Home » Ашық сабақтар » Қош, сүйікті Әліппе!

Қош, сүйікті Әліппе!

Мақсаты: оқушылардың сауат ашу пәнін оқу барысында алған білімдерін көрсетуге көмектесу, мәнерлеп оқу, қара сөздерді айтуға, үйренген білім, білік дағдыларын ары қарай жетілдіруге жағдай туғызу, оқуға, білім алуға, достық қарым-қатынас орнатуға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер: «Әліппе» макеті, оқушылардың дәптерлері, суреттері, шығармалары, видео «Алғашқы қоңырау», әріптер.

Сабақ барысы:

Жүргізуші: Ал, қанеки, балалар, ата-аналар, құрметті қонақтар! «Әліппе» әлеміне саяхатқа аттанамыз.

(Музыка. Сахнада Буратино мен Мальвина билеп жүр).

Жүргізуші: Балалар, бұлар кімдер?

Көрермендер: Буратино, Мальвина.

(Артемон «Әліппе» кітабын тістеп алып жүгіріп келеді.)

Мальвина: Артемон, бұл не? Не көтеріп жүрсің? Бұл кітапты қайдан алдың?

Буратино: Қандай әдемі кітап! Сұраусыз алған сияқтысын ғой өзі.

(Артемон үреді).

Мальвина: Буратино, бұл кітапты міндетті түрде иесіне апарып беру керек!

Буратино: Иә, дұрыс айтасың. Кеттік!

Жүргізуші: Сөйтіп, біздің кейіпкерлеріміз жолға шықты.

(Сахнада көңілсіз балалар отыр)

Мальвина: Балалар, мына зат сендердікі ме?

Оқушылар: Алақай, кітабымыз табылды!

Буратино: Бұл қандай кітап?

Лия: Бұл – сиқырлы кітап.

Нұрай: Жақсы кітап Әліппе,

Үйретеді әріпке.

Қуыршақпен қоштастым,

Әліппемен достастым,

А-дан бастап әріпті,

Теріп маған танытты.

Дана: Үйретті бізді Әліппе,

42 дербес әріпке.

Сөз, сөйлем құрап әріптен,

Лайық болды дәріпке.

Мальвина, Буратино: Әліппе! Жақсы екен.

Лия: Келіңдер, қонақ болыңдар. Бүгін біз шексіз қуаныштымыз. Өйткені, алғаш хат танытып, сауатымызды ашқан сүйікті «Әліппемен» қоштасқалы отырмыз.

Дариға: Бар кітапқа бас болған,

Әліппе – ғылым анасы.

Әліппеден басталған,

Даналықтың данасы.

Хор: «Әліппе»

Буратино: Балалар, мен де сендер сияқты оқып үйренгім келеді.

Дильназ: Буратино, қорықпа, біз саған үйретеміз. Міне, сен аңсаған әріптер де келді.

Оқымақ боп әріптерді,

Ашып едім «Әліппені.»

Бұл достарым қызық неткен,

Әріп біткен зытып кеткен.

Нұрай: А – Абай атам өленің,

Апама оқып беремін.

Лия: Ә – Әуезов Мұхтар атаның,

Әлем білді атағын.

Дариға: Б – Білгір ғалым ақын еді,

Байтұрсынов Ахмет.

Дана: Ғ – Ғабиден, Ғабит еңбегі,

Ғұмырлық байлық елдегі.

Дильназ: Д – Дәуірден тұр тіл қатып,

Дулатұлы Міржақып.

Олжас: Ж – Жүсіпбек Аймауытов ұлы дарын,

Жұртына берсем деген білім нәрін.

Кенжебек: И – Иірімі өлеңдерің ғажап еді,

Исаны ұмытпайды қазақ елі.

Бақытгүл: К – Кенен ата-ақын еді көшелі,

Кейінгі ұрпақ жырын жаттап өседі.

Диас: Қ – Қажымұқандай алыпты,

Қалмақан ата жазыпты.

Саясат: М – Мағжан дәуір перзенті,

Мағжан ердің келбеті.

Лия: Н – Нұр сүйген кең маңдайын,

Нұрпейіс ата Байғанин.

Нұрай: О – Орны бөлек алыптың,

Олжас Сүлейменов ұлы халықтың.

Дильназ: Ө – Өнер алды қызыл тіл,

Дулат ақын шын бұлбұл.

Дана: С – сындарлы елдің сұнқары,

Сәкеннің біз ұрпағы.

Кенжебек: Х – Хамит ата кітабы,

Күнде оқиды ұрпағы.

