Home » Жаңалықтар » Үздік тарихшы-2019

Үздік тарихшы-2019

Ақпан айының 28 жұлдызында Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Үздік тарихшы-2019» байқауының соңғы кезеңі өткізілді. Қарағанды облысының білім басқармасы, білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМу тарих факультеті, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен бұл шара биыл 3 жыл қатарынан өткізіліп отыр. Екі күнге созылған шараның негізгі мақсаты: қатысушыларымыздың инновациялық тәжірибесіне баға беру, оқушыларға білім беруде және тәрбиелеудегі пәндік әдістемені зерделеу, үздік ұстазды анықтау.

«Үздік тарихшы-2019» облыстық байқауына қатысу үшін ең әуелі аудандық, қалалық деңгейде ұйымдастырған додадан үздік деп танылған ұстаздар осы шараға жолдама алатыны белгілі. Аудандық, қалалық білім бөлімдері мектеп, коледж, облыстық мамандандырылған мектеп интернаттары ұстаздарымен қатар барлығы 43 ұзтазға облыстық кезеңге жолдама берген-ді. Қарағанды облысының білім басқармасы шараның ережесі бойынша осы жұмыстардың ішінен үздік деп жеті қатысушының есімін жария етіп, шақырту жіберген болатын.

Үш кезеңнен тұратын бұл сайыстың  алғашқы кезеңінде әр ұстаз өздеріне «Визит» карточкасын жасауы керек. Яғни, өзінің отбасынан бастап, ұстаздық жолына дейінгі барлық өмірін қамтып шығуы шарт. Бас-аяғы үш минуттың ішінде қазіргі заман талабына сүйене отырып өзін таныстырып шығуы ұстаздың бұл да бір шеберлігі! – деп әділ қазы алқалары өз бағаларын берген болатын. Екінші кезеңде өздерінің жұмыстарын әділ қазы алқалары мен ұстаздарға кеңінен таныстыру мүмкіндігін иеленсе, үшінді кезеңінде «TEDx» форматында «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында бөлінген бағыт бойынша өз ойларын білдіріп, шешендік өнерлерін ортаға салды.

Әділ қазы алқаларының құрамында Қарағанды облысының білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директорының орынбасары Абдикерова Бакитгуль Химальдиновна, Тарих ғылымдарының кандидаты, археология және этнология Отан тарихы кафедрасының доценті Бейсенбекова Нурсахан Ахметовна, тарих ғылымдарының кандиданты, археология және этнология Отан тарихы кафедрасының доценті Шотбакова Ляззат Касымовна, Қарағанды облысының білім басқармасы жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі Қонтаев Сәбит Сейітұлы және тарих ғылымдарының кандидаты, археология және этнология кафедрасының доценті Амрина Минара Сапаровна әділ бағаларын көрсете білді.

«Бірінен-бірі өткен тамаша жазылған жұмыстар өте көп. Сайыстың ережесі бойынша қаншама жұмыстардың ішінен тек жетеуін таңдап алу біз үшін өте қиынға соқты. Біз TEDx форматында тақырыпты таңдаған кезде «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасының аясында өз ойын дұрыс жеткізудегі шеберлігін, өзектілігін таба алады ма?! – деген ұстаздарға тапсырма берген болатынбыз. Бүгін мінікей, ұстаздарымыз осы бағдарлама бойынша ойларын еркін жеткізіп, жоғарғы деңгейде өздерін көрсете білді. Түпкір-түпкірден 250 тарих пәнінің мұғалімдері қатысқан бұл байқаудың ерекшелігі – үлкен форум аясында өткізіліп жатқандығында. Осы облыстық байқауда жеңіске жеткен ұстазымыз келешекте Республикалық деңгейде өткізілетін байқауларға қатысуға жолдама алады» — дейді Қарағанды облысының білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директорының орынбасары Бакитгуль Химальдиновна.

Сонымен қатар астыңғы қабатта «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы бағытында  көрме ұйымдастырылды. Бұл көрмедегі керемет бұйымдарды ұстаздар мен мектеп оқушылары өз қолдарымен жасаған туындылары қойылған болатын. Көпшіліктің қызығушылығын тудырған көрмеде ине шаншар орын да болмады. Біреуі әңгімелеп жатса, енді бірі суретке түсіп әлек. Көрмеге ат басын бұрған Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ дың ректоры Едрисов Азамат Тиржанович ұстаздардың жұмысын тамашалап, ізгі тілегін білдірі.

Форумның екінші күні мұғалімдермен практикалық тұрғыда «Ұлы даланың жеті қырына» жеті бағыт бойынша семинар-тренинг өткізілді. Ұстаздарға арнайы макеттердің бөліктері, компьютер ақылы кесектерін дайындап сандық ресурстың қаншалықты оқушылардың бойына жеткізудегі жеңіл түрінің бар екендігі осы семинар-тренинг барысында талқыланды.

Түскі үзілістен кейін арнайы Алматы қаласынан тарих ғылымының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Абжанов Хангелді Махмұтұлы ұстаздарға «Ұлы даланың жеті қыры», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында семинар-тренинг өткізіп кеңінен әңгімеледі. Сонымен қатар психология ғылымының кандидаты, PhD докторы, педагогикалық білім берудің Халықаралық ғылым академиясы корреспондентінің мүшесі Бейсенбаев Ғани Бектайұлы мұғалімдерге психологиялық тұрғыда  бағдарлама аясында оқушылармен бірге команда құрып, қалай жүзеге асыру керек екендігі жайлы ұстаздармен жұмыс істеді. «Тұлғатану» ҒЗО директоры Бейсенбекова Нұрсахан Ахметовна «Ұлы даланың жеті қырындағы» тарихи тұлғалар жөнінде дәріс оқыды.

Екі күндік сайыс нәтижелерінің балдарын есептеп, әділ қазы алқалары мыңнан оза шауып, облыстық кезеңге өткен ұстаздарымызға жүлдені бәріне бірдей үйлестіріп берді. Жарыс қорытындысы бойынша  Жаңаарқа ауданы, №132жалпы білім беретін мектебінің бірінші санатты ұстазы Икенова Инабат Амангельдиновна «Үздік шеберлік сабағы» номинациясының иегері. Қарағанды қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы  №76 мектептің екінші санатты ұстазы Рысбаева Салтанат Касымхановна «Үздік таныстырылым» номинациясының иегері атанды. Балқаш қаласы №2 мектеп-интернатының екінші санатты мұғалімі Жанат Айдос Жанатұлына «Сөз шебері» номинациясын табыстады. Теміртау қаласы №5 Ғ.Мұстафин атындағы ЖББ мектебінің ұстазы жүлделі ІІІ орынға табан тіресе, Жезқазған қаласы №13 ЖББ орта мектептің екінші санатты ұстазы Абдраманова Ляззат Примбетовна ІІ орынды қанжығасына байлап қайтты. Саран қаласындағы №17 мектептің жоғарғы санатты ұстазы Максименко Никита Валерьевич бас жүлдеге бір қадам жетпей І орынды иеленсе, Қарағанды қаласы Жамбыл атындағы ММИ ұстазы бас жүлдені жеңіп алды. Жеңімпаздарды дипломдармен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етілді.  Форумның пленарлық отырысында Қарағанды облысы білім беру басқармасының бастығы Имангалиев Е.Н.,  Тарих ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Абжанов Х.М., Халықаралық «EDTECH-KZ» білім орталығының бас директоры Бейсембаев Г.Б. төбе көрсетіп, жеңімпаздарға жылы лебіздерін білдірді.

 

 

Ербол ЕРБОЛАТ
Қарағанды облысы бойынша Республикалық
«Білім айнасы» газеті мен «bilimainasy.kz» сайтының тілшісі

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.