Home » Эссе » Қызығы мол мамандық

Қызығы мол мамандық

Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегін кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға.
(Абай)

Менің педагогикалық философиям қарапайым. Мен балалармен көп жыл еңбек етудемін, бұл еңбектен жалыққан емеспін. Балабақша есігін ашқанымда — «Бақытты балалық шақ» әлеміне түскенімді түсіндім. Әр мамандықтың қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Менің мамандығым тәрбиешілік күрделі де, қызықты мамандық. Шынымды айтсам, кейде жұмыстан үйге қайтқанымда мен қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ сол өткізген күнімді талдап отырғанда әр баламның маған деген ықыласын, маған ұмтылған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарын бір сәт еске түсірсем, шаршағанымды лезде ұмытып кетемін. Осы бір «Балалар әлемінің» теңізіне бір бойласаң, ешқашан басқа жаққа кете алмайсың деп ойлаймын. Себебі бала-тап-таза, бала-пәк. Мөлдір бұлақтың бастауын, көзін ашып, тұнығына қану үшін қаншама қиын да, қызықты еңбек пен терді ұстаздар төгеді! Әрбір баланы ана тілінде әдемі сөйлету, олардың ой сезімдерін көркем, анық, әдемі жеткізе білуіне баулу, олардың танымдық қабілеттерін дамыту-тәрбиешінің мақсаттарының бірі. Ұстаз болу, соның ішінде тәрбиеші болу — киелі де, ұлағатты мамандық. Бала тәрбиелеу, оған өмір негізінен мәлімет беру, оны өмір сүруге үйрету өте қиын шаруа. Бір ретте отыз-қырық баламен оқу іс-қызметін өткізіп көрген адам ғана оны түсінеді. Тәрбиеші күн сайын ерлікке пара-пар жұмыс жасайды. Әр таңда өз кішкентай достарымды асыға күтемін, олардын әрқайсысы бүгін қандай көңіл күймен келетінін ойлаймын. Менің еңбегімнің мәні-таңғажайып балалар әлемін тереңірек танып, өз өмір тәжірибемнің мейірімімнің дәндерін қондыру. Менің үлкен бақытым-балалармен жұмыс жасау. Себебі, тек қана бала, мейрімділікке ешнәрсеге алаңдамай сенеді. Олар менің қолыма алақандарын қойып, мойныма асылып тұрып өз құпияларын айтып, маған сенім артады. Әрбір бала маған деген қарым-қатынасында қуаныш, шаттық сыйлайды. Олардың маған, менің оларға деген керектігінімді сезінетініне сенемін. Осы сенімнің болуы-әрбір педагогтың бақыты деп ойлаймын. Тәрбиешінің басты міндеті — балаға ана тілін, ұлттық салт-дәстүрді, адамзаттық құндылықтарды, денсаулығын нығайтуды, білім мен жан жақты қалыптасуды үйрету болып табылады. Имандылыққа, парасаттылыққа, үлкенге ізеттілік көрсетіп, кішіге қамқор болуға, жан жақты мәдениеттілікке тәрбиелеу ұстаздың бастапқы рөлі. Еліміздің егеменді ел болып, еңсесі көтеріліп, тәуелсіздіктің көк туын желбіреткенімізге 26 жыл толып отыр. Осы мерейлі екі он жылдықтан аса уақытта адам да, қоғам да түбімен өзгерді. Ұлтымыздың сана сезімі жаңа деңгейге көтерілді, осыған орай жас ұрпақты оқытып, тәрбиелейтін барлық ұжымдардың бірі балабақшамызда ұлттық тәлім тәрбиеге аса көңіл бөліп отырмыз. Халқымыздың тәлім-тәрбиелік мұрасына үңілсек, ол салт дәстүрді, адамгершілікті, қайырымдылықты, мейірбандықты, имандылықты тәрбиелейді. Отыз жылдан аса уақытта педагогикалық еңбегімде балаларға жүйелі түрде ұлттық педагогикамен психологияны ұштастыра отырып, еңбек етіп келемін. Әр баланың таңертең достарымен амандасуы, бір бірімен достық, әдепті қарым қатынаста болуы, әрбір тамақтанудан соң бата айтып, ас қайыруы бойларына сіңген әдет. Осылай басталған жақсылық атаулы, балалар бойында имандылықтың бар екендігінің айғағы. Балалар бойындағы адамзаттық құндылықтар олардың іс-әрекет барысында, әртүрлі ойындарда, ертегілерді сахналауда, суреттерді сипаттап айтуда көрінеді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келетін болсақ, халқымыздың даналығында «баланы жастан» деген сөз бар, сондықтан да тәрбиенің талбесіктен басталатынын ескерсек, ата-баба армандаған ұлтжанды баланы тәрбиелеу әр тәрбиешінің ұлағатты міндеті. Осы міндетті орындауда мен өз үлесімді қосып отырған сияқтымын. Мен өз тәрбиеленушілеріме өмір деген үлкен өзенде бойындағы жақсы қасиеттерін алып, емін еркін жүзіп өтулеріне тілектеспін.

Асия Нурулловна Аубекерова,
Атырау қаласы,
№18 «Балдырған» балабақшасының
I санатты тәрбиеші

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.