Диас: Ш – Шәкәрім өлеңдегі ұлы тұлға,

Жырларын хақымыз жоқ ұмытуға.

Бақытгүл: І – Ізімен келе жатқан өршіл үміт,

Ілияс ақын ата Жансүгіров.

Мальвина: Біз сендерге жұмбақ жасырайық. Шешуін таба аласындар ма?

Жүргізуші: Біздің ата-аналарымыз да өте тапқыр.

Буратино: Олай болса   ……   мамасы, мына жаңылтпашты айтып көріңізші.

(Жаңылтпаштар айтылады.)

(» Қызыл-жасыл көбелек» әні айтылады).

Мальвина: Балалар, ал ең алғашқы мектепті ашқан кім?

Хормен: Ыбырай Алтынсарин.

Олжас: Айтпайсың дәл қазіргі еліңе өкпе,

Болашақ етеді аңыз сені көпке.

«Ыбырай Алтынсарин» — деген шақта,

Бар мектеп көтереді қолын көкке.

Кенжебек: Ыбырай Алтынсарин – Қазақтың аса көрнекті ағартушысы, өз заманының асқан ойшылы.

Мальвина: Ыбырай Алтынсарин сендерге қандай өсиет қалдырды?

Оқушылар: Кел, балалар, оқылық

Оқығанды көңілге ,

Ықыласпен тоқылық!

Буратино: Сендер оны орындап жүрсіңдер ме?

Дана: Тату-тәтті достармыз біз,

Ынталы да талапты.

Көп білуге құштармыз біз,

Жақсы оқимыз сабақты.

(Буратино тақтада мұрнымен жазады)

Мальвина: Буратино, сен не істеп жатырсың?

Буратино: Жазу жазып тұрмын…

Мальвина:      Тәлім өлең.

Түзу отыр партада,

Қыры батпас арқаңа.

Аянба шомыл көк терге,

Әдемі жазғай дәптерге.

Досыңдай жүрер күнде еріп,

Шәкіртке серік – күнделік.

Оқулық бір-ақ жылға ма?

Бүктеме, сызба, тырнама!

Қарындаш, қалам сен ал да,

Салып қой кешке пеналға.

(Буратино партаға отырып жазады)

Буратино: Ой, мен шаршаймын ғой!

Жүргізуші: Олай болса, бәріміз біраз сергіп алайық.

(Сергіту сәті)

Буратино: Қандай керемет! Жарайсыңдар!

Жүргізуші: Мектепке келгеніңізге 4 ай ғана уақыт өтті. Осы уақыттың ішінде біраз нәрсе үйрендіңдер.

Сіздің жақсы оқуыңызға көмектескен аяулы аналарыңыз бен әжелеріңізге мың алғыс! Әнімізді қабыл алыңыздар.

Нұрай: Жарқын жүзді жан анам,

Сендей болсын бар адам.

Сендей болса бар адам,

Шаттық кетпес баладан.

(Ән «Менің анам не дейді»)

Буратино: Әліппе сандарды да үйретеді ме?

Оқушылар: Жоқ, сандарды математика үйретеді.

(Оқушыларға өлең есептер айтылады)

( Ән «Есеп сабағы»)

Мальвина: Балалар, бұның бәрін сендерге үйреткен кім?

Дильназ: Әліппе даңғыл жол ашты,

Жаңадан пәндер жалғасты.

«Әліппе» сырын ұқтырған,

Рахмет, ұстаз алғашқы!

Лия: Ең алғаш қолға алғанда Әліппені,

Қызығып қарай бердім әріптерді.

Мен үшін жұмбақ сыр боп қалар еді,

Ұстазым оның кілтін алып берді.

(Кілтті Буратиноға береді)

Бақытгүл: Оқитын әрі жазатын,

Білімге қол созатын,

Оқушы болдың сауатты,

Білімнің кілтін ашатын.

Дана: Қош бол, құтты Әліппем,

Көп нәрсені үйреттің.

Таныстырып әріппен,

Тақылдатып сөйлеттің.

(Буратино мен Мальвина кілт пен Әліппені алып кетеді.)

Хормен: Қош бол, құтты Әліппем!

Жүргізуші: Сөйтіп Буратино мен Мальвина өздеріне құпия болған кітаптың сырын ашқан екен.

( Ән «Жас дәуірдің түлегіміз»)

Жүргізуші: Осымен, құрметті қонақтар, ертегіміз аяқталды.

 

 

 

 

 

 

Кутбанова Алия Елеусиновна

КММ «Тассай орта мектебі»

Бастауыш сынып мұғалімі

Ақтөбе облысы, Хромтау ауданы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.