араласатын орталарын кеңейтіп жатыр. Ағылшын тілін меңгеру – жастарға әлем танудың кілті болмақ. Ағылшын тілін білу біздің жастарға шексіз мүмкіндіктер ашады. Ол – жаһанданудың кепілі. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Еліміздің тәуелсіздігінің нышаны. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде, яғни қазақ тілі – болашақтың тілі. Үш тілді білім беру – тұлғаны қалыптастырудың негізі. Қазіргі кезде қоғамдық қатынас жағдайында тұлғаның қалыптасу деңгейі көбінесе адамның өзін-өзі жүзеге асыра алуына,бәсекеге қабілеттілігіне және әлеуметтік ұтқырлығына тікелей байланысты.
Қорыта келгенде, Қазақстанның тілдер саясатындағы басты бағыт – тілдердің үштұғырлылығы. Басымдылық мемлекеттік тілге беріліп отырғаны баршаға белгілі. Ағылшын тілін меңгеруге ден қойылуда. Алайда, Қазақстан жерінде тұратын азаматтардың басын біріктіретін тіл ретінде қазақ тілі көш бастауы керек. Келер ұрпақтың мемлекеттік тілде сөйлеуі заман талап етіп отырған жағдай. Елдің ертеңі – дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтардың өсуі үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны әлемдік озық ой-пікірмен ұштастыратын сапалы білім мен тәрбие берілуі қажет.
Гульсара Өмірзаққызы Бекболатова,
Айгуль Асқарқызы Тулегенова,
Жоғары аграрлық-техникалық колледжінің
ағылшын пәнінің оқытушылары