Home » Баяндамалар » Үй тапсырмасын кім орындайды?

Үй тапсырмасын кім орындайды?

Білім беру мазмұнын жаңарта оқыту бағдарламасынан күтілетін нәтижеде оқушыны өзін-өзі оқыту субъектісі және тұлғааралық қарым-қатынас субъектісі ретінде тәрбиелеудегі нақты оқу пәнінің қосатын үлесіне басымдық берілген. Оқу бағдарламалары тек пәндік білімге ғана емес, кең ауқымды дағдылардың қалыптасуына бағытталған. Мектеп қабырғасында дайындық сыныбынан бастап қалыптасқан бұл дағды оқушының кейін мектеп бітіргеннен кейінгі өмір сүру кредосына айналмақ. Бұл дағдыларға оқушының сыни тұрғыдан ойлануы, шығармашылық ізденіс, зерттеу, мәселелерді шешу, өз бетімен шешім қабылдау т.б. жатады. Осы аталған іс-әрекеттің бәрін, ойланып қарап отырсақ, әр тұлғаның жеке өзі жүзеге асырады. Сонда мектепті бітірген оқушы ешкімге жалтақтамайтын, өмірде кездескен қиыншылықтардан шыға білетін, туындаған мәселелерді шеше білетін, сәтсіздіктердің өзінен сәттіліктерге апарар жолдарды айқындап, таба алатын құзыретті тұлға болу керек.

Ол алдынан шыққан кедергіні не тікелей жарып шығатын, не басқа жолдармен жеңе алатындай жеңімпаз, жасампаз болу керек. Енді ойланып қарайықшы. Біз дәл осындай ұрпақ дайындап жатырмыз ба? Өкінішке орай, жоқ. Керісінше, біздің баламыз қазір «дайын асқа тік қасық». Пікірімді дәлелдейін: үйде өз бетімен сабаққа дайындалатын бала жоқтың қасы – оның орнына ата-ана оқиды (жан-жаққа телефон соғады, сұрайды, дайын жауапты жазып береді) немесе қасында қадағалап, ата-ана баланы шекесінен нұқып отырып, оқытады. Бала жазатын шығарманы ата-ана жазады. Тест сұрақтарының жауабын ата-ана іздейді. Бұрындары ата-ана балаға 1-сыныпта ғана көмектесетін. Ал қазір 11-сыныпқа дейін жоғарыда айтылған келеңсіздік орын алған. Бұндай жағдайға қалай жеттік? Алдымен, өзім педагог болғандықтан, қатені ұстаздардан іздейін. Себебі бірінші өзім дұрыс болуым керек қой. Балаға ұстаз «ізден, өзің тап, өзің жаз» деген сөзді айтпайды. Керісінше, ата-аналарға «балаңызды оқытыңыз» деп тапсырма береді (дұрысы, «балаңыз сабақты өзі орындасын, Сіз орындап бермеңіз» деу керек еді). Мұғалім үшін оқушы тапсырманы орындап келсе, болды. Сол маңызды. Шын мәнінде, керемет жазбаса да, баланың өзі жазғаны, есепті жартылай болса да баланың өзі шығарғаны тиімді емес пе? Біз соның маңызды, тиімді, пайдалы екенін үнемі бала санасына жеткізіп отырмаймыз ба? Сабаққа келгесін баланың тоқтаған жерін өзінен сұрамаймыз ба? Мысалы:

— Асан, есебіңді қай жерге дейін шығардың?

— Мына жерге дейін.

— Одан әрі неге шығара алмадың?

— Мына амалдан кейінгі қалай болатынын білмедім…

— Есептің осы жеріне келгенде неге тоқтағаныңды білесің бе?

— …

Бала нені білмейтіндігі туралы ойланбай келді ме, енді ойланатын болады. Яғни әлі жетпеген нәрсені баланың өзі анықтап (метатаным: мен мынаны білмейді екенмін), демек, «мен мынаны білуім керек» деп, анықталған проблеманы шешудің жолын, дәлірек айтқанда, тиімді жолын іздейді. Рефлексия жүзеге асырылады.

Ұлы Абай «Білімді болу деген сөз – белгісіз нәрсені ашу қабілетіне ие болу деген сөз, білімді адам көп нәрсені өзі аша алады» (32-қара сөзі) деген екен. Өзінің орнына ата-анасы сабақ оқып жүрген бала қандай нәрсені аша алады?

Енді жоғарыда мысалға алынған оқушы мен мұғалім арасындағы қысқа ғана диалог қандай нәтижеге жеткізеді? Соны санамалап көрейік:

  1. Бала еркіндікке үйренеді: ойын ашық айта алады, өз проблемасын өзі айқындайды және оны жасырмай мұғалімге айта алады, келе-келе бала сол проблеманы өзі шешуге жұмыстанып үйренеді. Бала мақсатына жетеді. (балаға ол жағдайды мұғалім жасап отыру керек).
  2. Мұғалім баланың да, өзінің де проблемасын айқындайды және сол проблемадан шығудың жолын іздейді.
  3. Бала өз бетімен жұмыс жасайды. Себебі мұғалімі баланың өзі жасаған жұмысын жоғары бағалайды.
  4. Үйде балаға сабақ оқытам немесе бала үшін сабақ оқимын деп ата-ана шаршамайды.
  5. Бала дұрыс оқи алмағаны үшін, сабақты оқығысы келмегені үшін ата-анасынан жазалау алмайды. Баланың жүйкесіне салмақ түспейді.

Білім беру мазмұнын жаңарта оқыту балаларға үй тапсырмасын аз беруді немесе тіпті бермеуді талап етеді. Бұған айтар ұстаздардың өз уәжі бар: сыныпта үлгермейміз. Рас, үлгермейсіз. Бірақ сіз сабақта көп жаттығу жоспарламаңыз. 1-2 ғана жаттығу жоспарлап, сол азғантай жаттығу жұмысы арқылы балаға ойлану, іздену, қимыл-қозғалыс, қолмен жұмыс жасату т.б. өте көп жұмыстар жасата аласыз. Түсініктірек айтқанда, неғұрлым аз жаттығу орындалса, сабағыңыз соғұрлым мазмұнды, терең мәнді болып өтеді.

Үй тапсырмасы аз берілсе немесе тіпті берілмесе, бала бос уақытында өзіне ұнайтын басқа жұмыстармен айналысады. Мысалы, әдеби кітап, өлең оқиды, түрлі үйірмелерге, спорттық ойындарға қатысады, кроссворд-ребус шешеді, шашка-шахмат ойнайды. Қол өнерімен айналысады, шеберханаларда болады. Үй шаруасына көмектеседі, кішкентай бөпесін бағады. Баланың көңілін үйде отырып алып, қалта телефонмен ойнағаннан басқа пайдалы іс-әрекетке бұру жолдарын ата-ана іздеп табу керек.

Жоғарыда айтылған «Үй шаруасына көмектеседі, кішкентай бөпесін бағады» сөйлеміне ерекше мән беруіміз керек. Себебі бұл өте маңызды: өмір тәжірибесінде сабақты жақсы оқитын балалардың жүрегінде (бәрі бірдей емес, әрине) мейірімділік сезімі кемшіндеу болатындығы байқалып қалып жүр. Үйге келіп алып, «сабақ оқимын» деп, ата-анасына көмектеспей, бауырларына қарамай дағдыланған бала өсіп, азамат болғаннан соң да сол ісін жалғастырады. Тек қана өзін, өзінің мансабын ойлайды. Ата-анасына, бауырларына, туған-тумаласқа көп көңіл бөлмейтін болады. Ал бізге, керісінше, адамгершілік қасиеті жоғары, иман жүзді, мейірімді, үлкенге ізет көрсетіп, кішіге қамқор бола алатын нағыз азамат керек емес пе? Қарап отырсақ, білім мен тәрбиені ажырату мүмкін емес екен. Сондықтан құрметті ата-аналар, ұстаздар! Баламыз өмір сүруге бейімделіп, мектепте алған білімін практикада пайдалана алатындай құзыретті тұлға болып өссін десек, оның өз бетімен ізденуіне, өз бетімен жұмыс жасауына, жаны қалаған нәрсесімен айналысуына мүмкіндік беруіміз керек.

А.Т. ДҮЙСЕНБАЕВА,

«Өрлеу» БАҰО» АҚФ

Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ

директорының оқу-әдістемелік жұмыстар

жөніндегі орынбасары

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.