«Жақсының жақсылығын айт» жобасы бойынша
«Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек, себебі бала айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді». Ж. Аймауытов айтқан бұл көрікті ой қазір сөз еткелі отырған жанды толық сипаттайтындай. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Мұстафаева Венера Ахметқызының берген сұхбатында жүрек жарды сөз сарынының бірдей болулары кейіпкеріміздің бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарайтынын бірден байқатады. Тіпті кездесу барысында әңгімені атқарып жатқан қызметінің нәтижелерін не өмірбаянын емес, бірден балалардың тәтті қылықтары мен былдырлап сөйлейтін шақтарын аса құлшыныспен айтудан бастады. Мұнша әсерлі басталған сұхбатымыздан Венера Ахметқызының өз маманының жанашыры, жұмысын жүрегімен қабылдайтын біліктісі десек артық болмас. Мұстафаева Венера Ахметқызы 1971 жылы Алматы облысы Шелек ауылында дүниеге келген. «Ұстаздан шәкірт озар» деуімізге Венера Ахметқызының мұндай тәрбиелілігі ең бірінші ата-анадан дарыса, өмір жолында бағдарына жол сілтеген – Қаскелең педагогикалық училишесі «Мектепке дейінгі тәрбие» мамандығы бойынша оқу бітіргені дәлел. Бұл аздық десеңіз, талмас талабының жалғасы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Педагогика және психология» мамандығын меңгерген. Бүгінде Астана қаласы №56 «Береке» балабақшасының әдіскері. Аталмыш балабақшаның тарихы 2010 жылдан бастау алса, Венера Ахметқызының да бүгінге дейінгі еңбек жолы осында жалғасуда. Жеті жылдан артық еңбегі сіңген балабақшаның Білім басқармасынан алған Алғыс хатымен «Мектепке дейінгі үздік балабақша – 2016» атанулары да сондықтан болар. Бұған дәлел, өткен жылдан балабақшаның меңгерушісі болып тағайындалған Алипбаева Гүлсім Әзімжанқызы: «Мен басқарып отырған балабақша ұйымының ұжымына еңбектік-психологиялық тәжірибеммен бөлісе отырып, бүгінге дейін көріп-біліп отырған балабақша жұмыстары, оның ішінде бала тәрбиесіне қатысты маңызды да ерекше әдістерді қолданып, әрбір тәрбиешілермен жан-жақты тығыз қарым-қатынас жұмысқа жұмылдырып, жаманын жасырып, жақсылығын асырып жүрген, тәрбиешіліктен әдіскерге дейін жұмыстардың қыр-сырын білетін білімді де білікті маман ретінде Венера Ахметқызын айтқым келеді. Бұл кісінің балабақшаға сіңірген еңбегі ұшан теңіз».
«Білгенін бір тоғыз, білмегенін тоқсан тоғыз» демекші, үлгілі әдіскердің тәрбиешілерге бала тәрбиелеуде өз тәжірибесімен бөліскені жөн-ақ. Себебі, жасыратыны жоқ, қазіргі жас мамандарымыздың арасында жұмыстарына салғырт қарайтындары жоқ емес. Сондықтан бүгінгі кейіпкеріміздей үлгілі үлкендеріміз көп болсын.
Ал өткен еңбектерін бағалайтын, жеткен жетістіктерін саралайтын болсақ, Венера Ахметқызының түрлі басқармалардан алған алғыс хат, диплом, мадақтама, білімінің шыңдалуына байланысты сертификат, тіпті мемлекетаралық тәжірибе жинақтау куәліктерінің болуы да тағы бір дәлел.
Жаңа жоспар, жаңа әдіс пен ізденіс қашан да керек. Венера Ахметқызының болашаққа ұмтылысын білер болсақ: «Егер мен алдағы уақытта балабақша меңгерушісі болсам, балабақша ережелері мен қағидаларына сәйкес балаларды тарихи, әдеби, мәдени құндылықтарымызды насихаттай отырып, балабақшаны ертегі әлеміне айналдырар едім. Мысалы, балабақша есігіне кірген сәттен тәрбиелік мәні бар ертегілерімізді балабақша деңгейінде безендірсек, балалар көзбен көріп, қолмен ұстаса мән-мағынасын түсінулеріне оңай болар еді. Бүлдіршіндер ақ парақ сияқты, осы бастан қалай жол көрсетсең, сол қалыппен өсіп өнеді. Сондықтан жақсы дүниелерді дұрыс жеткізер болсақ нұр үстіне нұр. Алдағы жоспар осы бастамамды дамытсам деген ойым бар».
Тәрбие – адам тағдырын шешетін ұлы іс. В.Г. Белинский. Еліміздің болашағы – ұрпағымыз. Бала – ата-ана өмірінің жалғасы. Бала тәрбиесі – қызығы мен қиыншылығы бірге жүретін күрделі процесс. Сондықтан өсіріп отырған ұрпағымыздың жан-жақты дамуына қолайлы қауіпсіз жағдай жасауымыз керек. Ол үшін бүгінгі кейіпкеріміздей жұмысына жанашыр мамандар көп болсын деген шынайы тілек бар.
Жансая Мұстафина
Білім айнасы
Астана қаласы