Мақсаты: Ата-аналарға балаларының құқықтық тәрбиесі жайында толық мағлұмат беру, әр баланың мінез-құлық ерекшеліктеріне сай қоғамда өзін-өзі ұстауы, үлкенге құрмет көрсетуі, құқық бұзбау әрекеттері жөнінде ой бөлісу, өзін-өзі тану арқылы дара тұлға ретінде өзін еріксіз бірқалыпты қалыптастыруға баулу. Жан-жақты дамыған тұлғаны тәрбиелеу жолында құқықтық тәрбиенің маңызын аңғарту.
Түрі: дөңгелек үстел.
Әдісі: түсіндіру, талқылау, пікірлесу, ой бөлісу.
Жоспары:
- «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың міндеті мен бала құқығы» тақырыбында баяндама.
- «Отбасындағы тәрбие» тақырыбында слайд. Пікір алысу, ой бөлісу.
- « Әрқашан бірге, әрқашан көңіл күйде» ата-аналармен тренинг
- «Жанұя» ойыны.
- «Мақалды жалғастыр» ойыны
- «Құқықтық тәрбиеге арналған ойындар» түрлері
- «Бала құқығын қорғайық» ата-аналарға кеңес.
І. Психологтің кіріспе сөзі:
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөзді атамыз бекер айтпаған.Әр адам мемлекеттік заңдарды құрметтеп, ата-бабамыздың тәрбиесін үнемі назарда ұстап отыру тиіс.
«Адам жолында екі түрлі, бір-біріне қарама қарсы ағыстар бар. Біріншісі қаталдыққа жетелесе, екіншісі – мейірімге талпынады»- деген Леккидің сөзінде үлкен мән бар. В. Г. Белинский «Тәрбие- ұлы іс, тәрбие арқылы адам тағдыры шешіледі» десе, Д.И. Менделеев « Тәрбиесіз білім — есуастың қолындағы қылыштай» деген болатын.
Қазір ортамызда «қиын» балалар, жасөспірімдер, ата-анасы көңіл бөлмейтіндер, түрлі тағдырға душар болғандар көп. Біздің мақсатымыз – балаларды жан-жақты тәрбиелеу. Осы мақсатымызды жүзеге асыру жолында көптеген ата-аналармен жұмыс өтуде.
Сонын бірі бүгінгі «Құқықтық тәрбие негізі отбасынан басталады» атты ата-аналарға арналған дөңгелек үстел.
- «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың міндеті мен бала құқығы» тақырыбында баяндама. Педагог-психолог: М.Т. Ибраева
Бала – біздің болашағымыз, балаға жақсы тәрбие беру, дамуына мүмкіндік беру, оларға қуаныш сыйлау және толық құқылы еркін тұлға етіп жетілдіру – біздің міндетіміз.
Ұрпақ тәрбиесіндегі басты мақсат – жан-жақты дамыған тұлғаны тәрбиелеу. Құқықтық тәрбие беру баланың жеке тұлғасын қалыптастырып, олардың бойына жоғары идеялық пен қоғамдық меншікке қатынасты көзқарасты дарытудың асыл міндеттерін атқарады. Заңдарға терең құрмет сезімін қалыптастыру, оларды сөзсіз сақтау және орындау – ұзақ уақыт тәрбие жұмысын жүргізудің жемісі.
Құқықтық тәрбие негізі отбасынан басталады. Балалардың тәртіп бұзуының бір жағы отбасында жатыр. Адамның құқықтық мәдениеті күрделі.
Құқықтық тәрбие – тура жолмен жүруге үйрететін әдептілік әдістеріне сүйенеді. Адам мұндай жағдайда өзінің ар-ұятына жүгінеді. Бала өзінің айналасындағы адамдарды, әлеуметтік игіліктерді қате бағалауы мүмкін. Мұның өзі оның көбінесе құқықтық тәрбиенің бұзылуына әкеп соғады.
ХХІ ғасырдың лайықты азаматы етіп қалыптастыру педагогтар мен ата – аналардан сындарлы жауапкершілікті талап етеді. Еліміздің өркендеуіне сай, заман талабына жауап беретін рухани адамгершілік қасиеттері қалыптасқан, қоғамдық өмірге икемделген, біліммен өмір заңдылықтарын түсінген, қоғам мен мемлекет және отбасы алдындағы жауапкершілігін сезінетін, салауатты өмір салтын саналы түрде таңдаған өркениетті елдің азаматын тәрбиелеу.
