Home » Жаңалықтар » ҮЗДІК СЫНЫП ЖЕТЕКШІЛЕР САЙЫСЫ

ҮЗДІК СЫНЫП ЖЕТЕКШІЛЕР САЙЫСЫ

Жақында Павлодар ауданының Красноармейка орта жалпы білім беру мектебінде «Рухани  жаңғыру» бағдарламасы аясында және ауданның 90 жылдық мерейтойына орай, аудан мектептері арасында «Ең үздік сынып жетекшісі» атты сайыс өтті. Мақсаты: орта мектептердегі тәрбие берудің деңгейін жақсарту, сынып жетекшінің мәртебесін көтеру. Сайысқа қатысушыларды Павлодар ауданы әкімінің орынбасары Сейтқазина Гүлнар Құсайынқызы құттықтады. Ол осындай іс-шаралардың көптеп өткізіліп жатқанына ризашылығын білдіріп, сәттілік тіледі.

 Сайысқа Павлодар ауданының Шақат, Черноярка, Мичурин, Заңғар, Красноармейка орта мектептерінің және Маралды негізгі мектебінің сынып жетекшілері қатысып, бақтарын сынады. Топтар «Таныстыру», «Мінсіз сынып жетекші» мәзірі, «Педагогикалық шытырман», «Әуенді үй тапсырмасы» атты төрт кезең бойынша өнер көрсетті. Сайыс барысында командалар сахна төрінде: таңғажайып ертегі кейіпкерлері, атақты эстрада әншілері және танымал бағдарлама жүргізушілерінің рөлдерін сомдады. Сондай-ақ, актерлік, шешендік, бишілік өнерлерін де ортаға салды.

Шығармашылық сайыстың қорытындысы шығарылып, Маралды негізгі мектебі ІІІ орынға, Черноярка орта мектебі ІІ орынға, Мичурин орта мектебі І орынға және Красноармейка орта жалпы білім беру мектебі Бас жүлдеге ие болды. Шығармашылығы мен бірегейлігі үшін Заңғар орта мектебі «Эдельвейс» аталымымен, ал Шақат орта мектебі «Ақ желкен» аталымымен марапатталды. Барлық топтар Мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтарды еншіледі. Өнегесі мол іс-шара қатысушылар мен көрермендеріне көтеріңкі көңіл-күй, шығармашылық серпін сыйлады.

Сайыстың өтуіне ұйытқы болған әрі идея берген мектеп директоры Баизбаева Төлеужан Солтанбековнаға қатысушылар атынан зор алғысымызды білдіреміз!

 

Дана МЫРЗАБЕКОВА,
Красноармейка орта жалпы білім беру мектебі
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.