Home » Айтарым бар » ҮНІ ӘЛІ ТҰР ҚҰЛАҒЫМДА

ҮНІ ӘЛІ ТҰР ҚҰЛАҒЫМДА

Киіз үйдің төрінде бір топ ауыл ақсақалдары жамбастай жайғасып, баппен қымыз  ішіп отыр екен. Әкем дастарқан шетінде қымыз құйып отыр. Ол мені ымдап шақырды да, құлағыма: «Сен немене, аталарыңа сәлем беруді ұмытпа дегенім қайда!», — деп сыбырлады. Мен қатты қызарақтап, үйден атып шықтым. Сыртта біраз тұрдым да, нық басып үйге қайта кірдім. Көпшілікке қол қусырып тұрып: «Ассялам алейкум, аталар» деп әр сөзімді қадап-қадап айттым. Бұған әрине бәрі күлісіп жатыр. Әйткенмен,  мені араз етіп алмау үшін бәрі де бір ауыздан: «Әлейкүм салам!» десті. Сонан соң әрқайсысы маңдайымнан сипап мақтады. Жақсы сөзге мәз болып, мен әкемнің тізесін ала жайғастым. Ол басымнан сипап отырып: «Жарайсың, балам! Үйге кіргенде әрқашан үлкендерге сәлем беруді ұмытпа. Әдепті бала сүйтеді» дейтін.

Әкесі Момынқұлдан осындай тәрбие алып өскен бала бүгінде елдің баласы, ұлттың баласы. Ол кейін өзі де әке болып, баласын өсиет айтты. Оны нақ осы өсиеті маған ерекше ұнайды, ол: «ХАЛЫҚТЫҢ ЖОЛЫМЕН ЖҮРСЕҢ, ЕШҚАШАН АДАСПАЙСЫҢ. ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ БОЛСАҢ, ЕШҚАШАН ЖАЛҒЫЗСЫРАМАЙСЫҢ» деген сөзі еді.

Бүгін Момынқұлдың беліне біткен батыр баланы Рәзия анамыздың қалың қазаққа сыйлаған күні.  Иә, бүгін Бауыржан Момышұлының туған күні.

Үш жасқа толар-толмас шағындда анасы Рәзиядан айырылған бала Баукең әңжесінің бауырында тәрбиеленді. Қызтумас кейуана оны аялы алақанында өсірді. Ол өзінің осы шамшырағын еске алғанда былай дейді: «Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері, не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмаса деп қорқамын. Ал менің кәрі апам Қызтумас маған ертекті көп айтатын. Арада неше заман өтті, Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үні әлі тұр құлағымда».

Міне, осындай тағылым, тәрбие, өнеге алып өскен баладан ғана Баукеңдей батырлар қалыптасады. Қазақтың дәл бүгініне «Бауыржандар» керек. Аса керек. Бәлкім, бір перзентханадан оның да үні шыққан шығар. Мүмкін арамызда жүрген де болар. Лайым солай болғай!

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.