Өскенбай дүние салған соң, арада жылдар өткенде Құнанбай жаңа өнер тауып, насыбай атауды бастапты. Бірде көпшілік бас қосқан алқалы жиында елдің дуалы ауыз қадірлі бір адамы:
— Уа, Құнанбай! Əкең Өскенбай еліңнің тəнін таза, денін сау етемін деп насыбай атқанға пышақ жұмсауға дейін барып еді. «Өзі жоқтың көзі жоқ», — деп сөздің шындығын, шындықтың төресін айтып бетіне басса керек. Сонда шарасы қалмаған Құнанбай мырза (Ол кезде қажыға бармаған) тұт ағашының безінен ойылып, күміспен күптелген шынжырлы шақшасын бешпетінің қалтасынан алып, қимағандай бір ауық сипап отырыпты да:
— Бір ауыз орынды сөзіңнің садағасы… тастадым насыбайды! — деп шақшасын қасында отырған Қаракесек руының белгілі адамы, А.Янушкеевич «Күнделіктер мен хаттарында» бірнеше жерде есімін атаған Тұрсын мырзаға беріпті.
Құнанбай шақшасы содан Тұрсынның баласы Əбенге, Əбеннен баласы, педогогика ғылымының докторы Дəдіғұлға, Дəдіғұлдан күйеу баласы, филология ғалымдарының докторы, белгілі ғалым-жазушы Мырзабек Дүйсеновке мирастыққа қалумен жеткен. Қымбатты мұра кейіннен ғалым-жазушы, Ақселеу Сейдімбековтың қолында болыпты…
Алмахан Мұхаметқалиқызы,
Білім айнасы