Home » Ашық сабақтар » Қош келдің – әз Наурыз!

Қош келдің – әз Наурыз!

Мақсаты: Балаларға Ұлыстың ұлы күні туралы толық мағлұмат беру, халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйрете отырып, Наурыз қазақтың ұлттық мейрам екенін ашып көрсету; балалардың санасына халқына деген мақтаныш сезімін ұялату; мерекеге байланысты ұлағатты сөздердің мағынасына қарай балаларды адамгершілікке, елін, Отанын сүюге, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге тәрбиелеу.

Жүргізуші:

Келді ғой көктем құдірет біткен ғажайып,

Құрметтеп оны, күтіп ал   жұмыла, халайық!

Қалада, қырда   Жаңа жыл тойын дүрлетіп,

Алаулатып   Наурыздың отын жағайық!

Жүргізуші: Енді   Наурыздың ойын-сауық отауы есік ашылады. Бәріңізді   алтыбақанға шақырамыз. Бұған дейін көтеріліп қойылған алтыбақан арқандары   түсіріледі. Қыз бен бала бір-біріне қарама-қарсы отырып тербеле бастайды. Алтыбақан тебушілер ән бастайды да, жердегілер оған қосылады.

Жүргізуші:  

Әнші, биші, ақынбыз,

Елмен тапқан жарасым.

Думандатып жатырмыз,

Жылдың шілдейханасын.

Кәне, енді «Арқан тартыс» ойынын бастайық. Бұл бәріңізге белгілі ұлттық ойын. Әр командада бес-бестен адам болуы тиіс. Ойын басқарушының берген белгісі бойынша екі топ арқан тартысады. Қай жағы орталық сызықтан қарсы топты бұрын сүйреп әкетсе, сол ұтады.

Алдар көсе: Қожеке, кәне жанкүйер болайық, сен қай команда жағындасын?

Қожанасыр: (сәл ойланып). Мен жеңген команда жағындамын!

Жүргізуші: Ал, достар, арқан тартысып, күш сынасып көрдік. Осы секілді «Теңге ілу», «Бағанаға өрмелеу», «Мысық пен тышқан», «Соқыртеке» т.б   ұлттық ойындар ойналады.

Жүргізуші: Ал енді, құрметті достар! «Жыл   бойы тоқшылық болсын, қазанымыз оттан түскен, дастарханымыз кең жайылсын» деген ақ тілекпен Наурыз   көжеден дәм татайық.

Қожанасыр:

Ашық болсын қос қабақ,

Таспен   атқанды   аспен ат.

Бейтаныс та, таныс та,

Бүгін   төрде бас қонақ.

 

Алдар көсе

Арпа, бидай, тары бар,

Қатық, малта – ағы бар.

Ішілетін, жейтіннің

Бұл   өлкеде бәрі бар.

 

Тазша бала

Ошақта көп шоқ әлі,

Астың ауыр обалы.

Астан үлкен ешкім жоқ,

Қазан   аузы жоғары.  

Кеселерге құйылған көже жиналғандарға ұсынылады. Қазан жанына төселген дастарханға түрлі тағамдар қойылады. Басқалар оған қол тигізбейді, жалғыз   Тазша ғана әрқайсысынан бір алып, қомағайлана жей бастайды. Мұны   Қожанасыр байқап тұрады.

Тазша бала: Ата, сіз білмейсіз ғой. Көптен жемеп едім, алмада «А» витамині,   балда «Б» витамині, жүзімде «Ж» витамині көп болады.

Қожанасыр: (Тазшаның шекесінен қағып қалады). Шапалақта «Ш» витамині   көп болады, балам!

Тазша бала: Көжеге тойған жайымыз бар! Халайық, мына Тазша шынашақтай   шындығы жоқ өтірік өлеңдерін ұмытқан екен деп қалмаңыздар. Өздерің рұқсат етсеңіздер, бір-екі ауыз жырлап берсем қайтеді? (Тазша домбыра алып әндете жөнеледі).

Айттым де өтірік өлең жұртқа жақтым,

Қой қылып құмырсқаны жаздай бақтым.

Үлкенін   шегірткенің ұстап мініп,

Адыр-адыр қойтастан түлкі қақтым.

 

Айттым да өтірік өлең, айла қылдым,

Кесіп ап бетегені найза қылдым.

Бір шілді үш қонаққа сойып берем,

Жарты етін алып қалып пайда қылдым.

 

Жүргізуші:   Рахмет, Тазша бала, өнерің үстем болсын!

Ал, жастар, Наурыз мерекесі   бастау бұлақтар мен балғын таланттардың да көзін ашар кез емес пе? Араларыңызда   өнерпаздар бар болса, ортаға шығып, жұртты тәнті етіңдер. Ортаға   балабақша   ақындары шығып айтысады, әнші, биші, күйшілер өнер сарапқа салынады.

Жүргізуші: Біздің ұлттық өнеріміздің бір түрі «Айтыс» деп аталады. «Қыз бен жігіт» айтысын ұсынамыз.

Бала                          Ата – баба дәстүрін,

Үйренуден қашпаймыз.

Айтыс десе тіл қышып,

Қыздарды   іздей бастаймыз.

Қыз                           Құтты   болсын айтайық,

                                  Наурыз тойға, халқым – ай.

Шықтық біздер жырлауға,

Қазағымның салтын – ай.

Бала                          Тойға тарту етердей,

Не сиың бар, еркем – ай.

Жұмбақ, тақпақ, жаңылтпаш,

Айтасың ба ертегі – ай?

Қыз                           Біржан болып сен келсең,

Ақын Сараң мен болам.

Сәйгүлік боп сен шапсаң,

Аққу құсың мен болам.

Бала                          Сөз өнерін   шөліркеп,

Рахаттанып бір жұтқан.

Қоштасайық халықпен,

Ақындарын пір тұтқан.

Жүргізуші: «Күншуақ» тобы бүлдіршіндерінің орындауында «Қара жорға» биін тамашалаңыздар.

1 бала    Наурыз   тойған жиналған халықым менің,

Бәріңнің ойға алғаның жарқын сенім.

Бүгінгі той, ертеңгі ардақты   ісің,

Ғажап   болсын таппайтын тепе – теңін!

 

2 бала    Келді Наурыз бұла күш тасқынымен,

Құлпырып, қайта өзгеріп жастығымен.

Жер иіп, тамыр толып, бүршік жарып,

Табиғат ықыласына тас жібіген.

 

3 бала    Жаңғырар   дәстүр салтымның,

Көзелсін бұлақ жалғасы.

Қастерлі менің халқымның,

Мереке Наурыз – жыл басы!

Жүргізуші: Көңілді күй ойнайды. Оның әсем сазымен қоса дыбыс күшейткіш арқылы балалар  Наурыз тойдың төл ұрандарын орындайды.

1 бала    «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!»

2 бала    «Ақ мол болсын!»

3 бала   «Құт дарысын!»

4 бала   «Наурыз береке әкелсін!»

5 бала   «Ұлыс оң болсын!»

Жүргізуші: Осымен Наурыз мерекесіне арналған «Қош  келдің – әз  Наурыз!» атты ертеңгілігімізді аяқтаймыз. Келесі Наурызға амандықпен жетейік.

Талапкер Асылай Мұхамбетқызы,

КМҚК «Айгөлек» ясли

бақшасының әдіскері

Атырау облысы,

Жылыой ауданы,

Құлсары қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.