Білім беру саласы:«Коммуникация»,«Таным»,«Шығармашылық», «Әлеумет», «Денсаулық»
Ұйымдастырылған оқу қызметі:«Сөйлеуді дамыту», «Жапсыру», «Қоршаған ортамен таныстыру», «ҚҰМҚ»
Мақсаты: Қыс мезгілі туралы түсініктерін кеңейтуге, қысқы табиғат ерекшеліктерін түсіндіре отырып, қыс мезгіліндегі табиғат сұлулығына назар аударту.
Білімділік: Қысқы орманға саяхат жасау арқылы табиғатты бақылап, болып жатқан өзгерістерді байқауға, ерекшеліктерін ажыратып, айта білу дағдыларын қалыптастыру. Сурет бойынша әңгімелету арқылы балалардың сөздік қорын молайту.Қыс мезгілі туралы түсініктерін кеңейту.
Дамытушылық: Логикалық сұрақтарға жауап беруін, ойын арқылы балалардың ойлауын, есте сақтау қабілетін дамыту.Қысқы орманды, ағаштар, ұлпа қарлар, аңдар бейнесін жапсырту арқылы шығармашылық қабілетін,эстетикалық талғамын, саусақ моторикасын дамыту.
Тәрбиелілік: Табиғатты аялауға, әсемдікті сезініп, көре білуге, қорғай білуге тәрбиелеу.
Алдын ала жүргізілетін жұмыстар: Өткен тақырыптарды пысықтау, «қысқы ойындар» тақырыбына әңгімелесу.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің әдіс-тәсілдері: әңгіме, түсіндіру, сұрақ-жауап, ойын, саяхат.
Көрнекі құралдар: қыс мезгілінің мазмұнды суреттері, аққаланың бөліктері, бейнеэкран, жыл ерекшеліктерінің үлестірмелі суреттері.
Билингвалдық компоненттер:Қыс-зима-winter, қар-снег-snow, орман –лес-forest
Іс-әрекет кезеңдері
Мотивациялық-қозғаушылық
«Жылулық шеңбері»
Арайлап таң атты,
Алтын сәуле таратты.
Жарқырайды күніміз,
Жарқырайды даламыз.
Қайырлы таң достарым!
Қайырлы таң қонақтар!
Балалар шеңбер болып тұрады. «Шаттық шеңберін» орындайды.
— Балалар амандасып алайық.
— Сәлеметсіз бе!
— Здраствуйте!
— Good morning!
Ұйымдастырушылық-ізденістік.
Жұмбақ жасыру.
Аяз қысып,
Өрнек сызып,
Терезені торлайды.
Қарға омбығып,
Бет домбығып,
Балдырғандар ойнайды.
Кейде ұлып,кейде жұлып
Ұйытқып боран соғады.
Айтыңдаршы, бөбектерім,
Бұл қай кезде болады? (Қыс мезгілі)
— Қазір жылдың қай мезгілі?
— Қыс мезгілінің айларын ата?
-Қыс мезгілінің ерекшеліктерін еске түсірейік
(Балалардың жауаптары тыңдалады)
Бүгінгі оқу қызметіміздің тақырыбы «Қысқы орманға саяхат» деп аталады.
— Балалардың назарын бейне экранға аудару.
— Балалар суретте жылдың қай мезгілі бейнеленген?
(Балалар сурет бойынша әңгімелейді)
— Балалар қысқы орманға саяхат жасағыларың келе ме?
— Иә.
— Ендеше, орманға қыс көлігі – шанамен барамыз .
(«Зырлайды шанамыз» әні музыкасы қойылып,балалар шанамен орманға саяхатқа барады)
— Балалар, орманға да жеттік.
— Балалар қараңдаршы мынау ненің ізі екен?
— Қоян.
— Қане, бәріміз ізбен жүріп өтейік, із бізді қайда апарады екен.
Тосын сәт:Үйшіктен қоян шығады.
Қоян:
— Кім орманның тыныштығын бұзған?
— Саламатсызба, қоян! Біз орманның тыныс-тіршілігімен танысуға келіп едік
Қоян:
— Сәлеметсіздер ме балалар, қыс мезгілінің ерекшелігін білесіңдер ме? Олай болса, менімен ойын ойнауға қалай қарайсыңдар?
Дидактикалық ойын: «Не қажет?»
Қоян:
— Балалар, сендер қыс мезгілі туралы тақпақтар білесіңдер ма?
