Ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп жүрген ұстаздарымыз баршылық. Солардың қатарында өзгені де өзін де бақытты етсем деген Целиноград ауданы №2 Қосшы орта мектебінің математика пәні мұғалімі Исмағұлова Нұршат Ермұханқызы да бар. Педагогикалық тәжірибесі мол, заман талабына сай оқытудың жаңа әдістерін меңгерген инновациялық технологияларды қолданатын шығармашылықпен жұмыс істей білетін ұстаз оқушыларына саналы түрде білім беруді өзінің борышы деп санайды. 34 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз ШҚО, Өскемен педагогикалық институтының түлегі. Оқу орнын бітірген соң алғашқы еңбек жолын жолдамамен өзінің туып-өскен жері шығыстың Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылы Д. Ушинский атындағы орта мектебінде ұрпақ тәрбиелеуден бастады. Қызмет жолын Өскемендегі Молодежный шағын ауданындағы қазақ мектебінде, қалалық көпсалалы №3 қазақ мектеп-гимназиясында, №43 қазақ мектеп-гимназиясында,О.Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейінде жалғастырған. 2013 жылы Астана қаласына қоныс аударған соң Астана қалалық №66 мектеп-лицейінде кейіннен аталмыш білім ордасына ауысқан. Ширек ғасырға жуық еңбек өтілі бар білікті ұстаз Нұршат Ермұханқызының ынта-жігері, пәнге деген қызығушылығы бар оқушыларын математика әлеміне жетелеп әкеліп, өз ізбасарлары етіп тәрбиелеп шыққаны « Шәкіртінің ұстазына қарап бой түзегені» деуге әбден лайық. Жақсы ұстаз өз жолын қуатын шәкірт тәрбиелеп, ұстазбен шәкірт арасында үзілмес сабақтастық орнатқанда ғана ұстаздың есімі ұрпақтан ұрпаққа таралары сөзсіз. Себебі кез-келген салада, біліммен ғылымда болсын жетістікке жеткен жан әуелі өзінің алғашқы ұстазын еске алатыны белгілі.. Кейіпкерімізбен сұқбаттасқан аз уақыттың ішінде өз балаларынан қарағанда шәкірттерінің есімін жиі қайталады. Ал ұстаздың өз мамандығына деген сүйіспеншілігі қаншама жылғы еңбегінің жемісі, шәкірттерінің жеңісінен көрініп тұрды «Математика сабақтарында жаңа технологияларды қолдана отырып, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру» тақырыбындағы жеке шығармашылық кітабы — жаңа технологияларды қолдана отырып, математика әлеміне оқушыларды жетелеу, еркін ойлауға дағдыландыру, осы сабаққа деген қызығушылықтарын ояту, функционалдық сауаттылығын арттыру, логикалық есептер арқылы мағынасын түсіне отырып, есептеу барысында қолдануға дағдыландыру, ауызша орындау, есептеу мәдениетін қалыптастыруды мақсат еткен басылым. Ұзақ жылғы қызмет жолында халықаралық, республикалық, облыстық түрлі олимпиадалық, ғылыми жобалар, конкурстардан шәкірттері ешқашан жүлдесіз қайтқан емес. Жоғары санатты ұстаз шәкірттерінің бағындырған барлық белестерін атай алмасақ та осыдан үш жыл бұрын республикалық пифагор олимпиадасында 7 сынып оқушысы А.Мұқатова күміс медалға ие болды. Халықаралық «Кенгуру», республикалық «Ақбота» , қалалық « Сәйгүлік», «Жас математика», «Сұлтанғазин олимпиадасы», облыстық «Малахит», қашықтықтан оқыту олимпиадасынан үнемі шәкірттері жүлделі орындардан көрініп келеді. 2012 жылы математикадан 9 сыныпқа арналған әдістемелік құралдың авторы атанды. Ғылыми-практикалық конференцияларда баяндамалар жасап, өзі сабақ берген мектептердегі математиктер бірлестігінің жетекшісі сынды жауапты қызметтерді қоса атқарып келеді. Әріптестері ортасында сабырлы, ақкөңіл ашық-жарқын мінезімен құрметке ие болған ұстаз өзінен кейінгі жастарға ақыл кеңесін аямайтын алдыңғы аға буын өкілдерінің бірі. Тоқыма тоқу, поэзия оқуды ермек ететін ұстаздың жаны шығармашылыққа өте бейім. Шырайлы шығыстан қанаттанып, ұрпақ тәрбиелеу саласында өзіндік орнын қалыптастырып, жастарға үлгі болып жүрген ұстаздың еңбегіне бас иеміз. 4 баласын қанаттыға қақтырмай ер жеткізген жанның аналық ақ арманы да орындалып, бүгінде ұл-қызының ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Қалауын таба білген жан сіздей-ақ болар. Ана бақыты мен ұстаздық ұлы жолдағы еңбегіңіз еш кеткен жоқ. Алдағы қызмет жолыңызға да шығармашылық шабыт тілеп, шәкірттерінің тек биіктен көрінер ұстаз мәртебесін тілейміз.
Әлия Ғалымбекқызы,
Білім айнасы, Астана қаласы