Home » Баяндамалар » ҚР білім беру мазмұнын жаңғыртудағы «Тілдердің үш тұғырлылығы» Мәдени Жобасының жүзеге асырылу маңыздылығы

ҚР білім беру мазмұнын жаңғыртудағы «Тілдердің үш тұғырлылығы» Мәдени Жобасының жүзеге асырылу маңыздылығы

Бүгінгі таңда өздеріңізге белгілі Облыстық білім басқармасының әдістемелік кабинеті білім беру саласындағы маңызды да өзекті мәселелерді қоғамдық дамумен ұштастыра отырып, жоспарлы түрде жүзеге асырып келеді. Осы орайда бүгінгі ұйымдастырылып отырған семинарымыздың мақсаты – Үш тілде оқыту негізінде оқушылардың ақпараттық кеңістігіне ену мүмкіндңктерін кеңейту және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру.
Еліміздегі үш тұғырлы тіл саясаты, үш тілде білім беру мәселесі қызу талқыға түсіп, қазіргі таңда жүйелене түскені мәлім. Ең алдымен баяндамамыздың тақырыбына орай үш тілділік бағытындағы Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері  болашаққа бағдар беретін бастамалар жайлы ой қозғап өтсек, артық болмас еді. Негізінен, Тілдерді дамыту – еліміздегі мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі. Тіл проблемаларын оңтайлы шешу – ұлтаралық қатынастар үйлесімділігінің, халық бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтудың түпқазығы болып табылады. Осы орайда халқымыздың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев: “…Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы – ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат еш нәрсе болмасқа тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тынық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең, тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ,” – деп тіл жайында терең толғанған екен кезінде. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қазіргі таңда мемлекеттік тіл туралы оңды қоғамдық көзқарас қалыптасып отыр. Тіпті Отанымызда өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдерінің де мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшынысы күннен-күнге арта түсуде. Бұл жағдайды қазақ тіліне көрсетіліп отырған құрмет деп түсінуіміз қажет.
Бүкіл өркениетті адамзатпен бірге жаңа даму жолына бет түзеген Қазақстанның, оның мемлекеттік құрылысының алдында тұрған міндеттері күрделі, ауқымды әрі алуан түрлі. Солардың ішіндегі ең бір өзектісі, рухани-тарихи маңызымен ұрпақтар сабақтастығы, тәрбиесі мен болашағы үшін орны ерекше проблема – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылуын іс жүзінде қамтамасыз ету.
Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілі – ұлттық руханиятымыздың өзегі. Мемлекеттік тіл – азаматтық сәйкестіктің басты нышандарының бірі. Әлеуметтік-лингвистикалық модель тұрғысынан алғанда, ол, ең алдымен, осы мемлекеттегі сан алуан ресми қарым-қатынастарды жүзеге асыратын тіл. Яғни, заң актілерінің, іс қағаздарының, қызметтік-іскерлік жазбалардың, ресми, оның ішінде халықаралық қатынастың, сот саласының тілі. Есеп- санақ, қаржылық және техникалық құжаттамалар да осы тілде жүргізілуге тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары, қарулы күштер, ғылым мен білім беру салалары да осы талаптарға толық жауап беруге тиіс.
Көпұлтты мемлекетте қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қызмет етуін қамтамасыз ету – өте күрделі мәселе. Қазіргі мемлекеттік тіл саясаты дұрыс бағытта жүргізіліп келеді. Бұл жерде асығыстық жасау қалаулы нәтижелерге қол жеткізбейді. Сол себепті бұл мәселе кешенді Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда. Тіл саясаты саласындағы әлеуметтік зерттеу көрсеткіштері және Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шаралар, мәселен, іс жүргізуді кезең-кезеңімен мемлекеттік тілде жүргізуге көшіру, мемлекеттік қызметшілерге және ересек халыққа арналған қазақ тілін үйрету курстарын ұйымдастыру, қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалар, жоғары оқу орындарындағы қазақша оқытатын топтар санын арттыру, қазақ тіліне инновациялық технологияларды енгізу және тағы басқа да маңызды шаралар – бұл саладағы жағдайдың жақсарып келе жатқанын көрсетіп отыр.
Қазақстандағы тілдердің үштұғырлылығы туралы ойды Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясында айтқан еді. Ал 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» деп аталған халыққа Жолдауында Елбасы «Тілдердің үштұғырлылығы» – «Триединство языков» мәдени жобасының жүзеге асырылу кезеңдерін айқындады. Биылғы, 2008 жылдың ақпанындағы кезекті Қазақстан халқына Жолдауында да: «Үкімет «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдетуі тиіс. Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді», – деп атап көрсетті.
Мемлекет басшысы тіл саясатына қатысты тіпті жаңа бағытты анықтады: жаңа бағыт бойынша елде «үш тұғырлы тіл» атты ауқымды мәдени жоба бүкіл ел көлемінде іске асырылуы керек. Оның мақсаты бойынша, қазақстандықтар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жаппай меңгеруі керек. Сондықтан да, идеяның негізі мынадай: Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Олар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Басқаша айтқанда, үштұғырлы тіл идеясын мынадай әрі қарапайым, әрі түсінікті формуламен көрсетуге болады: мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін үйренеміз.
Айта кетелік, үштұғырлы тіл жай ғана әдемі тұжырымдама немесе тілдік саясаттың жаңа формасы ретінде пайда болған жоқ, ол – өмірлік қажеттіліктен туындаған игілікті идея. Өйткені, қазіргі кезде күллі әлемге есігін айқара ашып, “ақылды” экономиканы енгізіп жатқан елдер қарыштап дамуда. Ал бұл бағыттағы толайым табыстарға, ілім-білімге алып барар жол – ғаламшардағы үстемдік құрған тілдерді үйрену. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Мысалға, ежелгі дүниедегі Мысырдың өзінде бірнеше тілді білетін мамандар иерархиялық сатымен жоғарылап, көбіне салық төлеуден босатылған. Сондай-ақ бүгінгі Еуропада да көп тілді меңгерушілік жалпыға ортақ норма болып саналады. Яғни, бүгінгі таңда ТМД мен Орталық Азияның көшбасшы мемлекетіне айналған Қазақстан үшін үштұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда бірінші баспалдағы. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады.
Атап айтарлығы, көпұлтты Қазақстанның жағдайында “Үштұғырлы тіл” ұлттық жобасы қоғамдық келісімді нығайтудың негізгі факторы болып саналады. Алайда, еліміздегі негізгі үш тілді дамытуға басымдық беру – басқа халықтардың тілдерін назардан тыс қалдыру деген сөз емес.
Мәдениеттер мен тілдердің саналуандығы – бұл біздің ұлттық байлығымыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ, мемлекет Қазақстандағы халықтардың барлығының мүдделерін ескере отырып, посткеңестік кеңістікте ең либералдық тілдік саясат жүргізді. Соның дәлелі болар, кез-келген этностың өкілі қай тілде білім алатынын, сөйлейтінін, шығарма жазатынын ерікті түрде таңдай алады.
