Білім беру саласы: коммуникация
Бөлімі: драма
Мақсаты: Балаларды табиғатпен және оның тіршілігімен таныстыру арқылы балалардың тілін, білімін жетілдіру, ойлау қабілеттерін арттыру. Ойлау қабілеттерін ойын арқылы жетілдіру және тұлғаны қалыптастыру, ертегілер елін саяхатқа шығуын елестету арқылы қиял болжамдарын дамыту, тіл байлығын, танымдық қабілетін, сөздік қарым-қатынастарын нығайту. Бір-біріне деген достық қарым-қатынасқа, досының қуанышын сезіне білуге тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдері: елестету, сазналау, көрсету, ойын, сұрақ-жауап, санау, сергіту сәті, бағалау, қорыту.
Құрал-жабдықтар: ертегі кейіпкерлерінің киімдері, ағаштар.
Психологиялық дайындық.
- Балалар, бүгін ерекше күн. Біздің сабағымызға қатысу үшін қонақтар келіп отыр. Олай болса қонақтармен амандасып алайық. Айналамызға қарайықшы, топтың іші әдемі безендірілген. Сендер де әдемі болып, күндегіден ерекше киініп алғансыңдар.
Арайлап таң атты! Алтын сәуле таратты! Жарқырайды күніміз! Жайнай түсті даламыз! Қайырлы таң, апайлар! Біз ерекше баламыз, Айтқан тілді аламыз. Достарымды көргенде, Қуана қарсы аламыз.
— Балалар, бір-бірімізге жақсы тілектер айтайық. — Аспандарың ашық болсын!
— Достарың көп болсын!
— Балалар ауырмасын!
— Аналарымыз қасымызда болсын!
— Балабақшамыз гүлдене берсін!
— Міне, балалар, сендер тату-тәтті дос екендеріңді білдіріп, бір-біріңе жақсы тілектер айттыңдар.
Тілектер қабыл болсын!
Мен сендерге сұрақтар қоямын. Сендер мұқият тыңдап, тез-тез жауап беріңдер.
— Қазір жылдың қай мезгілі?
— Күз мезгілінің соңғы айы.
— Дұрыс, балалар, күз мезгілі де аяқталды. Енді, келесі жылдың қай мезгілі келеді?
— Қыс мезгілі келеді. — Қыс мезгілінде неше ай бар және қандай? — Үш ай бар: Желтоқсан, Қаңтар, Ақпан.
— Балалар, қане бәріміз көзімімізді жұмып, ертегілер еліне ойша саяхат жасаймыз. Айналамызда жап-жасыл ағаштар, жайқалған әдемі гүлдер. Құстардың сайраған үні естіледі. Әдемі көбелектер ұшып жүр. Мөп-мөлдір таза бұлақ ағып жатыр. Мұнда ғажайып ертегі кейіпкерлері бір-бірімен дос болып, тату-тәтті өмір сүруде. Енді балалар көздеріңді аша қойыңдар. Ертегілер еліне саяхат ұнады ма?
— Ұнады.
(Осы кезде әуен сазымен Қызыл Телпек кіреді)
Қызыл Телпек: Амансыңдар ма, балалар! Мені таныдыңдар ма?
— Иә.
— Міне қызық, балалар. Біз жаңа ғана ертегілер елі туралы айтқан едік. Ал, сонымен мына әдемі қыз қай ертегі кейіпкері екен?
— «Қызыл Телпек».
Ендеше, балалар, сол «Қызыл телпек» ертегісін сахналастырамыз.
Ерте, ерте, ертеде, бір әдемі үйде қызыл телпекті қыз өмір сүріпті. Таң атып жан-жануарлар, бүкіл табиғат ұйқыдан оянған кезде қыздың анасы бәліш пісіруге кіріседі. Дәмді бәліштері дайын болған соң қызын оятады.
- Қызым, тұра ғой, мен бәліш пісіріп қойдым, бәлішімді әжеңе апарып бере ғойшы.
- Жарайды, анашым.
- Қызым, орман ішімен жүрме, бөтендермен сөйлеспе, жолда абай бол.
Қыз бәлішті алып жолға шығады. Жолда келе жатып қасқырды кездестіреді.
- Сен кімсің?
- Мен Қызыл телпекті қызбын?
- Қайда барасың?
- Әжемнің үйіне анам пісірген бәліштерді апара жатырмын.
- Ой жарайсың, сен қандай ақылды қызсың, мен саған жол көрсетейін. Сен орман ішімен бар, орман ішімен барсаң өте тез жетесің?
Қасқыр қызыл телпекті қызды алдап, адастырып жібереді. Ал өзі қысқа жолмен әжейдің үйіне жетіп алады. Әженің үйіне келіп есікті қағады.
- Бұл кім?
Қасқыр дауысын өзгертіп:
- Мен немереңіз – Қызыл телпекпін, әже.
- Жарығым-ау, кіре ғой, есік ашық.
Қасқыр үйге кіріп, әжейдің қасына келеді.
— Әй, сен менің немереме ұқсамайсын ғой. Тұмсығың мен құлағың ұзын, тістерің өткір, тырнақтарың өскен, үсті-басың кір-қожалақ. Құйрығың да бар ма, көздерің неткен үлкен. Сен кімсің? Менің немерем мұндай емес.
