Мұғалім: Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар, дәстүрімізге айналған Ұлыстың ұлы күні – Наурыз құтты болсын. Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жаңа жыл келді. Әр адам келер жылдан үлкен үміт күтіп, оны ақ тілекпен, ақ ниетпен қарсы алады. Ұлы мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, жанұяларыңызға бақыт, еңбектеріңізге табыс тілейміз. Ұлы мереке сіздерге бақыт сыйласын.
1-ші оқушы:
Наурыз қайтып оралды аты аңыз,
Сұрамаймыз алғыс та, ақыда біз.
Үй – дастарқан, даламыз – сахнамыз!
Ұлы мейрам – Наурызға шақырамыз!
Мұғалім: Наурыз – өте көнеден келе жатқан мейрам. Наурыз сөзі парсы тілінде (Нау — жаңа, рыз – күн) деген сөздерден шыққан, жылдың бірінші күнін білдірген. Ал қазақ тілінде «Наурыз» сөзі біріншіден, жыл басында тойланатын думанды халықтық мейрам, екінші, Наурыз айы, үшіншіден, ұлыс күні жасалатын көжеге қатысты айтылады. Бұл күні аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні, ұлыс күн» деп атаған.
2-ші окушы:
Ұлыс бақты болсын,
Әр күніміз жақсы болсын,
Достығымыз берік болсын,
Білім-өнер серік болсын.
Ұлыс оң болсын,
Бестік баға мол болсын
3-ші оқушы:
Көктем жетті көл-көсір шуақ болсын!
Қыс барады қиылып, жылап тұрып.
Шатырында үйлердің Наурыз жүр,
Мұз көрпесін ақпанның лақтырып.
«Қосалқы» биі орындалады.
4-ші оқушы:
Бабам сені қастерлеп, арман етті өзіңді,
Ұлы тойым, сөйлейін, арнап саған сөзімді.
Шуағыңды төкші бір, бар тіршілік оянсын,
Асқар тауым, кең дала шұғылаңа боянсын.
5-ші оқушы:
Гүлге толып кең дала,
Тағы келді Наурыз.
Сәнім болар сен ғана,
Сағындырған Наурыз.
Күйге толып көңілім,
Құлпырамын Наурыз.
Мәнге толып өмірім,
Ынтымағым Наурыз.
6-ші оқушы:
Көктем келсе болғаны, сен деп соғар жүрегім,
Наурыз тойым армысың, арман бол деп жүремін.
Шаттық кернеп бойымды, әнге атыңды қосамын.
Қуанышты сезіммен сені алдан тосамын.
«Наурыз» әні орындалады.
7-ші оқушы:
Малдар төлдеп, қой қоздап,
Сүттен бұлақ ағызған.
Жаңа жылдың сипаты,
Молшылыққа аңыз боп,
Басталыпты Наурыздан.
8-ші оқушы:
Наурыз – шыр айналған жылдың басы,
Адамның өлшенеді өмір жасы.
Қазақтың пейіліне жарасады,
Әр үйде дастарқанға толған асы.
Құрманғазының «Балбырауын» күйі орындалады.
9-ші оқушы
Көптен күткен Наурыз тойы арайлы,
Нұр толтырып жатыр, міне, маңайды.
Мал біткеннің бал татыған уызы,
Қуат болып қанымызға тарайды.
10-ші оқушы:
Қош келдің, Наурызым ардақты,
Халқым саған бар үмітті арнапты.
Жылда осындай келе бергін жасарып,
Гүлге бөлеп, нұрға бөлеп аймақты.
Қыздар тобының орындауында «Бипыл» биі
11-ші оқушы:
Күн мен түн теңелді,
Жер шуаққа кеңелді.
Қуанышта ел енді,
Наурыз келді салтымыз.
«Көгерсін» деп халқымыз,
Көшеге тал егеді.
Мұғалім: «Күн мен түн» көрінісі қойылады.
Күн: Сәулесі мол Күнмін.
Түн: Жұлдызы көп Түнмін.
Бірге:
Бүгін біздер бірдей боп,
Теңелеміз біз бүгін.
Түн: Ал ертең күн ұзақ.
Күн: Түн қысқарар бірақ.
Бірге:
Ұйқы қанбай қалып,
Жүрмеңдер тек, шырақ.
Халықтың «Кеңес» күйі орындалады.
12-ші оқушы:
Наурыз – көктем тойымыз,
Той дәмі мол, тойыңыз!
Күн ұзарар жылынып,
Төлдеді де малымыз.
Тамыр жайды талымыз!
