Алтын ұя мектебімнің тарихы – мол қазына
Өмір бойы мектебімді жыр етем,
Бір өзіңде бақыт, білім, берекем.
Шәкірттерің өрістесін, өрлесін,
Алтын ұя мектебім!- дей отырып, біз өмір сүріп отырған ғасыр – білектілердің емес, білімділердің ғасыры. Білімге қол созғандардың қашан да бүгіні жарық, болашағы жарқын. Жарқын болашақтың бастауын бүгіннен қалайтын білім ордалары шәкірттерін шыңдаудан еш жалыққан емес. Сондықтан «Тарихты білмей өткенді, қазіргі жағдайды білу, келешекті болжау қиын» — деп ұлы данамыз Әбу Насыр әл-Фараби айтып кеткендей, сол мектептің шығу тарихын білу – әр азаматтың парызы. Тарихына ортақ еткізу адам баласының өз еліне, оның ұлы тарихына, оны жасаған ұлы тұлғаларға деген мақтаныш сезімін қалыптастырады.
«Мектеп» деген сөзбен өмір жолы қиылыспаған адам кемде кем. Адамның ең ыстық шағы, балалық шағы мектеп өмірімен байланысты. Қазақстан Республикасының әр азаматының жеке тұлға ретінде қалыптасуы осы мектептің сусындатқан білімнің арқасы.
«Білім» адамзаттың сарқылмас қазынасы. Адамзат тарихында ұлт болсын, ұлыс болсын, жеке адам болсын тек білім арқылы ғана өзінің көздеген мақсатына жетеді. Біліммен ғана басқалардан озады. Ұлы суреткер жазушымыз М. Әуезов «Ұлт пен ұлтты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе — білім» деп тегін айтпаған. Біз үнемі айтып жүретін ойшылдық, көрегендік, адамгершілік, парасаттылық деген ұғымдардың бәрі де біліммен тікелей байланысты. Адам бойында болатын тапқырлық, шығармашылық қасиеттері біліммен ғана кемелденеді. Білімсіз адамның бойынан бұл қасиеттердің бірін де табуға болмайды. Бір ұлттың, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің кепілі — білім ғана.
Осындайда Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың 2006 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасы халықтарына арнаған Жолдауында «ХХІ ғасырда білімі дамымаған елдің тығырыққа тірелері сөзсіз», «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет» деген үлкен парасаттылықпен айтылған көреген пікірі еске түседі. Ұлттың білім қорының, біліктілік сапасының қандай екенін мектебінен көруге болады. Мектеп – даналардың түлеп ұшар тұғыры, талантын шыңдар білім ордасы. Ұлттың рухани байлығы — білімінде, ұстанар бағыты — тәрбиесінде, осы білім мен тәрбиенің сарқылмас кәусар бұлағының көзі -мектепте.
Адамзат өркениетінің даму тарихында жақсы мектебі мен мұғалімдері бар мемлекет қана озып шыққан. Сондықтан өткен тарихымыздың сырын шертетін болсақ: Жетінші ауыл сол уақытта жаңа құрылып жатқан болатын және салынып жатқан еді. Сол себепті ауылға жаңа мектеп салу керек болды. Ауыл тұрғындары Жетінші ауылда 1929 жылы жаңа мектептің іргесін
қаланып басталысымен алғашқы мектептің ғимараты салынды. Қазіргі мешіт, сол жылдары 7 жылдық бастауыш мектебі болған екен. Ғимарат ағаштан жасалынған еді. Онда мұғалімдер бөлмесі, мәжіліс залы және 7 сынып дәрісханасы болған.
1930-1935 жылдары 18-25 оқушылардан оқыған. Мектебіміздің жұлдызды түлектерінің бірі – Хафиз Мақажанов. Қарағанды медицина институтының професоры, Қазақ ҚСР жоғары кеңесінің депутаты болған. Ленин кентінде атамыздың атында Мақажанов көшесі бар.
1954 жылы мектеп жаңа ғимаратқа көшірілді. Он үш бөлмеден тұратын кірпіштен қаланған ғимартта 5-10 сынып оқушылары оқуларын жалғастырды.
