Home » Балабақша » «Қызғалдақта» салауатты салтқа бағытталған семинар өтті

«Қызғалдақта» салауатты салтқа бағытталған семинар өтті

Бүгін, яғни, ағымдағы жылдың 6 сәуірінде Астана қаласындағы №43 «Қызғалдақ» балабақшасында «Салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында қимыл-қозғалыс белсенділігін арттыру арқылы балалардың денсаулығын нығайту» атты тақырыпта семинар өтті.
Семинардың мақсаты: Денсаулық ұғымының адамгершілік құндылығы ретінде мәнін ашу. Денсаулықты сақтау, нығайту қажеттілігі туралы түсініктерін кеңейту. Яғни, балаларға салауатты өмір салтын насихаттау, адам денсаулығына пайдасы туралы түсіндіру, жарыс ойындарына қызығушылықтарын тудыру, жеке тұлға ретінде қалыптасып дамуына қолайлы жағдайлар туғызу.
Аталмыш балабақша семинарды өткізу барысында алдына мынадай міндеттер қойды: қимыл-қозғалыс белсенділігін арттыру арқылы балалардың денсаулығын нығайту жұмыстарының тиімділігін арттыру. Балаларды денсаулығын күтуге, бағалауға тәрбиелеу және салауатты өмір салтын сақтау арқылы дені сау, рухы таза ұрпақ тәрбиелеу.
Айтулы шараға «Білім айнасы» газетінің тілшілері мен серіктес балабақша меңгерушілері, әдіскер-тәрбиешілері және ата-аналар қауымы мен балабақша бүлдіршіндері қатысты.
Шараның шымылдығын ашқан «Қызғалдақ» балабақшасының меңгерушісі З.Махашева семинарда денсаулық, спорт мәселесіне басымдық бере отырып, мектеп жасына дейінгі балалардың салауатты дамуына ықпал ететін біршама дүниелерді қатысушылар назарына ұсынатындығын атап өтті.
Семинар барысында балабақшаның әдіскер-тәрбиешілерінің гимнастикалық жаттығулар көрінісі, балабақшадағы сауықтыру жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ балабақша ұжымы ұйымдастырған білім және денсаулық көрмесі келушілердің көңілінен шықты.
Аталмыш шараны өз деңгейінде ұйымдастырған балабақша ұжымына сәттіліктер тілейміз! 

Гүлжазира ЕРТАСОВА,
“Білім айнасы»,
Астана

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.