Мақсаты: Халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрыпын үйрете отырып Наурыз қазақтың ұлттық мейрамын ашып көрсетіп, балалардың көңіл күйін көтеру. Ұлттық өнерін паш ету. Көктем мезгілінің ерекшелігін, үш тілде тақпақ айту туралы тілдерін дамытады, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды игереді.
Залда әсем әуен ойнап тұрады. Балалар билеп кіреді.
Тәрбиеші: Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жаңа жыл келді. Ұлы мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс тілейміз. Ұлы мереке сіздерге бақыт, қуаныш, сыйласын!
Тәрбиеші:
-Армысыздар, құрметті қонақтар.
Ұлыс күндеріңіз құтты болсын!
Келе жатыр жылымыз,
Мейрамдаймыз мұны біз.
Халқы сүйген мейрамды
Қарсы алайық Наурызды! (Наурыз қыз музыкамен ортаға келеді)
Наурыз қыз: Мен наурыз қызбын,
Қыздарым да қасымда.
Ұлыс күнге жетті, міне, асыға
Келген жылым жақсылыққа басташы.
Қуанышпен әр үйдің,
Босағасын атташы.
Аиша:
Сәнді көктем — Наурыз!
Наурыз тойы — жырымыз.
Көңіл гүлдей жайнасын.
Құлпырсын Күн мен Ай.
Құтты болсын, Наурыз!
Мирас:
Қош келіпсің, Наурыз!
Арман тойы халықтың.
Қуанышы халықтың,
Құтты болсын, қадамың!
Би биледік бәріміз!
Айдана:
Егін өңін толқытқан,
Елдің көңілін шалқытқан.
Бас иеміз — Наурыз!
Айзара:
Сені тойлап қарсы алып,
Бар әлемге жар салып,
Сәлем бердік, біз сізге!
Тәрбиеші: Рақмет, төрлетіңдер, дастархан басына жайғасыңдар.
Наурыз жыл басы, наурыз қуаныш мерекесі.
Тәрбиеші: Наурыз — бақыт пен шаттық мерекесі.
Наурыз – көктем мерекесі. Ендеше «Көктем» туралы ән шырқайық.
Ән: «Көктем келді».
Тәрбиеші: Келесі кезекті осынау қасиетті мерекеге арналған тақпақтарға береміз.
Тақпақтар:
Тәрбиеші: Ой балалар, жарайсыңдар, бәрекелді.
Әндетіп Алдар келеді (Мен Алдармын, Алдармын…)
-Айтысып жатқан балалардың дауысын естіп келдім. Бұл жерде мереке болып жатыр ма?
Тәрбиеші: Иә, Алдар көңіл-күйің жақсы екен, амансың ба?
Алдар: Амансыздар ма? Наурыз мейрамы құтты болсын!
Сараң байды алдап, мінекей наурыз мейрамына жаңа шапан киіп көңілді келемін. (көрсетіп қояды шапанын).
Тәрбиеші: Ендеше, ұлыстың Ұлы күнін бізбен бірге қарсы ал, наурыз мейрамың құтты болсын!
Алдар: Рахмет! Мен сендерге құр қол келген жоқпын. Ұлттық ойындардың бірі — «Орамал тастамақ» ойынын ала келдім. Ал, қанеки, балалар, мұнда келіңдер, ойнайық.
Тәрбиеші: Кел, балалар ойнайық,
Ойнайық та, көңілімізді көтерейік!
Ойын: «Орамал тастау». Бір қызды ортаға шақырайық. Ұлдарымыз музыка әуенімен атпен шабады. Музыка тоқтағанда, қызымыз орамалды ортаға тастайды, ал ұлдар жерге түсірмей қағып алу керек. Қағып алған бала қыздың бетінен сүйеді.
Тәрбиеші: Рахмет саған, Алдар. Ойының балаларға қатты ұнады, кел дастархан басына, төрлет!
Алдар: Рахмет (дастархан басына келіп отырады).
Тәрбиеші:
Наурыз тойын бастаймыз,
Әнмен оны қостаймыз.
Ән «Наурыз — мереке».
Музыкамен Қаңбақ шал домалап келеді.
-Ой, қайда келдім. Армысыздар, ағайын?
Тәрбиеші: Амансыз ба, Ата?
