Білімнің дамуы – бүгінгі адамзат өркениетінің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші. Ал біз үшін білім — тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымыздың, Елбасы межелеген алғашқы 30 мемлекеттің қатарына қосылудың басты алғышарты.
Қазіргі қоғам мен оның аса шапшаң өмір ырғағы үнемі жетіліп, жаңарып отыруды талап етеді. Соның ішінде білім саласында болып жатқан жасампаз өзгерістердің маңызы зор. Бірақ заманға қарай талғам өзгергенімен – талап жалғыз. Ол – ғаламдық бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ қалыптастыру.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «100 Нақты Қадам» Ұлт Жоспарының 79-қадамында білім беру жүйесінде жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшуді ұйымдастыру нақты тапсырылған. Осыған орай, ««100 Нақты Қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру аясында Қызылорда облысының білім беру жүйесінде жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшуді ұйымдастыруға арналған өңірлік іс-шаралар жоспары» қабылданды.
Негізгі мақсат – оқушылардың болашақ маман ретіндегі бәсекелестік қабілетін арттыру. Іс-шара жоспарына сәйкес 2016 жылы түрлі шаралар: форумдар, ашық есік күндері, олимпиадалар, байқаулар, интерактивті сабақтар т.б. ұйымдастырылуда.
Оның бірі үстіміздегі жылдың 15 ақпанында «Жаратылыстану –математика бағытындағы ағылшын тілінде жүргізілетін күрделі пәндерді жаңа педагогикалық технологиямен оқыту» тақырыбында №9 білім-инновация лицейінде облыстық семинар өтті. Бұл аталған білім беру ұйымы — «мамандандырылған білім беру ұйымы» болып есептеледі. Мұнда ағылшын тілі пәніне бөлінген қосымша сағаттар да тереңдетіп оқытуға бөлінген сағаттар есебінен қаралған. Нәтижесі жаман емес. Оқушылар халықаралық ғылыми жоба жарыстары мен пәндік олимпиадаларда тұрақты түрде алдыңғы қатарда.
Семинардың мақсаты «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарын жүзеге асыру жұмыстарын жоспарлау, жаратылыстану бағытындағы пәндердің ағылшын тілінде жүргізудің алғышарттарын қарастыру, инновациялық мектептердің тәжірибесіне қолдау көрсету болып табылады.
Семинар аясында озық тәжірибелерді насихаттау мақсатында ашық сабақтар шеруі болды. Алдымен лицейдің биология пәнінің мұғалімі Абдурафиков Рустам ашық сабақ жүргізді. Мұғалім мен оқушылардың ағылшын тілінде еркін сөйлеуі семинарға қатысушылардың қызығушылығын туғызды. Сонымен қатар, химия пәнінің мұғалімі Рахманов Ұлан өз іс- тәжірибесімен бөлісті.
Семинар соңында қатысушылар лицей-интернатпен желілік қауымдастық орнату туралы ұсыныстарын білдірді. Қауымдастық желісінде жұмыс жасау — бүкіл әлем мойындап отырған табысқа жетудің тиімді тәсілдердің бірі болып саналады. Қызылорда ұстаздары бұл бағытта алдағы уақытта бірлесе атқаратын жұмыстарын жоспарлады.