1959 жылы 2 сынып бөлмесі мен спортзал қосылды.
1967 жылы үш қабатты жаңа мектеп салынды. Алғашқы мектеп директоры Қазақ КСР оқу ағарту саласының үздігі — Қалданов Елеуке Тәттіұлы.
1969 жылы бастап мектебіміз Павлодар Қаласының № 33 орта мектебі аталды.
86 жыл ішінде осы ұжымды ұрпақ тағдарына алаңдап, мектеп жұмысын жетілдіруге атсалысқан ұстаз атына лайықты талай білікті педагог-директорлар басқарған. Мектеп тарихында еңбегімен есімі еленіп, білім ордасында өз қолтаңбасын қалдырған директорлардың алар орны бөлек. Олар:
Қалданов Елеуке Тәттіұлы 1956-1969, Белозеров Виктор Дмитриевич 1969-1973, Түлегенов Қалыш Нығметұлы 1973-1975, Фурса Василий Васильевич 1975-1980, Ксембаев Рашид Қарайұлы 1980-1990, Омарбекова Бахыт Мұқанқызы 1992-1994, Рахметов Алтынбек Таубасарұлы 1994-1995, Омарова Бахыт Жұмашқызы 1995-2001, Хаиров Чапай Нығманұлы 2001-2003, Бектемірова Жана Жұмабайқызы 2003-2008, Нөргербаев Төлеген Кәкімұлы 2008-2010, Тайгулин Дәулет Амангелдіұлы 2010-2012, Қыстаубаева Гүлсім Рашитқызы 2012-2014, Батесова Нұржиян Модағалиқызы 2015-2016, Сыздыков Азамат Жанайдарұлы 2016-2017.
Ұстаз деген сөз біз үшін қашанда қадірлі, қасиетті саналады. Небір данышпан да, қарапайым еңбек адамы да осы ұстаз алдынан өтеді. Ал, ұстаз болу – кез-келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Сондықтан, осы құрметті атаққа кір келтірмей, бар саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге аямай жұмсаған ұлағатты ұстаздар арамызда аз емес. Сондай жандардың бірі, қарапайым ұстаздықтан директорлыққа дейін көтеріліп, осы салада абыройлы еңбек етіп, білікті басшы ретінде көзге көрінді.
«Қазақтың қаны бір, жаны бір жол басшысы – мұғалім. Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі» — деген қазақтың кемеңгер ақыны Мағжан Жұмабаев.
Бабаларымыздың кей кездері орындалмастай болған, бес ғасырдан бері аңсап келген бейбітшілік аспанындағы тәуелсіз, азат елде өмір сүру арманы бүгін, міне, көз алдында орындалғандай. Шіркін, адамның қамшының сабындай ғана өмірінде шек болмағанда ғой, сонау кезеңдерден құралайдың көзіндей мөлдіреген қазағымның бұндай бақытын аңсап, өмірінің соңына дейін көре алмай кеткен Исатайлар, Мағжандар, Сәкендер мен Ахметтер қара халықтың бүгінгі қалпын көргенде, кім біледі, бақыттан басы айналып, жүрегі шарасынан атылып, алпыс екі тамырынан зулаған қанының қысымы миллиардтан асып дәл сол тұсында қайтадан келген жерінен оралар ма еді…. Әйтпегенде, дәл осы зиялы қауым бүгінгі таңда Қазақстанның ұшы-қиыры жоқ, кеудесінде қазақтың шарапаты тасыған даласының төбесіндегі ақ бұлттардан жымия бақылап тұр ма екен? Қайткен күнде де заманауи қоғамда біз олардың Тәңірден тілеген сол күндегі «қияли» арманының құшағындамыз. Ыбырай қазақ балаларына алғаш қазақ мектебін ашып берсе, бізде сол армандап келген тәуелсіздігімізге қол жеткізген соң, Ресей боданының қарамағында болғандықтан қаншама қазақ балалары орыс мектебінде оқып жүрді, соның бір көрнісі ретінде ұстаздарымыз қазақ балаларына арнап қаза сыныбын ашты. №33 жалпы орта білім беру мектебінде 1989 жылы Тәуелсіз жылдарындағы алғашқы ашылған қазақ сыныбының ұстаздары Мусинова Рысты Әлммұхаметқызы, Кокишева Дәмеш Кокешқызы, Тусупбекова Нұрғайша Жұмашқызы.
