Home »   Қыз өссе – елдің көркі  («Аяулы арулар» клубы аясында)

  Қыз өссе – елдің көркі  («Аяулы арулар» клубы аясында)

Қоғамда қызға арналған барлық тақырыптар нәзік келіп, мол тәрбиеге ие келеді. Қыздың мейірімділігі, ерекше жаратылысы өтпелі кезеңде біраз өзгеріске ұшыраса да оның әдемілігі өз қалпын жоғалтқан емес. Сол себепті қыздың тәрбиесіне отбасынан бөлек мектеп қабырғасы да араласып, қыз тәрбиесіне өз үлестерін қосуда. Әрине, мектептегі қыздың тәрбиесі отбасына да байланысты, десек те қыздың көңіліне кірбің түспей өсуі отбасы мен мектептегі бағыт-бағдар берушілерге байланысты.

Қыз тәрбиесі өте нәзік, сол себепті жан-жақты қолдау көрсетіп, бей-жай қарамай, қызға уақытылы кеңес беру мақсатында мектебімізде қыздарға араналған ата-аналар мен мектептің мұғалімдерінен құрылған «Аяулы аруар» клубы өз жұмысын бастады.

«Аяулы арулар» клубының мақсаты — заманауи қоғамда азаматтық ұстанымы бар, ұлтжанды, инабатты, парасатты, ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін оқушы қыз тәрбиелеу, қыздар сырласатын, ой бөлісетін, қажетті кеңестер ала алатын орта құру және аналардың қыздар тәрбиесіндегі белсенділігін арттыру. Әрбір қыз балаға ата — анасын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығары сөзсіз.

Қазіргі таңда қауымдастық жұмысы қоғамдық, мәдени, тәрбиелілік және қалыптастырушылық бағыттарда жүзеге асуда. Клуб мүшелері жоспарға сай сырласу, пікірлесу, дөңгелек үстел, шеберлік-сағаттар, ақыл-кеңес беру әдістерін қолданып, түрлі іс-шаралар өткізеді.

Клубтың жұмысын тиімді ұйымдастыру мақсатында жоспарланған кездесулерге арнайы қонақтар шақырылады. Әйел – ана, отбасының ұйытқысы, әйел – іскер, қоғам көшбасшысы, әйел – жылулық, барша әлемге мейірім шашып тұратын шапағат шуағы. Иә, әйелдерге қандай теңеу айтсаң да жарасымды. Өйткені олар бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетіп отыратын қауым. Ал бүгінде қоғамда нәзік жандылардың іскерлік және көшбасшылық қабілеттерімен көзге түсіп жүргендері жетерлік. Олардың қатарында өңіріміздің дамуына зор үлес қосқан азаматшалар мен қыз баланы тәрбиелеуде өмірлік тәжірибелері мол қария  апаларымыз да бар. Атап айтқанда, ОҚО теміржол басқармасының бөлім басшысы қызметін атқарған, зейнеткер  Бақбергенова Майра Омарқызы, ҚР Білім үздігі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, ОҚО әйелдер кеңесінің төрайымы Жандосова Баян Айтбекқызы, оқушыларымыздың әжелері Ұлтуар Дәуірбаева, Күлзинат Нұрбекова,  Замира Сарыбаева,  Мавлия Садуллаевалар клубтың қонағы болған. Бүгінгі күнге дейін тәрбиелік мәні терең кездесулер «Көшбасшы әйелдер мектебі», «Әлемдегі әйел беделі», «Ақылды қария – ағып жатқан дария», «Мемлекетіміздің дамуындағы әйелдердің рөлі» сынды тақырыптар аясында өтілді. Кездесулер барысында кейіпкерлеріміз өмір жолында жинаған тәжірибелік өсиеттерін, қыздарға арналған ақыл-кеңестерін айтса, клуб мүшелері Қазақстанның мақтан тұтар әйгілі, түрлі салада жетістікке жеткен әйелдердің өмірбаяны, еңбек жолы жайында дайындаған ақпараттарымен бөліседі.   Жоспарланған кездесулер тек пікір алмасу, кеңес айту түрінде емес, сондай-ақ, ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыруға бағытталған түрлі психологиялық ойындар мен тренингтер әдістерімен  өтіледі.

Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі әйелдердің азаматтық белсенділіктері өсіп, қоғам өміріндегі әлеуметтік рөлдері жоғарылады. Бүгінгі күні мемлекет алдында отбасы ошағын сақтаушы әйел ғана емес, сонымен қатар, әлемде болып жатқан өзгерістердің белсенді қатысушыларын, көшбасшы әйелдерді тәрбиелеу міндеті тұр. Аталған міндеттің табысты орындалуына ықпал ету мақсатында мектебіміздегі «Аяулы арулар» клубы өз қызметін әрі қарай жалғастыратын болады.

Исмаилова Лаззат Жумабаевна
Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог-ұйымдастырушы-кураторы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.