Home » Білім және тұлға » Құралай – білікті маман

Құралай – білікті маман

Тайманова Райхан
Бастауыш сынып мұғалімі
№54 мектеп-лицейі
Астана қаласы

 

Бастауыш мектеп – баланы оқуға үйрету мен тәрбиелеу, оның тұлға ретінде өзін-өзі ашуға, жалпы дамуының қалыптасуына жағдай жасайтын негізгі саты. Жалпы адамның мектептегі білім алу кезеңі және тұтас педагогикалық үрдіс сапалы нәтижеге жетуі үшін бастауыш сыныптардағы оқу-тәрбие үрдісі қазіргі заман талаптарына сай құрылуы шарт. Мектептегі кез келген жаңартулар бастауыш мектептен бастау алады. Сондықтан бастауыш мектеп мұғалімдеріне қойылатын талап пен жауапкершілік те өте салмақты. Бұл міндеттерді шешуде мұғалімдер қауымымен жүргізілетіні іс-шаралар алдын ала ұйымдастырылып отыруы заман талабы деп түсінеміз. Осындай істің басы-қасында жүрген жас маман Аубакирова Құралай Аллабергенқызы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бастауыш мектеп педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша тәмәмдаған. Жас қыз арман асуымен Ақмола облысы, Қорғалжын ауданына қарасты «Шалқар» орта мектебіне 1998 жылы бастауыш сынып мұғалімі болып орналасты. Алғашқы еңбек жолын туған жер төскейінде бастаған Құралай еңбек десе жанын салатын талантты мұғалім болып, қазір де ата-аналар мен мектеп ұжымы алдында зор беделге ие.

Әкесінің жолын қуып, ұстаздық жолды таңдаған Құралай Аллабергенқызы аз ғана уақытта өзінің теория жағынан алған білімін практика жүзінде тиімді пайдаланып, жас ұрпақ бойына білім нәрін құюда өзінің тынымсыз еңбекқор екенін дәлелдей алды. Құралай Аллабергенқызы көп ұзамай отбасылық жағдайына байланысты Қорғалжын мектеп-гимназиясына жұмысқа ауысып, гимназиядағы шәкірттеріне сындарлы тәрбие мен сапалы білім беруде еш жалықпайтын. Алдынан дәріс алған шәкірттері күні бүгінге дейін ұстаздарын мақтанышпен еске алып, марапаттап отырады.Осындай елгезек, кішіпейіл, әр ісіне сабырмен қарайтын, бойында қазақи тәрбиесі бар. Құралайды көрген жан әр ісіне ризашылықпен қарап, кейінгі жас мамандарға үлгі етіп отырады.

Қазіргі таңда Құралай Аллабергенқызы Астанадағы №54 мектеп-лицейінде директордың бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. Бастауыштың бал бұлағын сусындатқан мұғалімдермен ортақ тіл табысып, мектеп оқушыларының тәрбиесі мен білімінің дұрыс ірге тасының қалану жолындағы еңбек майданында абыройлы қызмет атқаруда. Өзінен үлкен тәжірибелі ұстаздармен үнемі ақыл кеңес сұрап, бастаған ісінің нәтижелі болуына аса мән бере

отырып, соңғы кездегі оқу үрдісінің тиімді әдісін әдістемеге енгізуші педагогика ғылымдарының кандидаты Ф.Я.Вассерманның «Білім беру технопаркі» жобасымен жұмыс жасаудың ерекшелігінің қыры мен сырын жете меңгерген Құралай Аллабергенқызы тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын болуын көздеп, бастауыш сынып оқушыларының білімінің тұрақты, сапалы болуын басты назарда ұстау жолында жаңа әдіс-тәсілді пайдалануды қолға алып отыр. Мектебімізде осы технология бойынша республикалық және қалалық семинарлардың өтуіне арнайы басшылық жасап, жас мұғалімдердің мамандығын сүйіп, оқушымен өткізген жұмыстың нәтижесін көрсетіп, ынталандырып, жақсы мамандарды сақтап қалуды ойлап, оларға оқушылардың жан дүниесіне үңіле отырып, тәрбиелеудің қажеттігін түсіндіріп, баланы сүю, әр баланың талабы мен дарынын ашудың кілті әр мұғалімнің қолында екендігін үнемі айтып отырады. Жыл сайын мектебімізде негізігі пәндер бойынша пәндік олимпиадалар, «Жұлдызды шоу», «Математикалық шайқас», «Білімділер» сайысы, пәнаралық олимпиадалар жиі-жиі өткізіп, қалалық, республикалық жарыстарға жолдама алады.

Құралай Аллабергенқызы әр сыныптың тоқсан сайынғы білім сапасына арнайы диаграмма мен мониторинг жасаудан еш жалықпай, оқу мотивациясы төмен оқушымен жан-жақты жұмыс істеу қажеттігін ескеріп, әр мұғалімге өз білгендігін айтып, бағыт-бағдар береді. Жаста болса, басшы болған Құралай Аллабергенқызы еңбегімен өз ұжымына сыйлы. Өзімен бірге жұмыс істейтін апайларын тілге тиек ете кейінгіге жас мамандарға үлгі етіп отырады. Олар: Бақыт Жақсылықова, Түймеш Байтемирова, Жанат Мусина, Бақыткүл Ыскакова, Гүлнар Әлмағанбетова, Кинже Кабильдинова, Гүлзира Оразбекова, Жанна Серікбаева, Гүлбарша Бүркітбайқызы, Айнагуль Умирбаева, Роза Туртаевалар.

Сонымен қатар бастауыш сынып оқушыларын шығармашылықпен жұмыс істеу нәтижесінде жыл сайын ғылыми жоба қорғауды әдетке айналдырған. Қалалық деңгейде өтетін білім бәсекесінде оқушылардың ынта-жігерінің артып, білімге қызығу мақсаты жатқандығы айдан анық. Дарынды тұлға, бүгінгі егеменді елдің Абай ата аңсаған «толық адамын» қалыптастыруды алдына мақсат етіп қойған Құралай болашығын тереңнен ойлайтын іскер, көреген, мықты ұйымдастырушы. Өзінің әрбір ісін адал атқарғандығын көріп, оның жүзінен атына заты сай қазақ қызына тән иба мен ілтипатты байқап разы боламыз.

Құралай Аллабергенқызы аз ғана еңбек жолында өз мамандығын сүйетін, білікті маман екендігін көрсетіп үлгірді. Келешекте еңбегің еселеніп, ел алғысына бөленіп, жас ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қоса беріңіз демекпіз.

Құралай Аллабергенқызы

жұмыс барысында түскен суреті

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.