Қаңбақ: Әлей болсын, балам! Мен балабақшада Наурыз тойы өтіп жатыр дегенді естіп, жолға шығып едім, бір жел ұшырып алып, осында әкелді.
Тәрбиеші: Ел ертегісінде көп айтылатын «Қаңбақ шал» деген ата сіз боласыз ба?
Қаңбақ: Иә, қарағым, сол Қаңбақ шалдың тура өзімін!
Тәрбиеші: Дәл үстінен түстіңіз, бізде наурыз тойы өтіп жатыр, төрге шығыңыз, қонақ болыңыз!
Қаңбақ: Рахмет!
Тақпақтар: Айлана:
Наурыз келді тамаша,
Ән айтамыз таласа.
Атам, әжем той тойлап,
Қуанып жүр балаша.
Би билейміз, тамаша!
Алихан:
Ашылды да кебеже,
Дәм әзірлеу басталды.
Әжем наурыз көжеге,
Жеті түрлі ас салды.
Тәрбиеші: Әр адам келер жылдан үлкен үміт күтіп, оны ақ тілекпен, ақ ниетпен қарсы алады. Ендеше, ақ кимешекті ақ әжеміз наурыз көже әкеле жатыр. Қош келдіңіз! (музыка)
Әже: (Қолында тостаған, наурыз көже)
— Амансыздар ма, құрметті қонақтар, балалар, көктемнің тамаша мерекесі, Ұлыстың ұлы күні, Наурыз құтты болсын! Әр шаңыраққа береке, бірлік, мәртебе әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Қайда барсаң, жол болсын!
— Балалар, менің қолымдағы не? Онда не бар деп ойлайсыңдар?
— Дұрыс айтасыңдар. Бұл Наурыз көже. Наурыз мерекесін наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Сендерге сұрақ:
— Наурыз көжені неше түрлі тағам қосып дайындайды?
— 7 түрлі
— Қане, кім атап береді?
— Сүр ет, сүзбе, бидай, құрт, тары, май, тұз (балалар хормен жамыраса жауап береді).
— Дұрыс айтасыңдар! Наурыз көже ең дәмді әрі тойымды, құнарлы тағамдардың бірі. Ерте кезде үлкен тайқазанға пісірген. Наурыз көже қаншама халықты аштықтан аман алып қалған.
— Ал, қонақтар жыл бойы тоқшылық болсын, дастарханымыз кең жайылсын деген ақ тілекпен наурыз көжеден дәм татыңыздар.
(ата-аналар дөңгелек үстелді айтала жайғасқан балақайларға ағаш тостағандарға құйып Наурыз көже таратады).
Әже: Мына наурыз мерекесіне бір әдемі кілемшені әшекейлеуді бастап едім, аяқтай алмай қойдым. Мына көзде көрмейді, кәрілікте келді. Балалар маған көмектесіп жібересіңдер ме? Қане, бері отырыңдар,- деп қасына шақырады.
(Әже кілемшені жайып, оюларды қояды).
Тәрбиеші: -Әрине, балалар әжеге көмектесеміз бе?
-Иә.
Әже балаларға кілемшеге өрнектерді қалай дұрыс орналастыру керегін көрсетіп, ою-өрнектің ежелгі тарихын әңгімелеп береді. Балалар мейірімді қонақтың мағыналы әңгімесін бар ынталарымен ұйып тыңдайды. Әженің тапсырмасымен, 4 бала ортаға шығып, ою-өрнектерді орын-орындарына орналастырып шығады. Сондай-ақ, әжейдің сұрақтарына да дұрыс жауап береді.
Әже: -Бәрекелді! Өркендерің өссін, көп жасаңдар! Қандай тамаша кілемше шықты,- деп кілемшені жайып көрсетеді.
Тәрбиеші: -Қандай көмек керек болса айтыңыз, біз әрқашанда көмектесуге әзірміз. Солай ма, балалар?
-Иә!
Әже: -Рақмет, балалар! Сау болыңдар! Наурыз құтты болсын! (шығып кетеді).
Ән: «Наурыз»
Тәрбиеші: Балалар! Бүгінгі сабақ сендерге ұнады ма?
-Иә, ұнады.
-Олай болса, осымен Наурыз мерекесіне арналған ертеңгілігіміз аяқталды.
Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі бәрімізге құтты болсын!
АХМЕТОВА Акмарал Сулейменовна,
Павлодар қаласы
№33 сәбилер бақшасының тәрбиешісі