— Ха-ха-ха мен қасқырмын. Сенің немереңді жолда адастырып, өзім сені жеуге келдім.
Әжей саспай, ойланып бір қулық табады.
— Қасқыржан, сен мені жемес бұрын қолыңды жудыңба? Әй жумағансың-ау, қолың кір ғой. Негізі, қасқыржан, тамақтанудан бұрын қолды жуу керек.
Қасқыр өзенге қолын жууға кетеді. Ал жолда адасқан қызыл телпек, орман ішімен келе жатып, аюға кезігеді.
- Сен кімсің, орманда қайдан жүрсің?
— Мен Қызыл телпекті қызбын, аю жан, сен неткен мамықсың, неткен әдемісің, өзің өте мейірімді аю екенсің ғой.
— Мейірімді дейді, мені ешкім орманда бұлай атамаған еді, бәрі қорбаңдаған, маймақ, қорқынышты деуші еді. Сен мені мейірімді дедің. Сен қандай ақылды қызсың. Маған ұнап қалдың, сенің тағы қандай өнерің бар?
— Мен саған ән айтып берейін.
Орманға мен келдім, Аюжанды көрдім. Өзі сондай көркем, мейірімді жан екен, Мен оған ән айтып бердім. Аю көмектесші. Маған жол көрсетші. Мен адасып қалдым, Жолдыда білмеймін,әжемнің үйі қайда? Қасқыр мені алдап кетті, Адастырды, шатастырды. Аю көмектесші, маған жол көрсетші Мен енді қалай жетемін?
(Әні А. Қалаубаеваның ертегілер әнімен айтылған)
Әнін айтып, Қызыл телпекті қыз жылап жібереді. Оған қосылып аю да жылайды.
— Қызым, мен саған әрине жол көрсетейін және мына балды әжеңе ала бар.
— Рахмет, саған аюжан, сау бол!
Қызыл телпек аюмен қоштасып жолын жалғасытырады. Шаршап-шалдығып, бір үйшікке кездеседі.
Үйге кіріп тынықпақшы болғанда, мыстан кемпір келіп қалады.
- Сен кімсің? Менің үйміе қалай кірдің?
- Мен – Қызыл телпекті қызбын, әже.
— Әже дейді, мені орманда бәрі мыстан, жалмауыз деп атаушы еді, сен әже дедің ғой, неткен мейірімді қызсың? Сенің тағы қандай өнерің бар?
— Әжей, мен билей аламын.
Қызыл телпекті қыз секіріп билей жөнеледі, өзімен бірге мыстанды да билетеді. — Қызым, сен өте жақсы қыз екенсің, орманда қайдан жүрсің?
— Мен адасып қалдым, қасқыр мені алдап кеттті.
-Қап бәлем, қасқыр қолыма түссе сазайын тарттырармын. Отыр сыпырғыма, мен сені әжеңнің үйіне жеткізіп салайын.
Мыстан қызды сыпырғысана отырғызып, әжесінің үйіне алдап келеді.
— Рахмет, әжетай, әжемнің үйі – осы. Жүр, үйге кірейік, бізбен бірге шай іш.
— Жоқ, қызым, рахмет! Менің орманда шаруаларым бар. Сау бол!
Мыстан орманға қайтып кетеді. Қызыл телпекті қыз әжесінің үйіне кіре бергенде қасқыр келіп қалады.
— Мен қолымды жуып келдім, енді сені жесем бола ма?
— Жоқ, әжемді жемеші, қасқыр.
— Неге, менің қарным ашып тұр, сені де жеймін, әжеңді де жеймін. Менің қарным қатты ашып тұр,
— Қасқыр, сен бізді жеме, қарашы менде анам пісірген бәліштер бар. Өте дәмді.
— Бәліш?! Қане, мен тәттіні сүйіп жеймін ғой. Ммммм, өте дәмді екен, қарным тойды. Қызыл телпек, сен өте мейірімді, батыр қыз екенсің. Мен сені де, әжеңді де жемеймін. Мен енді ешкімге зиян келтірмеймін. Рахмет қарнымды тойғызғаныңа.
Қасқыр бәлішті жеп, мейірімімді болады. Көрдіңдер ме, балалар, мейірімділік, жақсы сөз қашанда жақсылыққа жетелейді. Қызыл телпек үлкен аюды да, мыстан кемпірді де жылы-жұмсақ сөзбен мейірімді етті. Әжесі мен өзін қасқырдан аман алып қалды. Сендер де мейірімді, ақылды болыңдар!
Күтілетін нәтиже:
Түсінеді: Балалар ертегіні сахналастырып, ертегі кейіпкерлерінің мінез-құлықтарын, мейірімді екендіктерін түсінеді.
Біледі: Балалар ертегіде кейіпке еніп, әр түрлі дауыстарда дыбыстап сахналастырды.
Қолданады: Балалар ашық ұйымдастырылған оқу қызметінде барлық сұрақтарға жауап бере алады.
Усенова Нафиса Нуришовна
«Балапан» бөбекжай-балабақшасының
ІІ-санатты тәрбиешісі
ОҚО, Кентау қаласы, Қарнақ ауылы