- «Отбасындағы тәрбие» тақырыбында слайд. Пікірлесу, ой бөлісу.
3.« Әрқашан бірге, әрқашан көңіл күйде» ата-аналармен тренинг
Баланы тәрбиелеуде ең маңыздысы баланы түсіне білу керек. Бүгін бақытты балалардың қалай тәрбиеленетінін айтқымыз келеді.
Күлкі көмектеседі!
Қиын емес қой! Балаңызбен жиі қалжыңдасып тұрыңыз. Ертеңгі күні әлеуметтік жеңістерге ерте жететін болады. Бір жағынан, әке-шешесі баласымен ойнап, күлдіру арқылы оған шығармашылық қабілет сыйлап, жаңа дос табу мен қиындықтарға қарсы тұруды үйретеді. Сондықтан, күлдіруден тартына көрмеңіз, өз кезегінде балаңыз болашақта рақмет айтатын болады.
- Жағымды көңіл-күйдің адамы болыңыз!
Балаға суық, қалай болса солай қарайтын ата-аналарға таңғалудың реті келмес. Алайда, одан шыққан бала агрессиялық мінез-құлықтың иесі болмасына кім кепіл? Әсіресе, 5 жасар баланың өрескел қылық көрсетуі тікелей сол ата-ананың ықпалынан болмақ.
Бүгіннен бастап осы бір көзге көрінгісіз көңіл жібін үзуге тырысыңыз. Міне, сонда барып қана балаңыз жастық шақты жақсы өткізетін болады.
- Өзін-өзі жоғары бағалайтын болсын!
Зерттеушілердің айтуы бойынша, өзгелердің алдында өз орнын анықтауда мейірімділік пен аяушылық көмектеседі және өзіңді-өзін ұстау да, өзгелерге өкініш білдіру де, қиындықтарға қарсы тұру да — бәрі-бәрі де адамшылықтың бір көрінісі болып қала бермек.
Адамшылық негізде бүкіл білім-тәрбиені сіңірген бала ата-ананың жақсы атын шығарады. Ал оған дейін бар міндет ата-ананың мойнында.
- Отбасының отын маздатыңыз!
Дүниеге бала келген соң көптеген отбасыларда дау-жанжал туындап жатады. Соңғы зерттеуге көз жүгірте кететін болсақ, ондай дау-дамайы көп отбасында бала ұйқысы қиындықтарға тап болатынын көреміз. Әсіресе, тоғыз бен он, сегіз ай аралығында баланың ұйықтауы мүлдем қиын шаруаға айналмақ.
Бар айтқымыз келгені, жақсы отбасында ғана жақсы ұйқы мен мамыражай тыныштық орнамақ.
- Психикалық денсаулығыңызға көңіл бөліңіз!
Депрессиялық жағдайға түсе беретін аналар бірінші кезекте арнайы маманға қаралуы тиіс. Әйтпеген жағдайда бала тәрбиелеу әдісін өзгертіп жібереді. Одан шыққан бала жаралы болып келеді.
- Аналар, ұлдарыңызға мейіріммен қараңыздар!
Ата-ана мен бала арасында қоян-қолтық қарым-қатынастың орын алғаны дұрыс. Әсіресе, ұл балалардың анасымен достығы… Үнемі анасына үлкен сенімде жүрген ұл балалар болашақта әрбір қиындықтан қиналмай өтетін болады. «Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, ұл бала отбасында көрген модельді жалғастырғысы келеді.
- Баланы баса берудің керегі жоқ
Көптеген балалар ата-аналарымен ашық әңгіме айта алмайды. Қазіргі кезде уақыт тапшылығы, ата-аналардың жұмыстан босамауынан балаға көп көңіл бөлінбей жатады. Сондықтан да балаға күнделікті уақыт бөліп, онымен бүгінгі күнінің қалай өткені жайлы әңгімелесіп, қарым-қатынаста болу қажет. Бала ата-ана жақтан қолдау көрсетілуін қалайды.
- Көп талап етпеңіз
Бәрі де мүлтіксіз болуы мүмкін емес. Керісінше, «артық қылам деп, тыртық қылып аларсыз». Соңғы зерттеулер мойнында көп міндеттемесі бар балалар тиянақсыз, ойлары шашыраңқы болып келетінін анықтап отыр.
- Балаларды түсінуге тырысыңыз
Баланы тәрбиелеу мен түсіну – екеуі екі бөлек дүние. Ата-аналардың басым бөлігі осы жерде қателесіп жатады және көмекке зәру бола тұра, ата-анаға жүгіне алмайтын балалар зардап шегеді. Мұндай жағдайда бала өзіне керектіні ала алмайды.
4.«Жанұя» ойыны. Сұрақтарға тез, шапшаң жауап беру.
1. Балаңыздың аяқ киім өлшемі қандай?
2. Тәрбиешісінің аты-жөні кім?
3. Топта оқу қызметінде қасында бірге отыратын көршісі?
4. Балаңыздың сүйікті асы?
5. Балаңызды еркелетіп қандай сөзбен айтасыз?
6. 1-сыныпқа қай жылы барды?
7. Балаңыз бос уақытында немен шұғылданады?
8. Ең жақын досы кім?
9. Қандай түсті жақсы көреді?
10. Қандай әнді жақсы көреді?
- Балаңыздың сүйікті мультфильмі қандай?
- «Мақалды жалғастыр» ойыны.
Мақсаты: Мақалдардың жалғасын айтып, мағынасын ашу.
- Ананың көңілі -******/балада/
Баланың көңілі-******/далада/
- Балалы үй-******/базар/
Баласыз үй-******/қу мазар/
- /Ата – ананың қадірін- ******балалы болғанда білерсің./
- «Құқықтық тәрбиеге арналған ойындар» түрлері
«Кім қайда тұрады?», «Кімге қандай гүл?», «Менің мекен жайым», «Құтқарушылар», «Үлкендерге көмектесемін», «Күтпеген қонақ», «Байлаулы бала», «Игілікті істер» т.б.
- «Бала құқығын қорғайық» ата-аналарға арналған кеңес.
- Бала тәрбиесінде ең бастысы онымен адал болыңыз. Сондай-ақ, шыдамды, сабырлы болыңыз.
- Балалар санасында адамның жалпы мүмкіншіліктері туралы ойды дамытыңыз.
- Адамдармен мейрімді қарым-қатынас жасауға тәрбиелеңіз.
- Өзгенің затын сұраусыз алмау керектігін, ертегілер айту арқылы не жақсы не жаманда ажырата білуді, игілікті істер жасау жайлы үнемі әңгімелесіңіз.
- Жеке меншіктегі мүлікке қол сұқпау жайлы ертегілерден мысалдар келтіріп отырыңыз.
- Балаңызды әдептілік ережелерін үнемі сақтап жүруге тәрбиелеңіз.
- Балаға дұрыс тәрбие беру – ата-ананың моральдық қана емес, заң жүзіндегі міндеті.
- Бала тәрбиесі мәселесінде ата-ана арасында толық келісім болуға тиіс.
- Баланың бойындағы ізгілік, жақсылық атаулының бәрін, оның үлгілі болуға тырысқан талабын көтермелеп отыру керек.
- Баланың адал да ізгі адам болып өсуі үшін оған ата-анасы үлгі болуға тиіс.
Қорытындылай келе, айтқым келеді: Сабырлы болыңыздар! Сабырлылық – адам баласының ең асыл қасиетінің бірі.
Бала жанұяда өмір сүруге және тәрбиеленуге құқылы. Дүние жүзіндегі барлық балалар ойнауға құқылы.
Бүгінгі «Бала құқығын қорғайық» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысып, ой бөліскендеріңізге көп рахмет. Заңды аяққа баспайық, бала құқығын қорғайық! Сау болыңыздар!
1 Қосымша
БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫ ТУРАЛЫ БҰҰ КОНВЕНЦИЯСЫ (қысқаша баяндама)
- Бала деген кім? 18 жасқа толмаған жеткіншек бала деп саналады. Ал кейбір жағдайда жергілікті ұлттық заңдар бойынша кәмелеттік жас одан ерте көрсетілуі мүмкін.
- Дискриминацияның болмауы. Барлық құқық барлық балаға бірдей тарайды. Мемлекет баланы зорлық-зомбылықтың барлық түрінен қорғауға және оның құқығын қорғау үшін тиісті шараларды қолдануға міндетті.
- Балалардың мүддесін қамтамасыз ету. Балаға қатысты жасалатын барлық іс-әрекет оның мүддесін толық көлемде ескеруі қажет.
- Құқықты іске асыру. Мемлекет осы Конвенцияда көрсетілген құқықтарды жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің барлығын жасау керек.
- Ата-ана, отбасы, қоғам міндеті мен құқығы. Мемлекет баланы жан-жақты дамып келе жатқан қабілетін ескере отырып, оның тәрбиесі жолында ата-аналар кеңейген отбасылардың құқығы мен жауапкершілігін құрметтеуі тиіс.