Бегайым:
Қыс қызықты балаға,
Ойнаймыз көп далада.
Қарды үйіп аулаға,
Сырғанайды бар бала.
Айсана:
Светло – пушистая
Снежинка белая,
Какая чистая,
Какая смелая!
Қоян:
Балалар, орманда тағы да жабайы жануарлар тіршілік етеді. Мына жақта көптеген аңдар бар. Сіздер бұл аңдардың аталуын білесіңдер ме?
Қасқыр, қоян,түлкі.
Тәрбиеші: Тағы қандай аңдарды білесіңдер?
Аю, бұғы.
Аюды көріп тұрсыңдар ма, балалар?
Жоқ.
Аю қайда екен?
Аю қыста өз апанында ұйықтайды. Ол көктемде ұйқысынан оянады.
Қоян:
-Балалар менің тағы тапсырмам бар, соны орындап бересіңдер ме?
«Сәйкестендір»
Мақсаты: санына қарай заттарды сәйкестендіру. Танымын арттыру.
— Балалар, ендеше қоянмен қоштасайық, біздің сөмкемізде қоянға арналған сәбізіміз бар еді, соны табыс етейік.
— Иә.
Дыбыстық жаттығу жасау.
Кі-кі-кі-қу түлкі,
Ян-ян-ян-қорқақ қоян,
Ю-ю-ю- маймақ аю,
Қыр-қыр-қыр- сұр қасқыр.
-Саяхатымызды жалғастырайық.
— Балалар орманда құстардың сайраған дауысы естіле ме?
— Жоқ. Құстар жылы жаққа ұшып кеткен.
-Назар салыңдаршы балалар, мына жақта құстардың дыбысы естіледі. Қане, зейін салып тыңдайық.
(Аудио дыбыс. Құстардың дауысы: Қарға, кептер, торғай)
-Бұл құстар, қыстап қалатын құстар екен. Талдағы құстарға назар салайық, қандай құстарды көріп тұрсыңдар?
-Қарға, кептер, торғай.
— Дұрыс балалар. Біз өткен оқу қызметімізде құстар туралы өткен болатынбыз. Қане, есімізге түсірейік, бұл құстардың орыс және ағылшын тілінде атауы қалай?
— Қарға – ворона — crow
— Кептер – голубь-dove
— торғай – воробей –sparrow
— Жарайсыңдар, балалар.
— Балалар, қыстап қалатын құстар тоңбас үшін біз не істеуіміз керек?
— Ұя жасап, оларға жем беруіміз керек.
— Олай болса, құстарға арнап ұя жасап берейік.
Ұялардың есіктерін пішіндерден құраймыз.
Үшбұрыш, дөңгелек, шаршы.
— Кәне кім құстар туралы тақпағын айтып береді.
Торғай, торғай, торғайсың,
Жақын келіп қонғайсың.
Жем шашайын тойып ал,
Сонда аязға тоңбайсың.
Сергіту жаттығуы.
Боран соғар оң жақтан,
Боран соғар сол жақтан.
Қар лақтырып ойнасақ,
Су өтеді қолғаптан.
Балалар,осымен саяхатымыз тәмәм, балабақшамызға қайтатын уақыт болды.
/ шанаға отырып көңілді әуенмен балалар балабақшаға оралады/
— Балалар, сендерге саяхат ұнады ма?
— Иә.
— Маған да ұнады. Сендер орманнан нені көрдіңдер?
Шығармашылық жұмыс.
«Қысқы ормандағы ақ қоян»
Мақсаты: дәстүрден тыс мақтаны жапсырмалау арқылы ақ қоянды бейнелеу.
Қорытынды:
Дидактикалық ойын «Қыс мезгілінің ерекшелігін тап»
Ойын шарты: Қыс мезгілінің суреті бейнеленген қалташа ілінеді. Үстел үстіне төрт жыл мезгілінің ерекшеліктері бейнеленген суреттер ішінен қыс мезгілі бейнеленген суреттерді тауып қалташаға салу.
— Балалар, бүгінгі оқу қызметіне барлықтарыңыз да жақсы қатыстыңыздар. Сіздерге бүгінгі оқу қызметі ұнады ма? Кімге қай бөлімі ұнады?
(балалардың түрлі жауаптары)
Венера Аманжолқызы Хусаинова,
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы
№36 «Балақай» бөбекжайының тәрбиешісі