XXI ғасыр – ғылым ғасыры. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа Жолдауында: «Білім беру реформасы табысының басты өлшемі – тиісті білім мен білік алған еліміздің кез келген азаматы әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу болып табылады. Біз бүкіл ел болып әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз» — деген болатын. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының азаматын қалыптастыру, оның тез өзгеріп отыратын әлемде табысты білім алуға деген сұранысын қалыптастыру, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу және оқыту — басты мақсат болып отыр. Сондықтан оқушыларға қазіргі заманға сәйкес көптілді білім беру мақсатында әр түрлі шаралар қолға алынды. Қазақстандағы тәуелсіз жолындағы күресі қазақ тілінің қоғамдағы лайықты орнын талап етуден басталған болатын. Қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін әперу оңай болған емес. Осы жолда қаншама тар жол, тайғақ кешулерден өтті. Сөйтіп, елім, тілім деп күрес майданына шыққан көптеген асыл азаматтардың зор қажыр-қайратының арқасында туған тіліміз өз тұғырына қонды. Бұл істердің қай-қайсысының болсын басы-қасында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болғанын тағы жақсы білеміз. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік тілімізде оймен бірге жетіліп, қолданыс аясын кеңейте түсті. Оның әрбір сатысынан Мемлекет басшысының қолтаңбасын көтеруге болады. Елбасы дәстүрге айналған жыл сайынғы Жолдауларында да, Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларында да мемлекеттік тіліміздің тірегі ретінде қазақ тілінің өрісін кеңейту, ел халқының мемлекеттік тіл аясына ұйысуын қадағалап, осыны ұдайы айтып келеді. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Халқы Ассамблеясын құрғандағы мақсаты да ел халқын тұтастандыру болатын. Ол, әрине, мемлекеттік тіл арқылы іске асады. Сондықтан Қазақстан Халқы Ассамблеясы мемлекеттік тілге қатысты жұмыстарын бұрынғыдан да қарқынды жүргізіп, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тіл аясында топтасуына ұйытқы болғандары жөн дегім келеді. «Елбасының «Үш тұғырлы тіл» жобасы – ел болашағын баянды етуден туған, алысты көздеген мақсат. Осы жобаны түсіндіруде және іске асыруда түрлі жансақтықтарға жол беріп алып жатамыз. «Үш тұғырлы тіл» — қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар қойып, жарыстыру емес. Керісінше, бұл әр тілді өзіне лайықты орнымен қажетіне қарай лайықты пайдалану деген сөз. Мұнда мемлекеттік тілдің орны тіпті бөлек. Оған ешкімнің таласы жоқ. Үш тұғырлы тілді желеу етіп, мемлекеттік тілді ығыстыру мүлде дұрыс емес» — дейді. Халқымыз ежелден тіл абыройын биік көтеріп, «Өнер алды ــ қызыл тіл» деп, сөз өнерін бар өнердің алдына қойып, жоғары бағалаған. Әдетте тіл жөнінде, тіл ــ адамдар арасындағы қарым-қатынас жасау құралы деп, оған жай-жадағай анықтама берілгенімен, іс жүзінде тіл тек адамдар ара қарым-қатынас жасау құралы ғана болып қалмастан, қайта онан да маңыздысы, ол белгілі бір ұлттың ұлттық сана-сезімі, халықтың халықтық қасиеті, оның жалпы тарихы, әдет-ғұрпы, мәдениеті қатарлыларды тұтастай өз бойына қамтып жататын күрделі ұғым. Сондықтан тіл – мейлі қайсы ұлттың болмасын тарихы мен тағдырының, тәрбиесі мен тағылымының, бүкілхалықтық болмысының баға жетпес асылы, сарқылмас құнды қазынасы, ұлт рухының ұйтқысы болып келген. Өмірде өзге бір ұлттың тілін игерген адам сол халықтың ішкі жан-дүниесін түсініп, күллі мәдени қүндылықтарымен танысу орайына ие бола алады. Азаматтарымыздың қазіргі ай сайын алға ілгерілеп, күн сайын жаңарып, тез қарқынмен дамып бара жатқан өзгерісшең өмірге ойдағыдай сәйкесуі үшін, қос тілді болып қана қалмай, қайта көп тілді болуы төтенше қажеттілікке айналуда. Бұлай істеу әр азаматтың өзіне де, өзгеге де тиімді. Сондықтан қазіргі қоғамда көп тілді болу әрқандай адамды кең өріске, тың өмірге бастайтын жол есептелмек. Кезінде халқымыздың «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген аталы сөзі дәл бүгінгі дамыған дәуірімізге сәйкес айтылғандай. Тарихи деректерге жүгінсек, осыдан 12 ғасырдың алдында жасаған энциклопедик ғалым, әлемде Аристотельден кейін екінші аға ұстаз аталған ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз өз өмірінде 70-ке жуық ұлттың тілін жеттік білгендіктен, артына мәңгі өшпес мол рухани құнды мұра қалтырып кеткендігі анық. Көптілді меңгерген адам әуелі өз тілінде ой қорытып, туған халқына өнеге болып, өзге жұртпен бәсекеде ырықты орынды иелеп, сан мәдениетті санасына салып сараптай алса, онда ол өз өмірін қалайда мағыналы өткізетін айтулы тұлға болып жетілері қақ. Бүгінгі таңда елімізде «Көптілділік» мәселесі көкейкесті мәселелердің бірі болып саналады. Елбасымыз сол үшін де тілдердің үштұғырлылығын міндеттеп отыр. Көптілділік мәселесі – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемнің алдында тұрған көкейтесті мәселелердің бірі. Бұл ұғымға жалпылама тоқталсақ… көптілділік, белгілі бір әлеуметтік ортада, мемлекетте бірден үш, одан да көп тілде сөйлей білушілік. Көптілділіктің үштілді меңгеру дәрежесі сол адамның немесе бүтіндей халықтың өмір сүрген тілдік ортасы, әлеуметтік, экономикалық, мәдени өмірі, тұрмыс-тіршілігі секілді көптеген факторларға байланысты. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының 12 сессиясында: «Қазақстандықтардың жас ұрпағы кем дегенде үш тілді білулері тиіс: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерулері қажет» — деп, Еуропадағы мектеп түлектері мен студенттерінің өзара бірнеше тілде еркін сөйлесулері қалыпты жағдайға айналғандығын атап өтті. Кем дегенде үш тілді меңгеру – заман талабына айналып отырған қажеттіліктердің бірі. Қазіргі таңда адам қызметінің барлық салаларында жаһандану үрдісі орын алғандықтан, білім беру саласында қайта қарастырулар жетілдіруде. Сол себептен ақпараттық-комуникативтік құзырлылықпен қатар, полимәдениеттілік бүгінгі уақытта әлемдік білім беру қоғамдастығының кеңістігін қалыптастыратын білім беру құзырлығының басты бағыттарының бірі ретінде анықталды. «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жүзеге асыру мақсатында дайындалған Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы — білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адам капиталын дамыту үшін білім мазмұнын түбегейлі жаңғырта отырып, білім саласында кезек күттірмей тұрған мәселелерді шешуге бағытталған. «Қазақстан әлемде тұрғындары үш тілді қатар қолданатын, яғни қазақ тілі –мемлекеттік тіл, орыс тілі – халықаралық тіл ретінде, ағылшын тілі – әлемдік экономиканың жетістікті интеграциясы ретінде, жоғары білімді елдер қатарында қабылдануы тиіс» — деді Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев. Қазіргі таңда Қазақстан қоғамының әлеуметтік-экономикалық, рухани қалыптасуының жаңа міндеттерін іс жүзінде асыруға дайын жас ұрпақты тәрбиелеудің негізгі факторларының бірі – мектепте көптілді білім беруді жолға қою болып табылады. Көптілді білім – көп мәдениетті тұлғаны қалыптастырудың өзегі. Бүгінгі таңда көп тілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік. Үш тілде оқыту – заман талабы десек, оның негізгі мақсаты: бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ал орыс тілі мен шетел тілдерінің бірін білу тұлғаның ой-өрісін кеңейтеді, оның «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға болып дамуына жол ашады, ұлтаралық қатынас мәдениетін, толеранттылығын және планетарлық ойлауының қалыптасуына мүмкіндік туғызады. Маманға шет тілін меңгеру кез-келген шетелдік ортада өзін еркін ұстап, жаңа кәсіптік ақпараттар легіне немесе жалпы ақпараттық ғаламшарға бейімделу мүмкіндігіне ие болады. Әр адамның түрлі әлеуметтік қызметтерінде жеткен жетістіктерінің нәтижелері түрлі болмақ, сол себептен шетел тілін оқытудың мақсаты тек нақты білім іскерліктерін біліп қана қоймай,
сондай тілдік тұлғаны қалыптастыру болып табылады, оған шет тілі «өмір заңдылықтарында» және «нақты жағдаяттарда қарым-қатынас жасай алу үшін» қажет болмақ. Бұл халықаралық тұрғыда бағытталған тұлғаны тәрбиелеуде тікелей құрал болып есептеледі, яғни өзін өркениетті және тарихи субъект ретінде тани алатын, даму кезінде өз елінің және адамзат тарихын қабылдай алатын, өзі үшін, халқы үшін, мемелекеті үшін, адамзат болашағы үшін жауапкершілік жүгін сезінетін, өзара тәуелділік пен әлем бүтіндігіне, адамзат өркениетінің ғаламдық мәселелерін шешуде мәдениаралық қатынастың қажеттілігін жете түсінетін, адамның азаматтық құқықтарын (мәдениет және тілдік құқықтарын қоса) мойындайтын және саяси бостандыққа ұмтылатын, қоғамдағы гуманизм идеалын жасау үшін басқа адамдармен, қозғалыстармен, қоғамдық институттармен қызмет атқаруға дайындығы мен қабілеттілігін көрсете білетін және де қоғам, адам және табиғат арасындағы ынтымақтастықты қалыптастыратын ұқыпты да тиянақты, білікті маман мен адамды дайындау осы заман оқытушылары мен ұстаздардың алдында қойылатын үлкен заман талабы деп білуіміз керек. Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің жылдағы дәстүрлі Жолдауында «Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдету тиістігіне ерекше мән береді. Сонымен қатар бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқытудың сапасын арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударады. Сондықтан қазақ тілін тереңдетіп оқыту, сонымен қатар көптілділікті меңгеруді жолға қою — бүгінгі таңдағы орта білім жүйесінде педагогикалық үрдістің негізгі бағыттарының бірі. Әлемдік білім беру іс- тәжірибесінде көптілді және билингвалды білім беру жаңалық емес, атап айтқанда, АҚШ пен көптеген Еуропа елдерінде, әсіресе соңғы жылдарда бұл бағытта жетістікке қол жеткен. Бірақ, қазақстандық білім беру жүйесінде көптілді және билингвалды білім берудің халықаралық іс-тәжірибесінде қолданыс тапқан моделдерін енгізу- жаңа педагогикалық проблема, өйткені ол жаңа жағдайларда шығармашылық тұрғыдан іске асырылуы тиіс. Көптілді білім беру ісінде атқарылып жатқан жұмыстардан шығатын қорытынды менің ойымша мынадай:
— көптілді білім беру- бұл мектепте оқу пәндерін екі немесе одан да көптілде аудармасыз оқыту;
— билингвалды білім беру — оқу және оқудан тыс жұмыстардың негізгі бағыттарын екі тілде іске асыру, педагогикалық үрдісте екі тілді оқыту құралы ретінде пайдалану;
— әрбір мектеп бітірген Қазақстан Республикасының азаматы қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік біліп шығады;
— көптілді меңгерген оқушылар өзгермелі кезеңде еркін әрекеттер жасауға бейім болады;
— көптілді меңгеру еңбек нарығында да жоғары бағаланады;
— алыс және жақын шетелдерде тілдік көмекті керек етпейді.
Яғни, «Тілі бірдің-тілегі бір», «Тіл тағдыры-ел тағдыры» екендігін жадымызда ұстай отырып, ел бірлігінің негізі – тіл бірлігіне қол жеткізу жолында қызмет ету қазақстандықтардың ортақ парызы. Ендеше жас ұрпақтың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін, өзге тілдерді оқып білуге деген қызығулары мен ұмтылыстарын арттыру арқылы олардың Отанға деген махаббаттарын оятып, өз тағдырын ел тағдырымен мәңгілікке байланыстыратын ұрпақ болып қалыптасуына қол жеткізу мақсатына өз үлесімнің бар екендігін мақтан тұтамын!
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Солташұлы Ы. Заман Талабы ــ көптілді болу. //Ақиқат. 26 қараша- 2012 ж. № 11. 14-15б
- Жаминова Р.Ж. Модульдік оқыту технологиясын қолдана балалардың тілдік құзыреттілігін қалыптастыру. // Мұғалімнің кәсіби дамуы: дәстүрлері мен өзгерістер. ІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. ІІ том. Астана-2012 ж. 115-120 б.
3. Пассов Е.И. Коммуникативный метод обучения иноязычному говорению,2-е изд. – М.: Просвещение, 1991. – 116 б.
Нурманова Венера Алгабековна
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты,
Инновациялық технологиялар және ғылыми жаратылыстану
пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.магистрі