Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей ұрпақ тәрбиесі – ата-анадан болса, білімділік, алғырлық – ұстазға байланысты дамиды. Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, бойына адамгершіліктің ізгі қасиеттерін еккен, талантын танып, жолын ашқан, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін оятқан, рухын шыңдап, алдағы жарқын болашаққа бағыт-бағдар берген ардақты да аяулы жандар – ұстаздар қауымы деп білеміз. Осы білім ордасында оқып, білім алып, биік жетістіктерге жеткен ондаған, жүздеген түлектер – сіздердің ұшан-теңіз, қажырлы еңбектеріңіздің жемісі. Өнегелі ұстаздан қашанда жақсы шәкірт шығатыны анық. Сондықтан да, ұстаз – қоғамда қасиетті тұлға ретінде ерекшеленіп келеді.
Сіздерге өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі шабыт, сапалы білімдеріңіз бен мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге толымды табыстар тілейміз. Сіздер қыздарымызды адалдыққа, еңбексүйгіштікке, мейірімділікке, талапшылдыққа баулып, халқымыздың асыл жауһары – ұлттық педагогикасы мен құндылықтарын меңгерттіңіздер. Біз мектебімізді осындай білікті мамандармен қамтамасыз етіп отырған білім ордасының басшылығына алғысымызды айтамыз. Әрдайым оқушыларыңыздың құрметіне бөленіп, мақтанышы болуларыңызға тілектеспіз!
Мерейлеріңіз үстем болсын!
Ізгі ниетпен: мектептің ата-аналары