Біздің қоғамда барлық этностардың мәдениеті мен тілін дамытудың бірегей формуласы жасалып отыр. Біздің жетістігіміз – басқа этностардың құқықтарына ешқандай да қысым жоқ. Сонымен қоса, біз тағы бір аса маңызды мәселе – мемлекеттік тілді барша қазақстандықтардың меңгеруіне толық жағдай туғызып отырмыз. Өйткені, бұл халықаралық тәжірибеде бар үрдіс.
Осы орайда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев 2014 жылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды. Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс» деп атап көрсеткеніндей, қазіргі таңда елімізде жаппай білім беру мазмұны жаңғыртылуда.
Білім мазмұнын жаңғырту – сапалы білім, жарқын болашаққа негіздеп, бірқатар жетістіктер формуласын ұсынып отыр. Мысалы, стандарттарды алып қарасақ, үздіксіз дами отырып білім беру стандартын қалыптастырса, табысты оқушы мен оқытушы идеал ретінде ұсынылып отыр. Күтілетін нәтижеміз – жарқын өмір сүру. Сондықтан да жаңартылған білім беруде ҚР Үкіметінің 25 сәуір 2015 жылы №327 Қаулысымен бекітілген Бастауыш білім берудегі мемлекеттік стандарты, 30 наурыз 2015 жылы ҚР ҒжБМ бекіткен бастауыш білім беруге арналған оқу бағдарламалары бекітіліп, ҚР Жалпыға білім беру Мемлекеттік стандарт (2012 ж.) білім беру моделін орталықтандырылған білімге қарай құруға бағытталынды және білім берудегі құндылықтар «Мектепте нені оқыту?»: оқу пәндері сандарымен, оқу әдістемелері сандарымен өлшенді. Ал ҚР Жаңартылған бағдарлама бойынша Мемлекеттік стандарты (2015 ж.) негізгі нәтижеге бағытталынған білім беру моделін құруға бағытталынып, «Мектепте не үшін оқу керек?»: күтілетін нәтижеге,  кең көлемде дағдыларды дамытумен өлшенеді. Осы орайда айта кету керек, әлемдік білім беру жүйесі бәсекеге қабілеттілікке қарай білім алушыны баулу, қоғамнан өз орнын таба білетіндей сапалы маман болуына бағытталынған. Ал осы уақытқа дейін біздің елімізде жалпыбілім беретін мектептерде білім алушылар күтілетін нәтижеге көз жеткізбей, түрлі әсер етуші факторлар ықпалымен мамандық таңдап, ақыр соңында сол оқыған мамандықтары бойынша жұмысқа тартыла алмай отырғаны бәрімізге аян. Сондықтан да өмірдің кейбір саласы бойынша үш тілділіктің өзекті мәселелерінен туындаған ойлар мына төмендегідей:
Жанұя, тұрмыс саласына  байланысты «Менің отбасым» атты ортақ тақырыпты үштілділікке негіздеу басты міндет болып отырғанын: «Адам болған соң, оның жанұясы (отбасы) болмақ керек. Ал әлемдік саясат атаулы жанұя саясатынан басталады. Демек, тіл саясаты – жанұяның тіл саясатынан бастау алмақ керек. Олай болса, тіл саясаты баладан басталады.
Қазақстанның жанұялық тіл саясатын жасау керек. Оның құрамы мыналарды қамтуы тиіс:
1) ата-ана өздерінің тілін білуі міндетті, балаларын үй ішіндегі еркін қарым-қатынастан бастап, өз тілін шығармашылықпен айналыса алатындай дәрежеде білетіндей етіп лингвистикалық тәрбие беруге міндеттеу;
2) балалардың шетел тілін ұйымдасқан түрде оқытуды он үш жастан кейін, ана тілін толық меңгергеннен соң бастау;
3) қазақ жанұясында қазақы жанұялық тіл саясатын қайта түлетпесе болмайды. Әже мен немере, ата-ана мен бала арасындағы, әке, шеше арасындағы ана тілін білмеуден туындайтын тілдік қайшылықты (әже тілін немеренің білмеуі, арада ата-ананың тілмаштық қызмет атқаруы, ата-ана тілін баласының түсінбеуі, ата-ананың төл тілін білмеуі) жоюдың нақты шараларын белгілеу т.б.» деген бағыттар бойынша 2016 жылдан бастап, 1-сыныптан сабақ жоспарлары жасалынып отыр.
