Әрбір халықтың болашағы бүгіннен басталады, ал бүгінгі күн — өткеніңді бағамдап, ертеңіңе бағдар жасау. Қазақ деген ұлы халықтың тектілігі сондай – үлкеннің алдынан кесе-көлденең өту, сөзге тоқтамау, қарты мен жетімін жылату, т.с.с. жағымсыз іс-әрекеттер болған емес. Бұл – халқымыздың жай ғана «Дала мектебінің» жемісі. Ал қазіргі таңда ғылым мен техника шарықтаған сайын адамзат баласының көз көріп, құлақ естімеген рухани азғындауы белең алуда. Ақпараттандыру жүйесі шапшаңдаған сайын қылмыстың түрлері бара-бара күрделеніп, оның шырмауына түскендердің жасы күн өткен сайын «жасарып барады», үлкеннен иба, кішіден әдеп кетті. Яғни, қазақ қоғамы үлкен дертке ұшырады. Осындай қазақтың басына келген зауалмен күресу мақсатында қаламыздағы іргелі білім шаңырақтарының бірі де бірегейі болып саналатын №25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназиясында бастауыш ардагерлер ұйымының жұмыс жасап келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды. 2005 жылы құрылған бұл ұйымның алғашқы төрағасы болып С.Тасыбекова, 2009 жылдан бастап Г.Жұбаева, ал 2016 жылдан бастап бұл жұмысты Д.Кабдушева атқарып келеді. Ұйымда барлығы 56 ардагер бар.
Аталмыш ұйым әр жылға арналған жоспар негізінде жұмыс жасайды. Бұл жұмыс жоспары Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жыл сайынғы жолдаулары мен тапсырмаларына орай мектеп-гимназия директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары және кәсіподақ комитетінің жылдық жоспарымен, Еңбекші аудандық ардагерлер кеңесінің жоспарымен сәйкестендіріле жасалады. Мектептің бастауыш ардагерлер ұйымы әр оқу жылы Конституция күні, Білім күні, Ұстаздар мерекесі, 8 наурыз Аналар мерекесі, Наурыз мерекесі, Қазақстан қарулы күштері, Жеңіс мерекесі, Соңғы қоңырау мереке күндерінің құрметті қонағы болып, мектептің әрбір іс-шараларында бас қосып отырады.
Ардагерлер ұйымының басты мақсаты жастарды еңбекке, отансүйгіштікке, инабаттылыққа, имандылыққа, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, атаның батасын, ананың алғысын алуға баулуды көздейді. Осы мақсатта мектеппен бірлескен іс-шаралар үздіксіз ұйымдастырылуда.
Қажымай еңбек етіп, зейнеткерлік жасқа жеткен ұстаздарын өзі сабақ берген шәкірттерін шақыра отырып, құрметті демалысқа шығарып салу рәсімі мектептің дәстүрлі іс-шарасына айналған. Сонымен қатар әр жылғы көктем мезгілінде Оңтүстіктің киелі мекенінің бірі саналатын Домалақ ана кесенесіне кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен зиярат ету де дәстүрге айналған. Мұндағы мақсат – аға буын өкілдері елдің амандығын, жастардың саналы болуын тілеп, ҰБТ тапсыратын көңілі күпті үміткерлерге дұға етіп, алдағы жарқын күндерге сенім білдіру.
Тағы бір атап өтетін нәрсе, бастауыш ардагерлер ұйымының арнайы ұсыныстар мен тілектерге арналған кітапша бар. Әр жиын, басқосу сайын осы кітапшаға ардагерлер өз ұсыныс-тілектерін қалдыру мүмкіндігі бар. Ең бастысы, үлкендерді ұлықтап үйренген гимназия ұжымы мектептің фойесінде осы білім шаңырағы ашылғаннан бергі еңбек етіп зейнеткерлікке жеткен әрбір ардагерді дәріптеу мақсатында «Ардагерлер бұрышы» жасалынған. Бұл бұрыштың мектеп өмірінің қарбалас сәттеріне жиі атсалысатын ардагер-ұстаздар жүрегіне жылу ұялатары сөзсіз.
«Қаза – ортақ, қайғы – кезек, өлім – хақ» деген ұлы сөзді басшылыққа алатын ардагерлер ұйымы мүшелері тек мектепте өткізілетін іс-шарада ғана бас қоспайды, сонымен бірге денсаулығы сыр беріп, көпшілікпен араласуға мүмкіндігі болмай қалатын ардагерлердің көңілін сұрап, қаржылай көмек көрсетеді, ақырғы сапарға аттанған әріптестермен қоштасып, ағайын-туыстарға жанашыр сөздерін айтып, қайғылы күндерде жанында болуға тырысады. Діни мерекелерде қайтпас сапарға аттанған ата-бабаларды, әріптес-ардагерлерді, әріптес-ұстаздарды, кей жағдайда оқушыларды еске түсіріп, рухына құран бағыштауды ардагерлер ұйымы өздерінің парызы деп санайды. Бір шаңырақ астында талай жыл бір пұшпақтың терісін бірге илеген ардагерлер тек осындай көңілсіз сәттерде ғана емес, қуаныштарын да бірге бөлісуді үрдіске айналдырған.
Қорыта айтқанда, ардагерлер ұйымы жас ұстаздармен өздерінің өмірлік тәжірибелерін бөлісуден ешқашан жалықпақ емес, мектеппен қарым-қатынасы бұдан әрі де тығыз болатынына, ақтық демі қалғанша әрбір қадамына ізгілік нұрын шашатынына сенімдімін. Бүкіл саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған, жел бесіктен жер бесікке дейінгі өмір жолын даналық дәнін себуде мамандығына адалдық таныта білген ардагер-ұстаздарымызға мың алғыс!
Айтинбетова Гульнар Сапаралиевна,
Шымкент қаласындағы
№25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі