«Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады»
Жүсіп Баласағұни
Қоғамымыздың алға басуы, ізгілікпен татулықтың қайнар көзі мектеп болып табылатыны, даусыз. Әрине «Мектеп» атты кеменің тізгінін мығым ұстау әр адамның қолынан келе бермейді. Әсіресе, қазіргі білім саласындағы үздіксіз өзгерістердің енуін саналы қабылдап, әрекет ету ұстаз қауымынан аса жауапкершілікті қажет етеді. Ал ұстаздың шығармашылық тұрғыдан дамуына ықпал ететін де мектеп басшысы.
Осы орайда мектебіміздің көшбасшысы – Айгүл Көлбайқызы Нұрмағанбетовнаның еселі еңбегін тілге тиек етпей кету мүмкін емес. Ол білім ошағымызда 2008-жылдан басшылық етуде. Осы уақыт аралығында қаншама жетістіктердің орын алуына бірден-бір себепші болған да сол кісі. Осы бір нәзік жанның бойындағы қайрат, жігер, данагөйлік, мәдениеттілік, ізеттілік сарқылмайтын бұлақтай деп айтсам артық болмас. Ол кісінің ұйымдастыру қабілетінің шыңы өз жемісін беруде. Атап айтсақ, ол кісі мектеп басшысы болғаннан бері әр оқу жылының соңында өткізілетін мектеп жетістіктерінің мониторингі бойынша жыл сайын аудан бойынша бірінші орынды иеленуде.
2014-жылы «Тиімді ауыл мектебі»атты облыстық қашықтық байқаудың жеңімпазы атанып, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталса,
2012-жылы ауыл мектептері арасынан «2012 жылы ҰБТ нәтижесі бойынша ең үздік мектептердің ондығында» атты номинацияға қол жеткізді.
Ұлтаралық татулықты насихаттау мақсатында құрылған «Мирас» этномәдени орталығының төрайымы ретіндегі атқарған игілікті істері оң нәтижесін беруде. Сонымен қатар мемлекеттің саясатын дамытуға қосқан үлесі де ұшан — теңіз.
Мектеп оқушылары аудан, облыс, республика, халықаралық көлемде қазақ тілі бойынша өткізілген олимпиадаларда, шығармалар сайысында, оқылымдарда жүлделі орындар алып, мектептің абройын асқақтата түсті.
Үштілділік саясатын қолдаушылардың бірі ретінде де біршама жұмыс түрлерін жүзеге асыруды күн тәртібінен алған емес. Орыс, ағылшын тілдерінен де оқушылар көрсеткіштер танытуда.
Сонымен қатар Ұлттық Бірыңғай тестілеуінде «Алтын белгі» үміткерлері бірнеше жыл қатарында мектеп үмітін ақтауда. Әрбір педагогикалық мәжілістер мен кеңестердегі сөйлеген сөздері шешендікпен өрбіген, мұғалімдерді шығармашылыққа қанаттандыратын ойлы пікірлері қандай керемет! Шәкірт, ұстаз және мектептің шаруашылық қызметкерлерінің әрбіріне жеке тұлға ретінде қабылдап, адами этикеттің сақталуын ту еткен мәдениеттің асыл бейнесі деп біледі әріптестері. Ата-аналармен үнемі тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Содан болар әр ата-ана оған аса құрметпен қарайды.
Мектеп алдындағы гүлзарлардың сән беруі, бақшалардағы көкөністердің өнімділігі де сол кісінің бастауымен жасалатын шаруалар. Ерен еңбегі еленіп, мынадай марапаттарға ие болды.
2012-жылы «Тәуелсіздікке 20 жыл» атты медаль.
Облыстық және республикалық деңгейдегі «Облыстық білім жүйесіндегі шығармашылық еңбегі үшін» атты мадақтау қағазы.
2014-жылы Қазақстан Республикасы Мәслихатының 20 жылдығына арналған Қазақстан Республикасы Парламентінің төрағасының марапат қағазы.
2015-жылы «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» медалі және т.б. Айгүл Көлбайқызы мектеп басшысы қызметімен бірге аудандық депутаттық қызметті бірдей алып жүрген жан-жақты ел сүйер азаматша. Еліне шынайы берілген патриот. Кәсіби шеберлігімен ерекшеленген басшымыз және мектеп ұстаздарының бірлесе шығармашылықпен жүзеге асырған жұмыстары үздік болып танылып , 3 000 000 көлеміндегі сертификатқа ие болды. «Үздік мектеп директоры» атағына лайықты жан — жанұяда да үш баланы тәрбиелеген асыл ана, адал жар. Өз ісіне шынайы берілген, білікті маман иесіне алғысымыз шексіз! Алдағы уақытта еңбегіңіз жана берсін демекпіз!
Испаева Айна Еркебайқызы
Солтүстік Қазақстан облысы,
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан,
«№1 Новоишим орта мектебі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі