Қазіргі кезде заманауи талапқа сай бiлiм беру жүйесi жаңа арнаға бет бұрған шақта жан-жақты шығармашылдықпен, бастамашылдықпен жұмыс жасайтын жас ұрпақ қалыптастыру ұстаздар қауымы үшін аса маңызды. Елiмiздiң өркениеттi мемлекеттердiң қатарына қосылып, халықаралық деңгейге шығуы бүгiнгi ұрпақ бейнесiмен көрiнедi.
Мемлекетіміздің әлемдiк бiлiм кеңiстiгiне енудегi мақсатын Елбасы: «Бiлiм беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабiлеттiлiгiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн аса маңызды құралдарының бiрi», — деп атап көрсеткен. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының 5-бабында «Барлық оқу орындары мемлекеттік жалпы міндетті стандартқа сәйкес мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білу мен дамытуды, орыс тілі және бір шетел тілін оқып үйренуді қамтамасыз етуге тиіс» деп көрсетілген. ҚР білім беру мазмұнын жаңғыртудағы «Тілдердің үш тұғырлылығы» Мәдени Жобасының жүзеге асырылу маңыздылығы да осында. Бұл жобаның еліміздің әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінің қатарына қосылуға үлкен мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бұл оқу орындарының барлық салаларына жаңа талап, жаңа міндет, жаңа мақсаттар жүктейді. Осыған орай білім беру жүйесінде оқытушыларға қойылатын басты талаптардың бірі — көптілді мемлекеттер арасында әлеуметтік-мәдени қатынастар жасай алатын, түрлі елдердің мәдениеті, әдебиеті, тарихымен танысып, қажетін пайдалана отырып, бөтен мәдениеттің ішіне сіңіп кетпей, өзінің елі мен мәдениетін басқаларға таныта алатын, санатты да саналы тұлғаны қалыптастыру, кез-келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір ғылым саласынан білімі мен білігін көрсете алатын, өз ойы мен пікірін айта білетін бәсекеге қабілетті маман тәрбиелеу. Сондықтан қазақ тілін тереңдетіп оқыту, сонымен қатар көптілділікті меңгеруді жолға қою бүгінгі таңдағы жаңартылған мазмұндағы орта білім жүйесіндегі педагогикалық үрдістің негізгі бағыттарының бірі болып табылды. Үштілді оқытуды енгізудегі ең басты мақсат – жаңа деңгейлік оқулықтарды енгізу, жаңа әдістемелерді пайдалану, «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті» пәндерін қазақ тілінде оқыту арқылы мемлекеттік тілді дамыту болып табылады. Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен озық ғалымдар мен сарапшылар орыс тілді балаларға қазақ тілін жедел оқыту үшін жаңа әдістеме мен жаңа оқулықтар қолданысқа енуде. Бұл «коммуникативтік» деп аталатын әдістеме қазіргі қолданыстағы грамматикалық-аудармалық оқыту әдісін алмастырады. Оқушыларға қазіргі кезде тілдерді оқытудың түрлі деңгейлеріне сәйкес сабақта жаңа технологиялар, ақпараттық және интернет жүйелері арқылы ізденіс жұмыстарын жандандыра түсудің барлық мүмкіндіктері жасалған. Пәндерді ағылшын тілінде оқытуда лингафондық құрал-жабдықтар, аудио, видео кешені оқушылардың ауызша және жазбаша білімдерін жетілдіру, сөздік қорын қосымша сөздіктермен байыту, толықтыру, ой-өрісін дамыту мақсатында қолданылады. Сондай-ақ, оқыту үдерісінде ғаламтордан алынған түрлі мәліметтер, жағдайлар, педагогикалық технологиялардың түрлі әдіс-тәсілдері, коммуникативті бағыттағы оқыту элементтері кеңінен қолданылады. Үштілді оқыту — бүгінгі жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемнің түрлі ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік. Көп тілді меңгерген, өзін-өзі әлеуметтік және кәсіби билеуге, өздігінен дамуға, өздігінен жетілуге қабілетті тұлғаны қалыптастыру — жаңартылған білім беру мазмұнының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
Бүгінгі таңда үш тілде білім беруді дамыту бойынша кең ауқымды іс-қимыл жүргізу үшін 2015-2020 жылдарға арналған жол картасын іске асыру аясында жаратылыстану пәндері бойынша жаңартылған білім беру бағдарламаларын ағылшын тілінде оқыту мақсатында пән мұғалімдері өз біліктіліктерін арттыруда. Жаңартылған білім беру мазмұнының құрамдас бөлігі болып саналатын көптілділік күннен күнге қарқынмен дамып келе жатқандықтан, педагогикалық қызметкерлердің ағылшын тілін меңгеру қажеттілігімен қатар қызығушылығы да артуда. Елбасының тапсырмасымен 2020 жылға қарай ЖОО-лардағы барлық техникалық және медициналық мамандықтар ағылшын тілінде оқытуға көшеді. Сондықтан, мектептер дайын болуға тиіс. Бүгіннің өзінде жоғарғы оқу орындарында көптілді топтардың саны көбейе бастағандықтан, 10-11 сыныпта оқитын мектеп түлектерінің физика, химия, биология және информатика пәндерін ағылшын тілінде меңгеруі аса маңызды. Төрт пәнді ағылшын тілінде оқытуды енгізу кезең-кезеңімен – мұғалімдердің және оқушылардың дайындығына қарай жүзеге асырылатын болады және бұл талап мектеп мұғалімдерін кезең-кезеңмен ағылшын тілі курсынан өткізу арқылы жүзеге асырылуда. Біліктілік арттыру институттарында, жергілікті білім беру ұйымдарында 9 айлық ағылшын тілі курстары ұйымдастырылып, жаратылыстану пәнінің мұғалімдері өз біліктіліктерін арттыруда. Курс барысында заманауи коммуникативтік педагогиканың негіздері мен ағылшын тілінде оқытудың тың әдістемесі үйретілуде.. Үш тілде білім беруді жаңартылған білім мазмұнының аясында жүзеге асыру мақсатында мұғалімдердің пәндік және коммуникативтік-тілдік құзыреттіліктері қалыптастырылуда.
Олай болса, білім саясатының сапалық көрсеткішіне, функционалдық сауаттылығына негізделген үштілділік білім беру сияқты инновациялық бастаманы ел болып, халық болып бірлесіп бірге қабылдауымыз керек. Жас ұрпақтың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін, өзге тілдерді оқып білуге деген қызығушылықтары мен ұмтылыстарын арттыру арқылы олардың туған елі мен жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттырып, өз тағдырын ел тағдырымен мәңгілікке байланыстыратын ұрпақ болып қалыптасуына қол жеткізу — басты міндетіміз.
Байтурганова М.С.
«Өрлеу» АҰО»АҚФ
Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ
ИДӘҚЕ бөлімінің бас маманы