Семей қаласындағы физика – математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірттері тағы бір белесті бағындырды. Дәлірек айтқанда, 12 сынып оқушысы Теміржан Юсупов пен 11 сынып оқушысы Алдан Дүйсенғалиев IX Еуразия олимпиадасында информатика пәні бойынша II дәрежелі диплом иегері атанды. Үстіміздегі жылдың 9-10 желтоқсан күндері Алматы қаласында өткен білім бәйгесін «Дарын» республикалық ғылыми –практикалық орталығы мен Санкт-Петербург Ақпараттық технология, механика және оптика ұлттық зерттеу университеті ұйымдастырған. Олимпиаданың мақсаты – оқушылардың ақпараттық құзыреттілігін қалыптастыру, ақпараттық мәдениетін дамыту, компьютерлік модельдеу мен ақпараттық технологиялар және есептеу ғылымдары саласындағы ең дарынды жастарды анықтау. Командалық есепте өткен олимпиадаға семейлік өрендер бөлек, Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Әділхан Мұратов та қатысып, ортақ бір команда намысын қорғады.
Жалпы аталмыш олимпиаданың іріктеу және қорытынды кезеңдерден тұрғанын айта кеткеніміз жөн. Іріктеу кезеңі қараша айында ғаламтор арқылы дистанциялық түрде өтті. Міне осы кезеңнен сүрінбегендер қорытынды кезеңге жіберіліп, Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен келген үміткерлермен білім деңгейлерін сайыстырды.
— Олимпиада халықаралық деңгейде өткен соң, айтарлықтай қиындық тудырғаны рас. Біз бұған дейінгі іріктеу кезеңінде де берілген тапсырмаларды уақытында орындап шыққан болатынбыз. Қорытынды кезеңде 5 сағат уақыт берілді. Осы аралықта әр тапсырманы мұқият қарап, дұрыс шешуге тырыстық. Алған біліміміз бен ұстаздарымыздың берген дәрісі көп көмектесті деп айтуға болады. Осы олимпиадаға қатысу арқылы біз өзімізге мол тәжірибе жинаумен қатар жеңіске жетудің оңай емес екенін, сол үшін жігерлі болу керек екенін ұқтық. Олимпиада жоғары деңгейде өтті. Осал қарсылас болды деуге келмейді. Барлық қатысушылар мықты. Солай бола тұрса да, бағымыз жанып, зияткерлік мектептің абыройын қорғадық. Болашақта бұдан ірі биіктен көрінеміз деген ойдамыз, — дейді олимпиада жүлдегерлері Теміржан Юсупов пен Алдан Дүйсенғалиев.
Жалпы қос оқушымыз жүлдеге алғаш рет қол жеткізіп отырған жоқ. Өйткені, Теміржан бұған дейін өткен жылы жалпы білім пәндері бойынша республикалық олимпиаданың жүлдегері болса, Алдан соңғы олимпиаданың желілік кезеңінің жүлдегері атанған болатын.
Демек, болашағынан мол үміт күттіретін дарынды оқушыларымыздың шығар шыңы мен бағындырар белесі алда деп сенеміз.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі