Home » Жаңалықтар » «Үздік жас маман-2017»

«Үздік жас маман-2017»

Бала тәрбиесі — бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» — дегенін барлығымыз білеміз. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – мұғалім. Ал мектептегі мұғалім кеше ғана оқуды аяқтаған жас маман баланы қалай тәрбиелейді? Теориялық білімін практика жүзінде іске асыра ала ма?- деген сұрақтар ата-аналарды мазалайды. Бірақ мектептерде жас мамандарға тәжірибелі тәлімгер ұстаздар көмекке келеді.
№10 жалпы орта білім беретін мектебінде жас мамандардың ұйымшылдығын, логикалық ойлау деңгейін дамыту,  тапқырлық, аңғарымдылық, зеректік қасиеттерін байқау, қатысушылардың ситуациялық жағдайлардан шығу мүмкіндігін бағалау, жағымды эмоционалдық қарым-қатынасты нығайту мақсатында «Үздік жас маман-2017» сайысы өткізілді. Сайысты ұйымдастырушы мектептің аға тәлімгері Мусилимова Дана Бөгетбайқызы. Сайыстың алғашқы  сөзін мектеп басшысы Қарлығаш Серікбайқызы алып, жас мамандарға ақ жол тіледі. Сайыс кезеңдерінде бірі логикалық сұрақтарға мүдірмесе, бірі өнерімен таңқалдырды. Тәлімгерлер де өздерінің тәлім алушыларын жігерлендіріп, қошемет танытып отырды. Қазақта «тойдың боларынан, боладысы қызық» демейме, жарыс бір жарым сағаттай уақытқа созылып, жеңімпаздар анықталды. Нәтижесінде, қазылардың бірауыздан келіскен шешімі бойынша  «Үздік жас маман-2017» атағын орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мүсілімғазы Әйгерім Ерболлақызы, тәлімгері Ким Галя Николаевна,  І орын дене тәрбиесі мұғалімі Сейтгалиев Арман Алмасович, тәлімгері Карашинов Батырхан Серикбаевич,  ІІ орын өзін-өзі тану пәні мұғалімі Адильханова Айдана Адильхановна, тәлімгері Жумабекова Жұпар Дүйсебайқызы, ІІІ орынды биология пәні мұғалімі Мұхтарова Мөлдір Маратқызы, тәлімгері Мухаметжанова Раушан Қостанқызы, «Шығармашыл ұстаз» номинациясы  бойынша ағылшын тілі пәні мұғалімі Жагыпарова Салтанат Сандибековна, тәлімгері Жургимбекова Айнур Бериковна, «Өнерлі ұстаз» номинациясын дене тәрбиесі мұғалімі  Мусин Ербол Ғалымжанұлы, тәлімгері Қабажаев Еркін Ержанұлы, «Білімді ұстаз» номинациясын Нургалиева Гүлсая  Білімқызы, тәлімгері Шакирова  Әлия Бақытжанқызы. Ұстаздар диплом және бағалы сыйлықтарға ие болды.
Әрбір жас мұғалімнің жаңаша жұмыс істеп, үнемі ізденісте болуы бүгінгі күннің талабы болса, мектептегі басты тұлға – мұғалім. Жаңа формация мұғалімі – білімнің өзіндік құндылығын түсінетін, жүрегі жаңалық деп соғып тұратын, рефлексияға қабілетті, кәсіби дағдылары дамыған педагогикалық дарын иесі болуы тиіс. Лайым солай болғай!

Батырхан  КАРАШИНОВ
№10 орта мектеп директорының ғылыми-әдістемелік
жұмыстар жөніндегі орынбасары,
Арқалық қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.