Қасиетті қара шаңырақтың білім нәрімен сусындап, мұғалім деген атақты алып шығу, оқушыларға жақсы тәрбие мен білім беру үлкен ерлік. Себебі біз тәрбиелеген ұрпақ ертеңгі күні еліміздің тірегі болмақ. Тәуелсіздіктің тұғырын, еліміздің тыныштығын сақтап қалатын да солар. Сондықтан ұстаз болу – жүректің батырлығы!
Адамова Бахтылы Хамитқызы, Алимбаева Кокеш Әлмұханқызы, Асқарбаева Дәмет Асқарбайқызы, Бейсенова Сара Сакимовна, Вагина Маргарита Михайловна, Галенищева Антонина Ивановна, Дерюгина Людмила Викторовна, Дурманова Ануза Орханқызы, Жангужинова Гүлжан Мәжітқызы, Жүсіпова Салима Әлдібекқызы, Землянская Галина Ивановна, Ирманова Асия Хамитқызы, Қозыбаева Тілектес Хасанқызы, Личман Любовь Андреевна, Мүлікова Раиса Батқұлдықызы, Осипова Елена Сергеевна, Үсенова Қамаш Үсенқызы, Балқымбаева Рымбеке Балқымбайқызы, Кабаченко Галина Евгеньевна, Сахариева Ания Шампатқызы, Әділбаева Гүлнар Сағадатқызы, Маринова Светлана Николаевна, Құдабаева Жұлдыз Нұрбайқызы, Сыздыкова Қадиша Сағындыққызы, Рябополова Лидия Михайловна, Терехина Валентина Ивановна, Таскарин Сағадат Сыздықұлы, Адыгалимов Еркін Аджанұлы, Егімбаев Нәжмиден Егімбайұлы, Карибаева Татьяна Какешқызы, Темірбаева Салима Уахитқызы. Көптің көкірек көзін ашып көңіліне білім нұрын сепкен, жаңалықтың жайнап шыққан жаршысы болып, үздік өнегесі мен ұстаздардың еңбегі. Мектептен ондаған, жүздеген түлектер қанат қақты. Олардың ішінде түрлі мамандықтың иелері – ұстаздар, дәрігерлер, ауыл шаруашылығы мамандары, құрылысшылар, инженерлер және ғалымдар жетерлік:
Кұнанбаев Ешмағамбет, Айтиметов Ғазиз, Жунусов Смағұл, Жакупов Жәнібек – Ұлы Отан соғыс жылдарында ұстаздық еткен жандар.
Мақажанов Хафиз Жаңабайұлы 1915 жылы Павлодар облысында шаруалар отбасында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтаған соң, Алматы медициналық институтына оқуға түскен. Травматолог-ортопед дәрігері, Қаз ССР еңбек сіңірген дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ұлы Отан Соғысына қатысушысы.
Ұлы Отан Соғысы басталысымен Х.Ж. Мақажанов мезгілінен бұрын, Y курста оқып жүрген кезінде соғысқа шақырылды. Соғыста өткен 4 төрт жылдың алғашқысын полк дәрігері болып бастап, кейін госпиталдың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарды.
1945 жылы Кеңес Одағының Коммунистік Партиясының мүшесі болды. Соғыстан аман-есен оралған соң (1947 жыл) Қарағанды қаласында хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып жұмысқа орналасты, кейін 25 жыл бойы – денсаулық сақтаудың облыстық бөлімінің бас хирургы лауазымын атқарды.
Ол Орталық Қазақстанның хирургия және травматология қызметінің дамуына өзіндік зор үлесін қосты. Қарағанды облысының көптеген аудандық ауруханаларында хирургия бөлімшелерін құруға ат салысты.
