Қ.Р Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынған болатын.Осыған орай, Алматы қаласы №126 мамандандырылған лицейде «Жастар жылын» қолдау мақсатында жас ұрпаққа айтары бар Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қоғам қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының проректоры, «Smart» өнер мектебінің директоры , Қазақ эстрадасынан ойып тұрып орын алған айтулы топ Муз АРТ тобының әншісі, Сәкен Қордабайұлы Майғазиевпен кездесу өтті. Кездесудің мақсаты — өскелең ұрпаққа ұлттық дәстүрді ұлықтау. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, кішіге ізгілік көрсету.
Кеш екі бөлімнен тұрды. Бірінші әнші репертуарынан жас өнерпаздар әндер орындады, екінші, дәстүрлі сұрақтар қойылды.Оқушылар әншіден «Өнер жолына қалай келгенін? Ұлттық рухта ұлт тәрбиелеудегі ұстанымыңыз қандай? Қазақ эстрадасында жастар еліктейтін үлгілі топтар болса» деген сияқты сұрақтардың мазалайтынын білдірді.
Сәкен ағасына деген жүрек жарды ізгі ниеттерін оқушылар өлең жолдары арқылы білдірді.
Сәкен аға!
Кім? Десең әр ісіне шебер аға!
Айтар ем ол Майғазиев Сәкен аға.
Әндері құлақ құрышын қандырады.
Шырқаса МузАРТ пен мейлі жеке дара.
Тілегін береді Алла оқығанға,
Еңбектеніп, білімді тоқығанға.
Сенбегендер халайық бері қара!
Оған дәлел мінекей Сәкен аға.
Арманым әнші болу жақын ара,
Қолдаса мені халқым әрі Алла.
Біліміммен жетеміз-ау өзіңіздей,
Милизмді жеткізген шыңдарына, — деп 8-сынып оқушысы Таңатарова Ақерке Сәкен ағасын көріп, өз жүрегінен шыққан өлең жолдарымен Сәкен ағасының батасын алды.
Сәкен әнші күллі әлемге әйгілі, әрі өз елінің патриоты болатын ұрпақты өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле деген тамаша өнегелі сөздермен бастап, ұлттық құндылықтардың халықтың өмірінде алатын орны ерекше екенін айтты. Оқушылар осындай ұлағатты сөз айтатын үлкендердің мағыналы сөзіне сусағандарын байқатты. Кездесу кеші сондай әсерлі болды. Қонақ ретінде Педагогика, психология ғылымдарының докторы, академик, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Күләш Оразбекова қатысты.
Педагог ғалым «Жас бала жас — шыбық, жас күйінде қай түрде иіп тастасаң, өскенде сол иілген күйінде қатып қалмақ» — деген ақын М.Жұмабаевтың сөзін мысалға келтіре отырып, бүгінгі жас ұрпақ ұлттық салт-дәстүрді, тілі мен әдебиетін, музыкасын, тарихын білуі міндетті деп әнші Сәкеннің ойын сабақтай түсті.