Астанада екі айға созылған «Қазақстан – халықаралық аренада» атты педагогтардың шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Тұңғыш Президентінің Музейі ұйымдастырған сайысқа 45 ұстаз қатысып, үздік музейлік сабақтарын ұсынды. Қалалық деңгейдегі конкурстың екінші кезеңіне 24 мұғалімнің сабағы іріктеліп алынса, финалда 6 педагог бақ сынады. Байқауға қатысушылар ел егемендігінің қалыптасуы, даму тарихы, әлеуметтік-саяси реформалау үрдістері, мемлекетіміздің әлемдік қауымдастыққа кірігуі, сондай-ақ, тәуелсіз мемлекет құрудағы Елбасы Н.Назарбаевтың тарихи рөлін ашуға басымдық берген.
Ұйымдастырушылар музей педагогикасы саласындағы озық технологияларды анықтау және қолдау, музейлік-педагогикалық мамандардың біліктілігін арттыру, сонымен бірге, музейлік білім беру арқылы инновациялық тәжірибелермен алмасуға ықпал ету, музей педагогы мамандығының мәртебесін көтеру, талантты педагогтарға қолдау жасау, музейлік білім беру саласындағы әріптестікке, білім мен мәдениеттің кірігуіне ықпал ету байқаудың басты мақсаты болғанын айтады.
— Конкурс екі ай бұрын жарияланып, үздіктер бүгін белгілі болып отыр. Ұстаздардан түрлі тақырыптағы материалдар, музейлік сабақтар келіп түсті. Сабақтарда музей қорынан алынған құнды материалдар қолданылды. Материалдарда Тәуелсіздік жылдарындағы айтулы даталар, тарихи кезеңдер арқау болды. Жалпы, сайыс Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына арналды,-деді музей директорының орынбасары Ботагөз Каипова.
Сонымен, байқаудың бас жүлдесіне №63 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Жанаргүл Жиенбаева лайық деп танылса, І-дәрежелі диплом №65 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Жанар Найманбаеваға берілді. Ал ІІ-орынды №63 «Әсем-Ай» балабақшасының әдіскері Шолпан Қалқабаева алса, ІІІ-орын С.Мәуленов атындағы №37 орта мектебінің мұғалімдері Меруерт Мусатаева мен Ғайния Ахметоваға табысталды. Марапаттау салтанатында үздік музейлік сабақтарын ұсынып, белсенділік танытқан ұстаздарға сертификаттар табысталды. Сонымен бірге, арнайы аталымдармен марапатталғандар да болды. «Халықтар достығын насихаттаудағы шеберлігі үшін» номинациясымен «Қаржы-Академиясы» АҚ колледжінің қоғамдық пәндер оқытушысы Сандуғаш Кенжетаева марапатталса, «Оқушылардың ұшқыр ойлылығы үшін» номинациясы Көлік және коммуникация колледжінің қоғамдық пәндер оқытушысы Баян Ахатаеваға берілді.
— Әлем елдері ең алдымен қазақ елін жаһандық бейбітшілікке қосқан үлкен үлесін бағалайды. Ширек ғасырда егемендігін нықтап, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін еселеген мемлекетіміздің халықаралық аренада өзін мойындата білгеніне ешкім уәж айта алмайды. Әрбір қазақстандық үшін тәуелсіздік – ең қастерлі ұғым. Бұл барлық мерекелердің ішіндегі ең мерейлісі, ең қадірлісі саналады. «Қазақстан – халықаралық аренада» атты педагогтардың шығармашылық байқауы азаттықтың ақ туын желбіреткен ұлыларға, арда азаматтарға, тарих беттерінде есімдері алтын әріппен қалған батырларға тағзым етуден туған идея деп түйдім. Осы байқау ұстаздардың шығармашылығын арттырса, оқушыларға тәуелсіздіктің оңай келмегенін ұғындырды деп білемін, -деді байқау жеңімпазы №63 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Жанаргүл Жиенбаева.
Нұрбай ЕРБОЛАТ
«Білім айнасы»