2017 жылдың 14-тамызынан бастап 2-желтоқсанға дейін «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Үш тілде оқыту жағдайында мұғалімдердің пәндік және коммуникативтік-тілдік құзыреттілігін қалыптастыру» білім беру бағдарламасы бойынша курс өтуде. Бұл курстың басты мақсаты – физика, химия, биология, информатика пәндер мұғалімдерінің ағылшын тілін білу деңгейін жетілдіріп және ағылшын тілінде пәндерді оқыту әдістемесін меңгеру болып табылады. Осы курстың тыңдаушыларының бірі болғаныма өте қуаныштымын, себебі бұл өте үлкен мүмкіндіктер беретінін білемін және болашақта үш тілді меңгеріп өзі пәнімді ағылшынша оқытатыныма сенімдімін.
Бағдарламаның тағы бір жаңашылдығы – мұғалімдерді үш тілдегі білімге кезең-кезеңімен көшу «Teaching Knowledge in Content and Language Integrated Learning» (бұдан әрі ТКТ CLIL) қолдану дағдыларын меңгеру арқылы пән мен тілді кіріктіріп оқыту.
Бағдарлама модульдік принциппен құрылған олар:
- 1-модуль: жаратылыстану-математика пәндердің мұғалімдеріне арналған үдемелі ағылшын тілі;
- 2-модуль: мұғалімдердің педагогикалық шеберлігі;
- 3-модуль: жаратылыстану-математика пәндерді ағылшын тілімен кіріктіріп оқыту әдістемесі.
Жоғарыда көрсетілген бағдарлама бойынша физика, химия, биология және информатика пәнінен 54 мұғалім біліктіліктерін арттыру курсында оқып жатырмыз. Үштұғырлы тіл – жарқын болашақ кепілі, тіл білу – байлық, бүгінгі елдің тыныс-тіршілігін айқындайтын өмірдің қажеттілігі. Үш тілді қатар меңгеру – Қазақстанның білікті, бәсекеге қабілетті, білімді әр ел азаматының міндеті. «Қазақстан халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі» — деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде айтып кеткен. Біз де осы үндеуге сәйкес ағылшын тілін өз пәнімізді ағылшын тілінде оқыту үшін меңгеріп жатырмыз. Әрине бұл оңай іс емес және өте көп қажырлы еңбекті талап етеді.
Осы аталған курс тыңдаушыларының бірі ретінде «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты осындай заманауи қажетті курсты ұйымдастырып, институттың басшылығы мен қызметкерлері бізге үнемі қолдау көрсетіп, жан-жақты жетілуге мүмкіндік туғызып отырғаны үшін барлық тыңдаушылар атынан алғыс айтқым келеді. Сонымен қатар, 3-ші топтың тренері Адыханова Анара Сериковнаны ерекше атап көрсеткім келеді. Себебі бұл кісі өзінің елеулі еңбегімен біздің жүрегімізде ерекше орын қалдырды. Әр күні жаңаша белсенді әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, сессия-сабақтарын ерекшелендіріп өткізеді. Тілді меңгерудегі ең маңызды дағдыларға ерекше мән береді, олар: оқылым, айтылым, жазылым және тыңдалым. Бұл кісі үнемі ізденуде, сәйкесінше сабақ өткізу шеберлігі де жоғары деңгейде. Өзі өте шығармашыл, білімді, жауапкершілігі мол, бастаған істі міндетті түрде жүзеге асыратын кісінің бірі ретінде көзімізге түсті. Қарапайым мектеп мұғалімдері үшін осы курстың берері мол. Болашақта өз пәндерімізді ағылшын тілінде берсек қандай ғанибет!….
Осы курс шеңберінде институт директоры Сәулеш Димкешевна Муканова және курс тренері Анар Сериковнаның ұйымдастыруымен 2017 жылдың 6 қазан күні Қарағанды қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 11 сыныпқа физика пәнінен өткен «Dynamics of liquids» атты сабаққа қатысып келдік. Бұл сабақты Әменова Данагуль Манатовна және Lain Makenzie өткізді. Оқушылар пән бойынша терминологияны қолданып сөздік жаттығуларын орындады, тақырыпты талқылағанда академиялық тілде білімдерін көрсетті және белсенді әдіс-тәсілдер көмегімен эксперименттерді шағын топтарда көрсете білді. Сабақ толығымен ағылшын тілінде өтті. Бұл сабақтан біз өте көп әсер алдық және осындай практикалық тәжірибелердің тыңдаушылар үшін маңызы зор, берері мол және жалғасын табады деп ойлаймын.
Бүгінгі таңда үштілділікті қолдап, ағылшын тілінде өз пәнін оқып-үйретемін деушілердің қатары күннен-күнге көбеюде. Біз де осы қатарды толықтырамыз деген ойдамын, осы курсты сәтті аяқтап, пәндерімізді ағылшын тілінде оқытуды жүзеге асырамыз!
Қорыта айтатын болсақ, мақсатымыз – үштілді меңгерген, өрісі биік ел ертеңін тәрбиелеу. Біздің балаларымыз халықаралық жобаларға қатысып, ағылшын тілдеріндегі ақпарат көздеріне қол жеткізуіне мүмкіндік алады. Өз сөзімді «Мемлекеттік тілді – дамытамыз, орыс тілін – қолдаймыз, ағылшын тілін үйренеміз» деген үндеумен аяқтағым келеді.
Кожаева Ардак Нуровна
«№ 12 ЖББОМ» КММ
химия және биология пәні мұғалімі
Қарағанды облысы, Қарағанды қаласы