- Өмір сүру және даму. Әрбір бала өмір сүруге құқұғына ие, және Мемлекет оның өсуі мен дамуын қамтамасыз етуге міндетті.
- Есім мен азаматтық. Бала дүниеге келген соң өзіне есім алуға құқылы. Бала срндай-ақ азаматтық алуға, және мүмкіндігі барынша, өз ата-анасын танып білуге, олар тарапынан қамқорлық көруге құқылы.
- Жеке тұлғалықты сақтау. Егер баланы заңсыз түрде жеке тұлғасынан айырса, Мемлекет баланы өзіндік қайталанбас тұлғалығын сақтауға, тіпті керек болған жағдайда оның негізгі қасиеттерін қайтадан қалпына келтіруне міндетті.
- Ата-анадан ажырау. Бала өз мүддесіне қарама-қайшы келетін жағдайда ғана болмаса, ата-анасымен бірге тұруға құқылы.
- Отбасының қосылуы. Бала мен ата-ана отбасын біріктіру немесе өзара қарым-қатынастарын нығайту мақсатында кез келген елден шығып өз еліне келуге құқылы.
- Заңсыз орын алмастыру және оралмау. Мемлекет ата-ананың немесе үшінші бір жақтың баланы шет елде заңсыз ұстап тұруына болмаса ұрлауына жол бермеуге және бұл жағдайда тиісті шаралар қолдануға міндетті.
- Баланың көзқарасы. Бала өз ойын, пікірін еркін жеткізуге құқылы және балаға қатысты мәселелерді шешу барысында бұл пікірлерге тиісті назар аударылуы лазым.
- Пікір айту еркіндігі. Бала қандай шекара болмасын өз ойларын ашық жеткізуге, ақпарат алуға, сондай-ақ ақпараттарды, идеяларды беруге, таратуға құқылы.
- Ой, ар-намыс және дін бостандығы. Ата-ананың балаға тиісті деңгейде жетекшілік етуі барысында мемлекет сол баланың ой еркіндігін, ар-ұяты мен дінін құрметтуге міндетті.
- Ассоциация бостандығы. Бала басқа дамдармен кездесуге және ассоциацияларға кіруге, болмаса оны құруға құқылы.
- Жеке өмір сүру құқығын сақтау. Балалар өздерінің жеке, жанұялық және отбасылық өміріне қол сұғушылардын, сондай-ақ өзара хат алмасуларына кедергі болушылардан, арандатушылардан қорғау құқығына ие.
- Тиісті ақпараттарды алу құқығы. Мемлекет балаларға ақпарат алуға және әр-түрлі ақпарат көздерінің мәліметтерімен танысуға жағдай жасауға міндетті.
- Ата-ананың жауапкершілігі. Ата-ана бала тәрбиелеудің негізгі жауапкершілігін бірге тартады. Ал мемлекет бұл істе оларды барынша қолдап-қуаттауы керек.
- Асыра пайдаланушылық пен жаны ашымаушылықтан сақтау. Мемлекет баланы ата-анасының немесе қамқор болу жауапкершілігін мойнына алған басқа да тұлғалар тарапынан жасалған қысым көрсетушіліктің, зорлық-зомбылықтың барлық түрінен қорғауға міндетті.
- Отбасынан айырылған баланы қорғау. Мемлекет жанұялы ортадан айырылған балаға әлеуметтік қорғау көрсетуге міндетті.
- Асырап алу. Баланы асырап алуға рұқсат етілген мемлекеттерде асырап алу әрекеттері тек баланың мүддесі үшін ғана жасалуы тиіс.
- Босқын балалар. Босқын балалар, немесе босқын мәртебесін алуға ұмтылған балалар ерекше қорғауға алынуы тиіс.
- Мүгедек балалар. Мүгедек бала еркіндігі, әлеуметтік интеграцияны қамтамасыз ететін ортада толыққанды және лайықты өмір сүруіне көмектесетін ерекше күтім, білім және қадетті дайындық алуға құқылы.
- Денсаулық сақтау.Бала нақты түрде қамтмасыз етілген, ең жоғарғы стандрттарға сай медициналық көмек алуға құқылы.
- Қамқорлыққа алу жағдайында тұрақты тексеру. Арнайы күтім, қорғау немесе емдеу көрсету мақсатында мемлекет арқылы қамқорлыққа берілген бала, мемлекет тарапынан сол қамқорлықтың тұрақты тексеріліп тұруына құқылы.