1949 ж. Хафиз Жаңабайұлының бастамасымен және тікелей басқаруымен ғылыми хирургтар одағы, кейін травматолог-ортопедтер қоғамы құрылды.
Х.Ж. Мақажанов емдеу ісін ғылыммен ұштастыра білді. 1955 жылы «Ксеносүйекті пайдалану арқылы ұзын сүйектердің сынығына операция жасау» атты кандидаттық диссертациясын қорғады.
1958 жылы ҚММИ-да Х.Ж. Мақажанов тұрақты басшылық еткен травматология, ортопедия және далалық-әскери хирургия кафедрасы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Хафиз Жаңабайұлы тірек-қимыл жүйесі аурулары мен зақымдануларын хирургиялық емдеудің тиімді тәсілдерін әзірлеп, енгізді. I-II деңгейлі Отан соғысының, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, «Денсаулық сақтау үздігі», «Жоғары мектеп үздігі» медалдарымен, белгілерімен, Қазақ ССР Жоғары Кеңес Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған.
Қабылбеков Мәжен Қабылбекұлы 1923 жылы 10 қыркүйекте бұрынғы Жетінші ауыл, қазіргі Ленин елді мекенінде дүниеге келген. Ол мектепте алдынғы қатарлы оқушылардың бірі болды. Әсіресе әдебиет пәнін өте сүйіп оқыды. М. Қабылбеков өз білімін жетілдіре түсуде еш уақытта да естен шығарған емес. Ол 1956 жылы Семей қаласындағы Н. Крупская атындағы педагогикалық институттың филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша диплом алады.
1978 жылы Мәскеу қаласындағы Кремльдің үлкен сарайында өткен Бүкіл одақтық мұғалімдер съезінің делегаты болып сайланды.
Мәжен Қабылбеков басқарған мектеп ұжымы тек қана ағымдағы мәселелерді шешіп қана қоймай, перспективалық күрделі мәселелерді шешуге бағыттап отыратын. Мектеп ұжымы өз ісіне байланысты барлық көрсеткіштерден аудан мектептерінің алдынғы қатарында болды. 1996 жылы зейнеткерлікке шықты. Қазақстан Республикасы бойынша «Оқу ісінің үздігі» белгісі берілді. Ол «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» және Ленин ордендерімен марапатталған.
1967 жылы «Қазақстан Республикасы мектептеріне еңбегі сіңген мұғалім» деген құрметті атақ берілген. Мәжен Қабылбекұлына ҚСРО Жоғары кеңесінің жарлығына сәкес «Социалистік еңбек ері» деген ең жоғары атақ беріліп, орақ-балға салынған алтын жұлдыз бен Ленин ордені тапсырылған. 1991 жылы М. Қабылбековке Ақсу қаласының ауылдық аймағының «Құрметті азаматы» деген атақ берілді. Ақсу қаласының ауылдық жерінде орналасқан Алғабас орта мектебіне Мәжен Қабылбековтың аты берілген. Ол өмірден өткеннен кейін, оған ескерткіш орнатылды. Мектеп ауласында Кеңестер Одағының батыры Қанаш Қамзин мен Социалистік еңбек ері-Мәжен Қабылбекұлы ескерткіші қатар тұр. М. Қабылбековке арналған шағын мектеп мұражайы жұмыс істейді.
Кромер Виктор 1947 жылы Тбилиский университетін бітірді. Ленин кентінде жұмыс істей бастады. Қазақ тілі, орыс тілі, математика, физика астрономия және сызу пәндерден сабақ берді. Жоғары білімді ғалым.
Садвакасова Нелкен Кәрімқызы 1935 жылы Павлодар облысының Потанин ауылында туған. Ленин кентінің орта мектебін күміс белгіге бітіріп, Қазақ Қыздар Мемлекеттік Педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түскен. Үздік диплом алғаннан кейін Павлодарға оралды. Ленин кентінің мектебінде жұмыс істеді. 1980 жылдан бастап Павлодар политехникалық техникумның механика бөлімнің меңгерушісі және математика пәнінен сабақ берудегі ҚазССР үздігі.
