Home » Жаңалықтар » Қызылордада үздік ұстаздар марапатталды

Қызылордада үздік ұстаздар марапатталды

Қызылордадағы А. Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде қалалық білім бөлімі мен қалалық кәсіподақ комитеті «Білім. Ұстаз. Болашақ» атты шара ұйымдастырды.

Шарада жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, саланы дамытуға үлес қосқан үздіктер марапатталды.

Олардың қатарында жуырда өткен республикалық «Үздік педагог – 2017» байқауының жеңімпаздары – Қызылордадағы №1 мектеп-гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәуле Әлденова мен №144 орта мектебінде музыка пәнінен сабақ беретін Сағатбек Қарапаевтар бар.

Сондай-ақ, аймақ мектептері арасында өткен байқауда «Үздік білім ордасы» атағын жеңген облыс орталығындағы №3 мектеп-лицей директоры Меруерт Әбдіқалықоваға да көп алдында құрмет көрсетілді.

Сонымен қатар, бірқатар мектеп басшылары, республикалық, халықаралық түрлі сайыс пен олимпиада жеңімпаздарының ұстаздары және де облыстық спорттық спартакиадада жүлделі орын иеленген мұғалімдер облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Ұстаздар құрметтелген кеш қалалық қосымша білім беру орталығы мен «Өнер» мектебінің өрендері әзірлеген концерттік бағдарламамен түйінделді.

М. Ақынұлы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.