Бүгінгі таңда жемқорлық мәселесі тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің басқа да елдері үшін аса өзекті мәселе болып табылады. Сыбайлас жемқорлық ұлттық шектеулерді білмейді.Жемқорлық-мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет. Оның тамырына түбегейлі балта шаппайынша, мемлекетте тұрақты өсу-өркендеу болмайды.
Сыбайлас жемқорлықтың ерекше белгісі — ол қылмыс субъектілерінің өз қызмет бабын, құқықтық мәртебесін және қызмет мүддесіне қайшы әрі құқық пен ар-ожданның қалыптасқан нормаларына қайшы орналасқан лауазымның беделін пайдалану жолымен істелінеді.
«Сыбайлас жемқорлық ел экономикасының көтерілуіне үлкен кедергі келтіріп отырған қоғамымыздың ең басты қауіп – қатерлерінің бірі болып саналғандықтан, оның алдын алу, болдырмау мақсатында құқықтық мәдениетті қалыптастыруда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасы» аясында мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен түрде «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» жобасы шеңберінде құқық бұзушылыққа төзбеушілік акциялары, дөңгелек үстелдер, рейдттер тұрақты түрде жүзеге асып келеді.
Қауіптің алдын–алу, болдырмау жөнінде жастардың санасына адамгершіліктен айыратын табыс табудың оңай түрінің соңы неге апаратындығын жете түсіндіруміз керек. Сондықтан қазіргі таңда қалыптасып келе жатқан азаматтық қоғамда әр тұлғаның санасына құқықтық мәдиенетті қалыптастыру аса маңызды болып табылады.
«Сыбайлас жемқорлық» түсінігі (латынша corruptio) — ақшаға сатып алу және саяси қайраткерлерді, мемлекеттік шенеуніктерді, лауазымдық тұлғаларды сатып алу дегенді білдіреді. Сыбайлас жемқорлық (лат.соrrumpere) біреуді ақшамен немесе басқа да материалдық құндылықтармен сатып алу.
Рим құқығында «соrrumpere» түсінігінің мағынасы – жалпылап айтқанда «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау», «параға сатып алу» және сот процесінде заңсыз әрекеттенуді білдірді. Нәтижесінде мақсаты — сот процесіне немесе қоғамдағы істерді басқару процесіне бөгет болатын, бірігіп әрекет жасайтын (екі адамнан кем емес) тұлғалардың әрекеті деген түсінік пайда болады.
Ғылыми, оқу және қоғамдық публицистикалық әдебиеттерден сыбайлас жемқорлыққа әртүрлі анықтама алуға болады. Орыс тілінің түсіндірме сөздігінде сыбайлас жемқорлық пара беріп, сатып алу, лауазымды тұлғалардың, саяси қайраткерлердің сатқындығы ретінде сипатталады.
Сыбайлас жемқорлық бұл жеке адамның немесе бір топ адамдардың қызмет жағдайын өз басының мүддесіне қарай пайдалануы және мемлекеттік қызметкерлердің қызмет бабын заңсыз пайда алуға бағыттауы.
Сыбайлас жемқорлыққа: парақорлық, непотизм (жеке байланыстар, немесе «өз адамдары» негізінде туысқандарын пайдалы орындарға немесе лауазымдарға орналастыру) және жеке бас мүддесі үшін мемлекет қаржысын иемдену кіреді.
Сыбайлас жемқорлық түсінігіне анықтама беруде әртүрлі көзқарастардың болуы осы құбылыстың өте күрделі мәселе екенін білдіреді және оны жан-жақты зерттеуді талап етеді.
Біздің түсінігіміз бойынша сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық категория ретінде лауазымдық тұлғалар мен қоғамның жекелеген мүшелері арасындағы үшінші тараптың мүддесіне зиян келтіре отырып, пайда алу мақсатында өз лауазымын пайдалану болып табылады.
2014 жылы «Қазақстан-2050» Стратегиясы мемлектіміздің жаңа саяси бағытындағы сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп-қатер қатарына қояды және мемлекет пен қоғамды осы келеңсіз құбылыспен күресте күш-жігерді біріктіруге бағыттайды.
Қазақстанның жемқорлық мәселесі бойынша қағидаттық ұстанымын білдіретін еліміздің басты стратегиялық құжаты мемлекеттің алдағы жылдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізі болып табылады.
Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік басқарудың тиімділігін, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендететіні, әлеуметтік-экономикалық қарыштап дамуды тежейтіні баршаға белгілі.
Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді, әлемдік стандарттарға сай институттары мен тетіктерін құру бағытымен мақсатты және кезең-кезеңмен жүріп келеді.
Біздің елімізде қазіргі заманғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама жұмыс істеуде, оның негізі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдар болып табылады, бірқатар бағдарламалық құжаттар іске асырылуда, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы функцияларды кешенді түрде іске асыратын арнайы уәкілетті орган құрылды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық белсенді жүзеге асырылуда.
Әлеуметтік шығу тегі мен мүліктік жағдайына қарамастан, оның кезінде басшылық орындарға қабілетті және кәсіби дайындалған адамдар орналасатын меритократия қағидаттарының негізінде мемлекеттік қызмет жүйесі қалыптасты, оның ішінде мемлекеттің әрбір органы мен лауазымды адамының функциялары мен өкілеттіктерінің аражігі нақты ажыратылып және айқындалып қалыптасты.
Шенеуніктердің азаматтармен тікелей байланыстарын қысқартатын және сыбайлас жемқорлық көріністері үшін жағдайларды барынша азайтатын мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласын дамыту мен мемлекеттік аппараттың жұмысын ақпараттандыру жөнінде кешенді шаралар қабылданды.
Қазақстанға әлемнің неғұрлым бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіруге мүмкіндік берген азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру, ұлттық экономиканың өсуі, бизнесті жүргізу жағдайларын, халықтың құқықтық сауаттылығы мен әлеуметтік белсенділігін жақсарту, электрондық үкіметті енгізу жөніндегі қолданылып жатқан шаралар да заңға бағыну мәдениетін және жүріс-тұрыстың жалпы қабылданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы модельдерін қалыптастыру үшін алғы шарттар жасайды.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Назарбаев Н.Ә.«Қазақстан-2030: барлық Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы»
2.Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан- 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»
3.М.Жұмабаев «Педагогика» Алматы .1993, 3 том Алматы Жазушы 2008
4.А.А.Аканов «Формирование здорового образа жизни в Республике»// Валеология. Физвоспитание. Спорт-2004
5.А.В.Ахаев. «Здоровьесберегающие технологии обучения ВКГУ имени С.Аманжолова», 2004
Торебекова Эльмира Абсематовна,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы
АҚ филиалы Атырау облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін
арттыру институттың «Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру»
кафедрасының меңгерушісі,
қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының магистрі