Какенова Пану Ілиясқызы 1935 жылы 4 наурыз айында Павлодар облысы, Екібастұз ауданында туған. хирург, медицина ғылымның кандидаты, профессор, доцент. 1959 жылы Семей медицина институтын бітіргеннен кейін, Ленин қонысындағы ауруханда бас дәрігер болып жұмыс істейді. 1964 жылы бастап бүгінге дейін Семей медицина институтындағы факультет хирургия кафедрасында жұмыс істейді. Адал еңбегі үшін «халықтар достығы» орденімен, денсаулық сақтау «үздігі» белгімен, «еңбек ардагері» медалімен және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігінің алғыс хаттарымен және «білім үздігі» белгісімен марапатталды.
Жанабылов Сағадат Алматы ауылшаруашылық, энергетикалық факультетін бітірген. Союз ССР кезінде энергетика министрлігінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Бейсенов Жұмажан Кәрімұлы Ленин кентінің орта мектебін 1958 жылы бітірген. 1962-1967 жылдары Томскідегі құрылыс — инженерлік институтын бітіріп, инженер-механик мамандығын алған. 1967 жылы Ленин кенті атындағы автобазада ПТО бастығы. 1970 жылы «Казсельхозтехника» автобазасының директорының орынбасары. 1973 жылы «Трест Откормсовхозов» автобазасының директоры. 1975 жылы «Сельхозводоснабжения» мекемесінде аға-инженер. 1980-1982 жылдары Жолқұдық АТП «Транссельхозтехника» автобазасының директоры. 2002 жылы «Достық» мекемесінде жұмыс атқарып, сол мекемеден зейнеткерлікке шықты.
Бейсекеев Әлімжан индустраиалды институтын бітіргеннен кейін, «Сельхозтехника» Аудандық бірлестіктің директоры болды.
Абжанов Нұрлан транспорт және коммуникаци академиясын бітіргеннен кейін, «Қазақстан Теміржол» Ұлттық компаниясында ревизор болып жұмыс істеді.
Сейілханов Жәнібек — Алматыдағы байланыс жолдары қазақ университеті.
Омаровтар отбасының 10 баласы осы мектепті бітіріп, әр біреулері бір-бір мамандық иелері. Қазбек – «Жилстройдың» басқарма бастығы, ал Айман Москвадағы Тимерязева атындағы ауылшаруашылық акдемиясын бітірді, Қапиза — жоғары санатты тіс дәрігері, Марат- ауылшаруашылық ғылымның кандитаты және Павлодар Университетінде доцент.
Щипицын отбасыларынан Вера Алексеевна и Любовь Алексеевна мұғалім, Алексей Ленинградтағы ауылшаруашылық академиясын бітірді, біздің ауданымызда тыл кезінде агроном болған, Николай Томскідегі технологиялық институтын бітірді, Петр ұшқыш және Ауған соғысында транспорт авиация командирі болған.
Қаратаева Қалиябану Махметқызы Алматыдағы мұғалімдер институтының физика математика факультетін бітірген. Кандидат, содан кейін докторлық дисертациясын қорғады, Гулиев атындағы Евразия университінде академик болып жұмыс істеді.
Сулейменов Жанат Жакенұлы 1946 жылы Ленин кентінде дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін Саратовтың ұшқыш училищесіне түсіп, кейін Ленинградта Азаматтық Авация академиясын бітірді. І класс пилот ретінде пилот-инструктор, жоғары аттестациялық комиссияның мүшесі болған. ҚР Азаматтық авиация академиясында, «Қазақстан әуе жолы» ұлттық комитетінде, «Эйр Қазақстан» авиакомпаниясында ұшу кезінде қауіпсіздік иснпекторы болып жұмыс істеген. 2006 жылы дүниеден өтті.
Жансейтова Ғалия Ануарқызы индустраиалды институтындағы энергетикалық факультетін бітіргеннен кейін, «Сельхозтехника» мекемесінде қауіпсіздік техниканың инженері болып жұмыс істейді.
Олжаева Мырзагүл Олжақызы
№33 жалпы орта білім беру мектебі
бастауыш сынып мұғалімі,
Павлодар қаласы