Home » Мақалалар » Қоғам алдындағы басты парызымыз – оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеу

Қоғам алдындағы басты парызымыз – оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеу

Соңғы жылдары тәрбие берудің ауқымының кеңеюіне байланысты оған қойылатын талап та жоғарылады. Бұл туралы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Егер біз адамгершілігі жоғары қоғам болғымыз келсе, жұбайлардың бір-бірінің алдындағы жауапкершілігін, ең бастысы, балалардың алдындағы жауапкершілігін күшейтуге тиіспіз» — деген болатын. Осы тұста жастарға әдеп, ізгілік, адамгершілік тәрбиесін беруге тікелей араласатын ата-ана, мектеп, оның ішінде мұғалімдер мен сынып жетекшілері, қоғамдық орындар болып табылады.
Оқушыларға адамгершілік тәрбие беру – әрбір мектептің маңызды міндеттерінің бірі. Адамгершілікке тәрбиелеудің маңызды педагогикалық міндеттері оқушылардың қоғамдық, адамдық, отбасылық борышқа деген саналы көзқарасын, сөз бен істің бірлігін, адамгершілік нормаларын ауытқушылыққа жол бермеуді қалыптастыру болып табылады.
Адамгершілікке тәрбиелеу, баланың  жеке басын қалыптастыру мен дамытудың аса маңызды бір саласы болып табылады, ол оның ата-анаға, айналадағыларға, ұжымға, қоғамға, Отанға, еңбекке, өз міндеттеріне және өз басына қатынасын қалыптастыруды көздейді. Адамгершілік тәрбиенің негізгі міндеті қоғамның әлеуметтік қажетті талаптарын әрбір баланың борыш, намыс, ар — ождан, қадір, қасиет сияқты биік адамшылық ішкі стимулдарына айналдыру болып табылады.
Адамның адамгершілік жағынан қалыптасуы оның туған кезінен-ақ басталады. Мектепке дейінгі жаста балаларда бастапқы адамгершілік сезімдер мен ұғымдар қалыптасады. Мектепте бұл жұмыс он жыл бойына мұғалімдердің, мектепшілік ұйымдардың басшылығы жүйелі түрде, көзделген мақсатқа сай жүргізіледі. Баланың мектеп жасына дейінгі кезде қалыптасқан мінез-құлықтарының және ересек адамдармен, құрбы-құрдастарымен қатынастарының түрлері, адамгершілік білімдері мен сезімдері негізінде бастауыш сыныптарда адамгершілік  көзқарастардың, мінез-құлықтың, сезім-сананың жаңа түрлері одан әрі дамытылады.
Психологтар бастауыш сынып оқушыларын зерттей келе мынаны анықтады:  бастауыш мектеп жасындағы балалар сыртқы ықпалды өте қабылдағыш, үйреткеннің, айтқанның бәрін шындығына сенгіш келеді, бұл жастағылар өзгелерге қойылатын адамгершілік талаптар жөнінде ымырасыздығымен, мінез-құлқының еркіндігімен ерекшеленеді. Бұл ерекшеліктер бастауыш сыныптағы мектеп оқушыларының оқып, тәрбиеленетіндігінің кепілі болып табылады.
Балалар мейлі мектеп ауласында ойнап жүрсін, мейлі қалалық бақта еңбек етіп жатсын солардың бәрінде де олардың іс – әрекетінен адамгершілікке тән немесе оған қайшы қасиеттер көрінеді. Осыдан келіп,  адамгершілікке тәрбиелеудің тәрбие жұмысының кез келген басқа тарауының бір жағы деп те қарау керек деген қорытынды туады. Мұғалім балалардың оқуын, еңбегін, ойынын ұйымдастырғанда олардың адамгершілік тұрғыдан жетілуіне ықпал етуге мүмкіндік алады.
Адамгершілік қасиеті қалыптасуы үшін баланың дербес қимыл-әрекеттерінің ерекше маңызы бар. Оқушы тек мұғалім мен ересектердің нұсқауымен және олардың қадағалауымен ғана қимыл-әрекет істесе, ол ең алдымен тіл алғыштыққа үйренеді. Тіпті, бастауыш сыныптардың өзінде балаларға даяр шешімдерді айтып беруден аулақ болған жөн. Сондықтан тәрбие процесі бала өз еркімен қимыл істей алатын жағдай болуы көзделетіндей етіп құрылуға тиіс. Мұндай жағдайлар өмір барысында өзінен-өзі қалыптасып жатады, оларды ойын үстінде, оқуда, еңбекте және шығармашылық сабақтарда арнайы жасауға да болады. Қысқасы, бала өзіне бақылау жоқ, өзінен есеп беру талап етілмейтін жағдайда да дұрыс іс-әрекетке үйренуге тиіс.
Өзінің адамгершілік тәжірибесін молайту үстінде бала кейде қателеседі, дұрыс жасамайды. Тәрбиеші оның өз қателігінің адамгершілікке жатпайтынын түсініп, оны түзей білуіне көмектесуі тиіс, әлбетте оның теріс қылығын түзетіп қана қоймай сонымен қатар қате жіберуіне себеп болған жайттың бағытын ойластырып анықтауына да көмектесуі керек.
Сабақ үстінде мұғаліммен және құрбы-құрдастарымен ұдайы қарым-қатынаста болған баланың адамгершілігі қалыптасады, оның өмірлік тәжірибесі молаяды. Бастауыш сынып оқушыларының болсын, жоғары сынып оқушыларының болсын көңіл-күйі, олардың қуанышы мен күйініштері ең алдымен оқуға байланысты болады. Сабақта тәрбие процесінің  негізгі барлық элементтері: мақсаты, мазмұны, құралдары, әдістері, ұйымдастырылуы өзара араласып жатады. Баланы тәрбиелейтін оның сәттері емес, сабақ үстіндегі бүкіл оқыту процесі.
Оқушылардың адамдық өзіндік қасиеттерін қалыптастырудағы міндеттердің бірі оның адамгершілік ұғымдары мен түсініктерін молайту болып табылады. Балалардың бұларды меңгеру дәрежесі түрлілігіне, яғни ол баланың жалпы жетілуіне өмірлік тәжірибесіне байланысты. Бұл тұста оқу сабақтарының маңызы зор. Біз: «Кітап – дүниеге ашылатын есік» деп жиі айтамыз. Шынында да, бала кітап оқи отырып, айналадағы өмірмен, табиғатпен, адамдардың еңбегімен, құрбы-құрдастарымен танысады, олармен қуаныштарына, кейде сәтсіздіктеріне ортақтасады. Көркем сөз баланың санасын ғана емес, сонымен бірге сезімі мен қимыл-әрекеттеріне де әсер етеді. Сөз баланы қанаттандырады, жақсы болуға, қандай да бір жақсылық жасауға құштарландырады. Адамдық өзара қарым-қатынастарды түсінуге, мінез-құлық нормаларымен танысуға көмектеседі.
Оқушылар оқу арқылы бәрінен де бұрын жақсылық, ізгілік, әділеттілік туралы түсініктерді ұғынып алуы, оларды бір-бірінен айыра білуге үйренуі тиіс. Бұл қасиеттер бір-бірімен өзара байланысты. Мәселен, жақсы адам әрқашан сергек, ықылас-ілтипат білдіргіш, әділетті  болады, ал әділетті адам сөзсіз сергек, елгезек келеді. Баланы өмірде адамгершілік қасиеттердің көрінісін байқап, жақсыны жаманнан, сергектікті немқұрайлылықтан, әділеттілікті әділетсіздіктен, жолдасқа көрсетілген шын көмекті жалған көмектен айыра білуге үйрету маңызды. Балаларды жақсы қасиеттерге тәрбиелей отырып, сонымен бірге олардың санасына бұған қарама-қарсы қасиеттерге: дөрекілікке, қатыгездікке, сараңдыққа төзбейтін көзқарас, ондайларды айыптайтын, ызаланатын эмоциялар туғызу керек.
Рухани-адамгершілік бағытындағы қарым-қатынас мәдениетін дамыту үшін төмендегідей қасиеттерді қалыптастыру қажет:

  1. Білім өзінің шынайы міндетіне жауап беру үшін жас ұрпаққа жас кезінен бастап, ең маңызды адамдық саналарды — адамгершілікті, сүюді, аяушылықты, төзімділікті, имандылықты, әдептілікті, мейірбандықты, шыншылдықты және басқа асыл қасиеттерді дамытуы керек.
  2. Рухани-адамгершілік бағытындағы қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру үшін рухани-адамгершілік құндылықтарды кез келген пәнді оқытудың мазмұнына енгізу керек.
  3. Білім беру мекемелерінен тыс жас ұрпақтың адамдық асыл қасиеттері игеруіне ықпал ететіндей жағдайлар туғызу керек (қоғамдық шаралар ұйымдастыру).
  4. Өзгеріп жатқан өмір жағдайларына бейімделе білу, әлеуметтік-саяси жағдайларда өз көзқарасы мен сеніміне, идеалына және ізгілікті құндылықтарға сүйене отырып мақсат қоя білуіне жағдайлар жасау керек.

Осындай қасиеттерді адам бойына қалыптастыра алатын болсақ, адамгершілік бағытындағы қарым-қатынас мәдениеті жоғары деңгейде көрінері анық.
Адамгершіліктің қайнар бұлағы — халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет-ғұрпында. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді. Көрнекті педагог          В.А. Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», — дейді. Демек, шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз.
Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы — өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі — келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін  жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени — ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу — біздің де қоғам алдындағы борышымыз.

 

Перизат Қарақұлова
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Алматы облысы бойынша педагог
қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты
«Тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру»
кафедрасының аға оқытушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.