- Әлеуметтік қамтамасыз ету. Сен әлеуметтік сақтандырумен қоса әлеуметтік қамтамасыз етудің басқа игіліктерін пайдалануға құқылысын.
- Өмір деңгейі. Әрбір бала өзінің денелік, ойлық, рухани және сондай-ақ адамгершілік пен әлеуметтік дамуына лайықты өмір деңгейіне мүдделі және құқылы.
- Білім алу. Бала міндетті түрде алғашқы тегін білім алуға құқылы.
- Білім алудың мақсаты. Білім алу тұлғалық, дарындық, саналық және шымырлық қабілеттің барынша дамуына бағытталуы керек. Білім, баланы азат қоғамдағы ересек әрі белсенді өмірге дайындауы керек.
- Сен өз мәдениетінді және туған тілінді пайдалануға құқылысыз.
- Демалыс, бос уақыт және мәдени өмір. Сіз бос уақыт пен демалуға және ойын-сауық пен мәдени ойындарға қатысуға құқылысыз.
- Экономикалық қанау. Сіз қауіпті еңбек түрі мен қанаудан қорғануға құқылысыз.
- Есірткі заттарды заңсыз қолдану. Балалар есірткі және «психотропты» заттарды заңсыз қолданудан, сондай-ақ осындай заттарды өндіру мен сату жұмыстарына тартылудан қорғану құқығына ие.
- Сексуалды қанау. Мемлекет баланы жезөкшеліктен және сексуалды қанау мен зорлаудан қорғауы тиіс.
35.Балаларды ұрлау мен сату. Мемлекет балаларды ұрлау мен сатудан қорғау қажет.
- Қанаудың басқа түрлері. Сіз қанаудың барлық түрінен қорғануға құқылысыз.
- Азаптау, өлім жазасы, бас бостандығынан айыру. Сіз қинау мен қорлауға душар болмауға құқылысыз. Сізді уақытша қамауға алса, сіз ол жерде ересек адаммен бірге болуыңыз қажет, сізді ешқашан өлім жазасына және өмір бақи бас бостандығыңыздан айыра алмайды. Сіз отбасыңызбен байланысуға құқылысыз.
- Қарулы қақтығыстар. 15 жасқа толмаған кез келген бала қарулы күштер қатарына қызметке шақырылмауы керек.
- Қайта қалпына келтіру жолындағы күтім. Егер де сіз қандай да бір жанжалдың құрбаны болсаңыз, сіздің денсаулығыңызды қайта қалпына келтіру үшін қажетті емдік шаралармен қамтамасыз етуі керек.
- Кәмелетке толмаған заң бұзушыларға қатысты сот үкімін қолдану. Заң бұзған бала өзінің ар-намысын, тұлғалығын оятатын және оны дамытатын лайықты ілтипат алуға құқылы.
- Конвенцияны тарату. Сіз өз құқығыңыз туралы ақпарат алуға құқылысыз, бұл процесске мемлекет қатысуы қажет.
2 Қосымша
ШАҒЫН СӨЗДІК
АДАМ ҚҰҚЫҒЫ – азаматтың құқықтық статусын сипаттайтын ережелер жиынтығы;
БОСТАНДЫҚ – заң шектеу қоймаған нәрсеге шектеу қойылмаған жағдай (қылық, қызмет).
ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ – төмендегі негізгі белгілерді анықтайтын, демократиялық мемлекет:
— заңның үстінен қарау (жалпы, ешқандай шектеулісіз барлығының заң алдындағы міндеті);
— Заңнамалы, атқарушы және сот үкіметіне өкіметтің бөлінуі.
— Заң және тәртіп қызметін атқаратын мықты тәуелсіз сот үкіметі
— ҚҰҚЫҚ МҮМКІНШІЛІГІ – құқық және міндет мүмкіншіліктері. Азаматтық құқық мүмкіншілігі азамат туғаннан бастап өмірден қайтқан уақытына дейінгі міндеті.
КОНСТИТУЦИЯ — (лат. тілінен Constitutions – құрылғы, құру) – мемлекеттің негізгі заңы. Қазақстан Республикасының конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық форумында қабылданды, сол жылдың 5 қыркүйегінде күшіне енді.
Міндет – дегеніміз осы міндетті алып жүрушінің заңмен анықталған шарасы. Міндет деген басқалардың да құқығын сыйлау деген сөз.
Ибраева Молдир Тилекбаевна,
МКҚК №1 «Айгөлек» бөбекжайының педагог-психологі,
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы