Ұстаздарға ұстаз болған 90 жылдық тарихы бар, Қызылорда облысы Арал қаласындағы № 13 орта мектебі мемлекеттік мекемесінің іргетасы 1930 жылы қаланған. Білім ордасы 1939 жылға дейін Тұрар Рысқұлов атын иемденіп, кейін Тарас Шевченко аты берілді.
Тарихи тереңге кеткен №13 орта мектебінде тәрбиеленіп, білім алған түлектер бүгінде Республикамыздың түпкір-түпкірінде жүріп, Қазақстанның өсіп, өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Игі істердің басында жүріп, еліміздің тұтқасына айналған Қазақстанның тұңғыш премьер-министрі Ұзақбай Қараманов, белгілі жазушы Ә.Нұрпейісов, облыс көлемінде көп жыл басшылық қызмет жасаған белгілі қайраткер Е.Көшербаев, С.Қашақов, С.Жаппасов, М.Ізмаханов, М.Ерімбетов, Қазақстан Республикасының Бас прокурорының орынбасары, заң ғылымының докторы С.Жүрсінбаев, СССР спорт шеберлері Есенбаев және акробатикадан одақ бойынша тұңғыш спорт шебері Д.Құттымұратов, балық шаруашылығы министрі болған Қ.Саржанов, тарих ғылымының докторы Н.Күнқожаев, техника ғылымдарының докторы М.Ізбасаров, Ж.Досымов, О.Күнсейітов, Жолшораев, филология ғылымының докторы профессор фантаст-жазушы А.Мархабаев, медицина ғылымдарының кандидаты Ж.Майданов, Қазақ СССР халыққа білім беру министрлігінің қызметкері болған А.Қылышбаев.
Мектепте еңбек еткен атақты ұстаздар, танымал тұлғалар физика-математика ғылымдарының докторы профессор Ә.Тәжмағанбетов, Қазақ СССР еңбек сіңірген әртісі 1967 жылы оқушыларға бейнелеу пәнінен дәріс берген Қ.Сұлтанбаев, Қызылорда театр өнері майталманы Я.Халықұлов, Тарих ғылымдарының докторы , Қорқыт ата университетінің доценті М.Аңсатова, СССР Халық ағарту ісінің үздігі аудандық білім бөлімін 20 жыл басқарған Е.Исаев есімдері мектеп тарихында мәңгі қалмақ.
Мектеп алғаш бастауыш мектеп, соңынан жеті жылдық мектеп болып, 1938-1939 жылдан бастап орта мектепті алтын және күміс медаль белгіленбей тұрған кезде 16 оқушы мақтау грамотасымен наградталған, медаль белгіленгеннен бастап осы кезге дейін 55 оқушы алтын медальмен бітірді. Қазіргі таңда мектепте 77 мұғалім жұмыс істейді. Олардың 3-і Қазақстан Республикасының білім беру үздігі, 5-еуі жоғары санатты, 32-сы І-санатты, 20 – сы ІІ- білікті санатты. Мұғалім мамандығының беделі мен абыройын асқақтатып, білім беру жолында аянбай еңбек етіп, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп, ұстаз деген атты арқалап, өз еңбегін сарп еткен ұстаздарымызбен де мақтана аламыз.Атап айтар болсақ, кеңестік дәуірде бүкілодақтық мұғалімдердің ІІ-сьезіне химия пәнінің мұғалімі Махатова Мәдина қатысса, ел тәуелсіздігін алғалы бері болған сьездерге біздің мұғалімдеріміз жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі , ҚР Білім беру ісінің үздігі А.Әбжалиев республикалық мұғалімдердің І-сьезіне , химия пәнінің мұғалімі А.Махутова республикалық мұғалімдердің ІІІ-сьезіне делегат болып қатысып, «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері, мектеп директоры Х.Урынбасарова 2013 жылы Астана қаласында «Қазақстанда филологиялық білім беруді дамытудың негізгі басымдықтары» тақырыбында өткізілген съездге делегат болып қатысып, білім беру саласына қосқан үлесі үшін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталып, мектеп мерейін үстем етті.
Қазіргі таңда 2014 жылдан бастап Білім берудегі жаңашыл, шығармашыл, нәтижелі еңбегі үшін «Алтын глобус»,«Алтын ұстаз», «Жыл жауһары», «Үздік ұстаз»,ҰБТ қорытындысымен «Үздік орыс тілі пәнінің мұғалімі» бағамдарының иегері Х.Урынбасарова басқарып келеді.
Досаханова Ләззат Серікқызы,
Қызылорда облысы, Арал қаласы,
Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектебі,
дирекордың оқу ісі жөніндегі орынбасары