«Жай мұғалім хабарлайды,
Жақсы мұғалім түсіндіреді.
Керемет мұғалім көрсетеді,
Ұлы мұғалім шабыттандырады» — деп ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд айтқандай, біздің мектебімізде де жас мамандарға үйретері көп ұстаздар бар. Сондай ұстаздардың бірі І (ілгері) деңгей курсын аяқтаған орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Умарбаева Гүлнар Оңғарқызы. Өз ісін терең меңгеріп, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ұстаз күнделікті сабақтарын жаңа технология бойынша түрлендіріп өткізеді. Мектеп мұғалімдеріне «Жаңа технология бойынша әдіс-тәсілдерді үйрету» тақырыбындағы мастер-класс сабағы жоғары дәрежеде өтті. Сабақ барысында мұғалімдер қауымына жаңа әдіс-тәсілдердің түрлері туралы түсінік қалыптастырып, оқушылардың білім сапасын жоғары нәтижеге жеткізу мақсатында жаңа тәсілдердің тиімділігін анықтауды үйретті. Мұғалімдерді топқа бөліп, көптеген жұмыс түрлерін жасатты. «Маған айтсаң ұмытып қаламын, көрсетсең есімде қалады, өзіме істетсең – үйреніп аламын»,-демекші, мұғалімдер жаңа технология бойынша көптеген әдіс-тәсілдерді үйреніп, шабыттанып, риза болды.
Ұстаздық салада 20 жыл үздіксіз еңбек еткен Гүлнар Оңғарқызына мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілей отырып, әлі талай жас ұстаздарға жол көрсетіп, білгенін үйрететін ақылшы Ұстаз, ұжым мақтанышы болып жүре берсін демекпін.
Башимова Гүлшат
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы,
Мұнайшы селосы, №5 орта мектептің
математика пәнінің мұғалімі