Home » Білім және тұлға » Үміткердей ұстаздан үміт мол

Үміткердей ұстаздан үміт мол

Бүгінгі жас маман – ертеңгі білікті ұстаз. Осындай талапты, ізденімпаз, еңбекқор маман Үміткер Орынғалиевті шәкірттері мақтан тұтса, әріптестері жасының кішілігіне қарамай құрметтейді.

Батыс Қазақстан облысынан шалғай жатқан ауылдарда еңбек жолын бастап, екі-үш жылдың ішінде өңірдің білім саласына өзіндік алғашқы қолтаңбасын қалдырып үлгерген Үміткер Жұмакелдіұлы – Қазталов ауданына қарасты Көктерек орта жалпы білім беретін мектебінің 2012 жылғы үздік шәкірттерінің бірі. Он бір жылдықты тәмамдағаннан кейін Ж.Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжіне оқуға түскен кейіпкеріміз 2015 жылы оқу орнынан «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын алып шыққан.

Қызығы мен қиындығы мол мұғалімдік мамандыққа тыңнан түрен салған Үміткер сол жылы Қазталов ауданына қарасты Әбіш негізгі мектебінен еңбек жолын бастаса, 2017 жылы осы аудандағы Сатыбалды негізгі жалпы білім беретін мектебіне жұмысқа қабылданыпты. Шалғайдағы кішкентай ғана ауылдардағы мектептер – білім мен мәдениеттің ошағы іспетті. Себебі, бала да, ұстаз да, ата-ана да сол білім ұяларының тынысына етене араласып, бірі – білім нәрімен сусындаса, бірі – шәкірт тәрбиелеп, ал бірі – мұндағы іс-шаралардың куәсі болып жүр.

Осы уақыттың ішінде Үміткер Жұмакелдіұлы өзін жақсы қырынан көрсетіп, оқушыларды білімге құштарландырып, мектепішілік игі жобаларды жүзеге асырып келеді. Жас ұстаздың жеткен жетістіктері де баршылық. Аудандық білім беру бөлімінің, тәрбие жұмыстар орталығының, «Қазақ таланттары» шығармашылық дамыту орталығының Алғыс хаттарымен, облыстық «Самал» газетінің Құрмет грамотасымен марапатталыпты. Әр айда Сатыбалды негізгі ЖББ мектебінде «Ұстаз жолы» шығармашылық жобасын ұйымдастырып, тәжірибелі аға буын әріптестерін қонақ ретінде шақырып, олардың мерейін арттырып келеді.

– Бұл мамандықты таңдауыма мектепте сабақ берген Гүлмайра Өтепқызы, Айдана Тельманқызы, Үміт Бердешқызы, Орынша Сәбитқызы, Гүлнар Нұрымқызы секілді ұстаздарымның ықпалы көп болды. Әрбір сабақтары қызықты өтетін, ұл-қыздарды білім нәрімен сусындатқан жандардың арқасында бүгінгідей дәрежеге жеттім. Әлі де тынбай еңбектенетін боламын, – деген кейіпкеріміз қазір олармен әріптес ретінде шығармашылық байланыста екенін жеткізді.

Үміткердің бойында тілшілік қабілеті де бар екен. Алтыншы сыныптан бастап қолына қалам алған оның түрлі тақырыптағы мақалалары газет-журналдарда жарияланып келген. «Әсем қала – Астана» атты алғашқы тырнақалды туындысы Қазталов аудандық «Ауыл айнасы» газетінде жарияланғаны да күні кешегідей көз алдында.

Сабақтан бос уақытында балаларды шығармашылыққа баулитын Үміткер Жұмакелдіұлы «Қадыртану» үйірмесін ашып, соның нәтижесінде шәкірттері шығармашылық байқауларда топ жарып жүр. Наргиз Мақпозова, Жанерке Фазылова, Ақбота Қапиет, Айтжан Салауат, Зейнеп Шабхат сынды үлгілі ұл-қыздар көркем сөз жанры бойынша республикалық байқау жүлдегерлері атанған. Ал Қарақат Самигуллина, Ұлжан Сансызбаева, Ақжүніс Жасталапова – республикалық шығарма-байқаулардың жеңімпаздары.

Әріптестері де Үміткер Жұмагелдіұлын жасы кіші болса да, болашағы зор жас маман ретінде құрметтейді. «Ұстаздық жолға өз таңдауымен, бұл істің жауапкершілігі мен салмағын сезініп келген, өзіне де, шәкірттеріне де талап қоя біледі» дейді әріптестері. Айтуларынша, алдына мақсат қоя білетін Үміткердің оған қол жеткізу жолында талмай еңбектеніп, ізденетіні тағы бар. Жаңалыққа жаны құмар жас маман оқушыларды ғана емес, әріптестерін де жетістіктерге, жеңістерге жетелеп жүреді екен.

Қазіргі кезде кеңінен тараған әлеуметтік желілерде де Үміткер Орынғалиевтің белсенділігі жоғары. Ол әлеуметтік желіні өз пайдасына жаратып, ауыл мектебіндегі жаңалықтармен, шығармашылық еңбегіндегі жетістіктерімен бөлісіп отырады. Аудан немесе облыс орталығына білім сайыстарына алып баратын шәкірттерімен бірге музей, театр немесе өзге де мәдени мекемелерге саяхат жасауды да ұмытпайды.

Жас ұрпаққа білім беріп қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін шыңдауға, рухани дүниелерді бойларына сіңіруге еңбек етіп жүрген Үміткердей үздік маманның болашағынан үміт мол.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы»,
Орал

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.