Тәрбиенің тал бесігі саналған балабақшалар қатары көп болса да, әр білім ұясындағы тыныс-тіршілік, өзіндік ұстаным тәрбиешілер біліктілігі әртүрлі. «Қазақстан темір жол» АҚ Ұлттық компаниясы Астана қаласы әкімдігімен ынтымақтастық меморандумын құра отырып, «Ақылды үй» жүйесі бойынша салынған кезекті білім ошағы 2015 жылы пайдалануға берілген Астана қаласы әкімдігінің №84 «Кәусар» балабақшасы.
Замануи талғаммен, барлық талапқа сай салынған білім ошағында бүгінгі күні 360-дан астам бүлдіршін 12 топқа бөлініп тек қазақ тілінде тәлім -тәрбие алуда. 29 педагог қызмет атқаратын ұжымдағы ең көңілге медет тұтар дүние бала бойына ұлттық құндылықтың нәрін сеуіп, рухы биік азамат етіп тәрбиелеу жолына жас тәрбиешілердің келіп қосылғандығы. Өз ісіне деген шеберлік, жауапкершілік жүгін арқалай білуге келгенде бір жұдырықтай болып жұмылған ұжым басқалардан оқ бойы озық
Қаңтар айының cоңғы жұлдызында «Мектепке дейінгі ұйымда денсаулық сақтау технологиясын қолдану арқылы, бала денсаулығын нығайту» тақырыбында қалалық семинар өтті. Екі жыл қатарынан эксперимент алаңы бойынша ғылыми жетекшісі педагогика ғылымдарының докторы, кандидат, профессор Фатима Ниязбекқызы Жұмабекованың жетекшілігімен жұмыстарын бір арнаға түсіріп үлгірген ұжым бұл жолғы кластер жетекшісі №7 «Аққу» ,серіктес балабақшалар тәрбиешілерінің алдында жоспарына сай өз тәжірибелерімен бөлісті.
«Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде инновациялық технологияларды қолдану тиімділігі жайында Фатима Ниязбекқызы баяндамасын оқыды. Балабақша меңгерушісі Базарбай Динара Артықбайқызы басқаратын ұжымдағы білікті маман инновация әдіскері Жусипалиева Жанар Абаевна бұл семинарды жүргізіп, көтеріңкі көңіл күй сыйлар жақсы тілектермен шымылдығын ашты. «Түстер терапиясы» арқылы тәрбиешілермен бірлесе жұмыс жасады. Түстердің тек адам көңіл күйіне ғана әсер етіп қоймай әртүрлі ауруларға ем екендігін кеңінен айтып берді.
Музыка жетекшісі Жақыпбекова Гүлмира Тұрғанбекқызының «Релаксация» шеберлік көрсетілімі, «Болашақ» ересектер тобының тәрбиешісі Оспанова Күлдірген Төлебаевна «Нүктелі массаж» шеберлігін әріптестерімен бірге көрсетті. «Балақай» ересектер тобының тәрбиешісі Сәбитова Айжан Ргалбековна жиналған қауымды таңдап алған гүл түсері арқылы ортаға шығарып «Тыныс алу жаттығуларын» жасатты. Өзара бәскелестік, білгендерін ортаға салып, ашық әңгіме өрбіте бастаған мамандар «Бәйтерек» мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі Қасымова Индира Саятқызымен бірге «Степ аэробика элементтерін қолану тиімділігі» бойынша жаттығу жасады. Өздерін әрі балаша әрі дайындықтан сүрінбей өтер спортшыдай ұстай білген өзге балабақшалардың тәрбиешілері бұл күнгі семинардағы барлық жаттығулардан қалыс қалмады. Қайта білек сыбана кірісті. «Көңілді доптар» созылу ойын-жаттығуларын өткізген «Шұғыла» мектепалды даярлау тобының тәрбиешісі Шалабаева Ақбота Әсетқызы өткізген шеберлік сәтінен өздеріне керекті мәліметтерін алды. Бәрінен де қиын түскені би жетекшісі Салбілекова Гүлнәз Алтынғалиқызының «Ритмикалық қозғалыстарды» көрсеткен шеберлік шыңдау сәті мен денешынықтыру нұсқаушысы Жарқынбай Ақбаян Қайратқызының «Бел омыртқа буындарына арналған жаттығулары» жиналғандарды таңдайқақтырды.
«Құм еліне саяхат» сәтінде маман Жумекенова Дәметкен Ерсайынқызымен бірге құмнан түрлі суреттер салып балаша мәз болып тарқасты.
Адам жанын емдеуде әуезді әуендермен, жүрек қылын тербер музыка құдіреті де жиналған көпке бір сәттік тыныштық пен демалыс сыйлады. Бұл – Музыкатерапиясы. Бұл күнгі басқосуда балабақша ұжымы өз шеберліктерін сөзбен емес іспен көрсете білген білікті маман, жан-жақты шебер педагог екендіктеріне сендірді.
Шын қуанып, көңілге медет тұтарымыз қазақтың сан қырлы жастары болашақ елдің ұл-қыздарын тәрбиелеуге атсалыса білгендігі. «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер» деген қазақтың сөзіндегі мән міне осы ортада.
Шетке қақпай өз білгенін ортаға салуда кластерлік бағыттағы бірлік өз мақсатына жетті деуге әбден болады. Күнделікті дайындық, ізденіс байқалатын білім ордасындағы барлық педагогтардың талпынысына риза болып тек сәттілік тілеуден басқа айтарымыз жоқ.
«Балапандарымыз –біздің болашағымыз!» десек елін сүйетін ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу үшін ұлттық рухы биік, парасатты осындай тәрбиешілеріміз керек. Айрандай ұйыған алтын ордаға қанаттарын кеңге жайып, іргесі бекіген қарашаңыраққа айналар күн тілейміз.
Әлия Ғалымбекқызы
«Білім айнасы», Астана қаласы.