Ағымдағы жылдың 27 тамызында Маңғыстау облысының Коғамдық кеңесінің кезекті отырысында өңірдегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің жай-күйі сөз болды.
Баяндама жасаған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы Н.Жанназарова аумақтық департамент қызметінің негізгі басым-бағыттарына тоқталып өтіп, 2019 жылдың 1-жартыжылдығындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын көтеру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Аумақтық департамент басшысы Қоғамдық кеңес мүшелерінің назарын соңғы уақытта қол жеткізген нәтижелерге аударды. Атап айтқанда, бұдан бұрын облыс әкімдігіне ауылдық елді мекендерде электронды мемлекеттік қызметтердің маңыздылығы мен тартымдылығы бойынша жұмысты күшейту, ауыл әкімдіктерінде маман мен компьютер бөлу арқылы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарын ашу туралы ұсыныс жолданған болатын. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан департамент бастамасы қолдау тауып, қазіргі таңда өз нәтижесін бере бастағанын атап өтіп, спикер облыс әкімдігінің басшылығы және Қоғамдық кеңес мүшелеріне қолдау білдіргендері үшін алғысын білдірді.
«Бүгінгі таңда бұл бағыттағы жұмыстар толықтай дерлік жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өңірдегі мемлекеттік органдар, медициналық ұйымдар, жоғары оқу ұйымдары және мектептерде 300-ге жуық өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылды.
Осы орайда, қоғамдық кеңес мүшелері және тұрғындар тарапынан аталған өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарының жұмысына қоғамдық бақылау жасап, қазақтың «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегенін ескере отырып, қандай да бір сын-ескертпелер болған жағдайда, біздің департаментке 87071701424 телефоны арқылы хабарлауды сұраймыз», — деп нақтылады Нұргүл Жанназарова.
Тақырыпты жалғастыра келе аумақтық департамент басшысы тұрғындарға цифрлық сервистерді қолжетімді ету мақсатында «Заман» әмбебап сауда кешені мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалымен бірлесіп ашылған «өзіне өзі қызмет көрсету бұрыштарының» ашылғандығын және де ендігі жерде тұрғын үй несиесін рәсімдеу барысында ХҚКО, мемлекеттік органдарды жағаламай, банктің өзінде қажетті анықтамаларды алу сияқты 60-тан астам электронды қызмет тұрлерін алуға мүмкіндік жасалғандығын баса айтты.
Бұдан соң, спикер өңірдегі көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге қатысты статистикалық мәліметтерді келтірді. Яғни, 2019 жылдың 1 жартыжылдығында Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарымен барлығы 1 352 613 қызмет көрсетілген. Оның ішінде 523 006 яғни мемлекеттік корпорация арқылы немесе электронды түрде көрсетілуі мүмкін бола тұра, қағаз түрінде көрсетілгендер, 829 607 электронды түрде көрсетілген.
Дегенмен, бұл көрсеткіштердің біздің өңір үшін аздық ететіндігін, әлі де жыл соңына дейін электронды көрсетілетін қызметтердің санын ұлғайту қажет деген міндетін жеткізді.
Баяндамасын қорытындылай келе, Н. Жанназарова біраз ұсыныстар мен мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, әлеуметтік желілер арқылы көтерілген облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ғимаратындағы зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға элементарлық қолайлы жағдайдың жасалмағандығын және бұл мәселе бойынша құзырлы органдарға ұсыныс жолданғандығын, жергілікті атқарушы органдарға қызмет көрсетудің стандарты мен регламентін қатаң сақтауға, мерзім бұзушылықтарға жол бермеуге, есептілікті жүргізу сапасын арттыруға, электронды форматта көрсетілетін қызметтердің түрлерін жыл соңына дейін 80%-ға жеткізу бойынша шаралар қабылдау қажеттігін тағы да бір нақтылады.
Өз кезегінде Қоғамдық кеңес мүшесі Бекмұрат Жүсіпов өңірдегі мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруге және де қызмет алушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған аумақтық департаменттің тың бастамаларына алқалы органның барынша қолдау көрсететіндігін жеткізді және бұл бағытта бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Маңғыстау облысы бойынша
департаментінің баспасөз қызметі