Тіл мәселесі қазіргі жағдайда этнос мәселесімен, халық тағдырымен, елдің елдігімен барабар мәселе. Тілсіз ел де, мемлекет те, этнос та жоқ. Сонымен қатар, халықты біртұтас, тастүйін мемлекеттілікті нығайтатын ұлы рухани күш, ол – халықтың ортақ тілі. Мемлекеттің қандай тілде сөйлеуінің аса маңызды саяси және тағдырлық мәні бар. Сондықтан Қазақстан тиімді тіл саясатын іске асыруға мүдделі. Қазақстан үшін тиімді тіл саясаты дегеніміз – елдегі саяси және этникалық тұрақтылықты сақтай отырып, қазақ тілінің толықанды дамуына қол жеткізетін саясат.
Қазақстандағы этносаяси процестердің тілдік даму ерекшелігі төмендегідей сомдалады:
а) біріншіден, полиэтникалық қоғамның әлеуметтік жағдайының тұрақты болуы;
ә) екіншіден, этникалық топтардың тілдік бірегейлігін сақтап, түлетуін мемлекеттің қолдауы;
б) үшіншіден, отбасында, балабақша мен оқу орындарында өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруін жете жоспарлап, тиімді ұйымдастыратын идеологиялық құралдардың құрылуы;
в) төртіншіден, мемлекетқұрушы этнос өкілдері ретінде қазақтардың өзге этникалық топтардың мүшелерін өз айналасына топтастырудың жоғары моральдық, этикалық құндылықтарын игеруі.
Бұл міндеттерді атқару үшін тиісті нормативтік база, саяси ерік-жігер сияқты барлық жағдайлар бар. Бірақ уақыт, төзімділік пен қоғамымыздың барлық мүшелерінің азаматтық ұстанымы, белсенді іс-қимылы қолдау білдіруі қажет.
Елбасымыздың «100 нақты қадам»: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» ұлт жоспарындағы негізгі бағыттардың бірі «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын іске асыру, сондай-ақ қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың түйінді факторы ретінде үштілді білім беруді дәйекті түрде дамыту болып табылады.
«2015-2020 жылдарға арналған үш тілді білім беруді дамыту жөніндегі Жол картасын» ҚР Білім және ғылым министрлігі Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында әзірлеп,  үш тілді білім беру тәжірибесін жақсарту үшін зерттеу нәтижелерін енгізу мониторингін жүргізу қарастырылды. Осыған сәйкес ҚР БжҒМ Ұлттық білім Академиясына мониторинг қорытындысы бойынша талдамалық анықтама дайындалды. Нәтижесінде «Үш тілді оқытудың бірыңғай тілдік стандарты Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА Ғылыми Кеңесінің 2016 жылы 20 қазан №9 хаттамасымен баспаға ұсынылды.
Аталған тілдік стандарттың мақсаты — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл саясатынан бастау алып, төмендегіге негізделген:

  • мектеп бітірушілердің 100 пайызына қазақ тілін меңгерту;
  • Қазақстандағы объективті – тарихи сеебептерге негізделген орыс тілін меңгерудегі жетістіктерді жоғалтпай, оларды молайта түсу;
  • Табиғи қалыптасқан қазақ-орыс қостілділігіне әлемдік қауымдастағы бірігу тілі ретінде үшінші тіл – ағылшын тілін білуді қосу.

Үштілде білім берудің негізгі мақсаты – Қазақстандықтардың бір уақытта үш мақсатты тілді халықаралық стандартқа сай меңгеруіне қажетті жағдайлар жасау. Олай болса, құрметті әріптестер, «Мәңгілік Ел» болу үшін ең басты еліміздің жан – жақты құзыреттілігін қалыптастыру, оның ішінде тілдік құзыреттілікті дамыту бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан да, құрметті білім саласының қызметкерлері, тіл жанашырлары, Қазақстандағы педагогтердің иығына артылар жүк жауапкершілігін сезіне отырып, елімізді нығайта түсу үшін аянбай еңбек етуіміз керек!

А.Аблаева
Оңтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының

Оңтүстік Қазақстан облысы әдістемелік кабинетінің
қазақ тілі әдіскері

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.