Наурыз өнер жарысын,
Бастады жас-кәрі үшін.
Тойды бастап ел енді,
Қуанышқа бөленді.
Жарқыраған жас нұрлы,
Жаса, Наурыз, дәстүрлі.
Мұғалім: Т.Сарыбаевтың «Наурыз-думан» әні орындалады.
13-ші оқушы:
Наурыз гүл көктем,
Сәнді ай арайлы.
Күлімдеп күн көктем,
Нұр шашып қарайды.
Төсінде қалқыр ән.
Наурыз — көңілді ай,
Шаттығы шалқыған.
14-ші оқушы:
Ойнаймыз шаттана,
Ішеміз күнде айран.
Балаға да, қартқа да,
Ортақ қой бұл мейрам.
Аламыз бата мың,
Дем берер ол да аса.
Тек Аяз атаның,
Тоқтығы болмаса.
Мұғалім: «Қызыр ата» әні орындалады.
Мұғалім: — Наурыз тойының өзіне тән үлкен ырым асы – Наурыз көже. Наурыз көже жеті түрлі дәмді астың құрамынан жасалады. Оның мәні – жаңа жылда тойымшылық, молшылық, мәні де, дәмі де татымды өмір болсын деген ырымды, тілекті паш ету. Наурыз тойындағы тағамдарда, көбінесе ақ жағы басым болады. Өйткені, бұл кезде төрт түлік төлдеп, ақ молайған кез. Сондықтан да тойшылар бір-біріне «ақ мол болсын», «сауар көбейсін» деп тілек айтады.
15-ші оқушы:
Ашық болсын қос қабақ,
Тас атқанды аспен ат.
Бейтаныс та, таныс та,
Бүгін төрде бас қонақ.
16-ші оқушы:
Арпа, бидай, тары бар,
Қатық, малта, ағы бар
Ішілетін, жейтіннің,
Бұл көжеде бәрі бар.
17-ші оқушы:
Ошақта шоқ көп әлі,
Астың ауыр обалы.
Астан үлкен ешкім жоқ,
Қазан аузы жоғары.
18-ші оқушы:
Наурыз тойын әдемі,
Әжем еске түсірді.
Біздерге арнап әдейі,
Наурыз көже пісірді.
Ашылды да кебеже,
Дәм әзірлеу басталды.
Әжем наурыз көжеге,
Жеті түрлі ас салды.
Бидай, күріш, тары бар,
Ащы құрты тағы бар.
Көже елдің ырзығы,
Бұл көжеде бәрі бар.
Мұғалім: М.Ілиясовтың «Қазақы дастарқаным» әні орындалады.
19-ші оқушы:
Ұлы халқым есептескен текпенен,
Ата салтын ешкім аттап кетпеген.
Мың пәледен құтқарады бір бата,
Адам барма бата естіп өспеген.
20-ші оқушы:
Ниеттерің ақ болсын,
Наурыздың аппақ қарындай.
Бастарыңа бақ қонсын,
Шаштарыңнын санындай.
Тыныш болсын даламыз,
Түгел болсын нуымыз.
Таза болсын ауамыз,
Тұнық болсын суымыз.
21-ші оқушы:
Қыс өтіп, қар кетіп,
Шырайлы жаз жетіп,
Шаруаның кенелген.
Мейрамы ежелден,
Құтты болсын, Наурыз!
22-ші оқушы:
Наурыз жырын жырлаймыз,
Онымен де тұрмаймыз.
Шыңдалып жеткен бұл күнге,
Ел дәстүрін сыйлаймыз.
23-оқушы:
Жаңғырар дәстүр-салтымның,
Көзделсін бұлақ жалғасы.
Қастерлі менің халқымның,
Мереке – Наурыз жыл басы.
Мұғалім: «Ата толғауы» биі орындалады.
24-ші оқушы:
Бауырласқан тәніміз,
Бұзылмаған антымыз.
Кең даланың ежелгі,
Қазақ дейтін халқымыз.
Өзге ұлттай біздің де,
Бар дәстүр мен салтымыз.
Мұғалім: Халықтық салттар көп. Бала шыр етіп дүниеге келген күннен еңкейіп қарт шағына дейін тойлар тойланып, салттар сақталады. Ол салттарға бала дүниеге келгенде азан шақырып ат қою, баланы бесікке бөлегендегі бесік тойы, одан әрі баланың жүрер шағында тұсау кесері, мектепке алғаш қадам аттағанда жасалатын Тілашар тойы, т.б. көптеген салттар бар.
Бижанова Меруерт
Арықты орта мектебінің мұғалімі
Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы