Айдарымыз ашылғалы бері мұғалімдердің сан түрлі қырын ашар, өмірі мен еңбегінің жемісін көрсетер көптеген сұхбаттарды жариялаппыз. Десек те, олардың дені бүгінде кәсібінің шыңына жетіп отырған ардагер ұстаздарымызға арналған еді. Еңбек жолына енді кірісіп, кәсібінің қыр-сырына енді қанып жатқан жас буын мұғалімдеріне бұл орайда аса мән берілмеген екен. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін, біз бүгінгі сұхбатымызға Талғар ауданы, Қызылқайрат ауылындағы №19 мектепте биология пәнінен дәріс беретін жас педагог Нүсіпова Шынар Дәуіталықызын тарттық.
- Шынар ханым, сәлеметсіз бе! Ең әуелі, біздің айдарымызға өзіңіз жайында аздаған мағлұмат беріп кетсеңіз…
- Сәлемет пе, Дінмұхамед. Мен 1991 жылы, маусым айының 12 жұлдызында дүниеге келгенмін. Қазіргі Алматы облысы, Кеген ауданының тумасымын. Дегенмен, оқушылық өмірім қазіргі Талғар ауданындағы №49 мектепте өтті. 2008-12 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ҚызПУ «Биология пәнінің мұғалімі» мамандығын үздік дипломмен тәмәмдап шықтым. 2012-13 жылдары Алматы қаласы, Жетісу ауданындағы №143 мектепте биология пәнінің мұғалімі болып алғаш еңбек жолымды бастадым. 2014 жылдан бастап Алматы облысы, Талғар ауданындағы №19 орта мектепте жұмыс жолын жалғастырып жатырмын.
- Қазіргі жастардың дені ұстаздықтың ауыр жолына аяқ басқысы келмейді. Сіз неге бұл салаға келдіңіз?
- Шынымды айтсам, бала күннен медицинаға деген қызығушылығым бар еді.Дәрігер болам деп ойладым.Түрлі журналдардағы медициналық айдарларды жібермей оқуға тырысып, тіпті, сол айдар орналасқан бетті кесіп алып, жеке портфолиеме жинайтынмын. Олар маған болашақта көмектеседі деген бала үмітім болды. Мектеп қабырғасында жүргенімде дәрігер болу үшін биология пәнін жете білу керектігін ұғындым.Сондықтан, оқушы кезімде биология, химия, физика сынды жаратылыстану пәндерін зор қызығушылықпен оқитынмын. Дегенмен, жоғары сыныптарға көшкен кезде мен өзімнің мұғалімдікке деген қызығушылығымның оянғанын байқай бастадым. Оған менің тәлімгерлерім де түрткі болған болуы керек. Олардың жанарындағы оқушыға деген махаббат, өз ісіне, үйретуге деген құштарлық мені бейжай қалдырмады. Артынша, мектепті тәмәмдаған соң ойланбастан «Биология пәнінің мұғалімі» мамандығына тапсырдым. Бұл жер менің қос арманымның ұштасқан тұсы болды…
- Яғни, медицинадан да жырақтамадым дейсіз ғой… Тамаша! Ұстаз болу туралы мақсатыңызға жеткеніңзді көріп отырмыз. Осы жерде «Мұғалімдік сізге не берді?» деп сұрағым келіп отыр.
- Жас маман болғаннан кейін бұл сұраққа жауап беру қиындау. Өйткені, менің үйренерім де, үйретерім де, алар асуларым мен жетістіктерім де әлі алда. Тек, бір айтарым, ұстаздық — адамды қай жаста болмасын жауапкершілік пен табандылыққа тәрбиелейді.
- Қазіргі еліміздің білім жүйесіне көпшіліктің көңілі толмайды. Ол қайнаған білім қазанының қақ ортасында жүрген мұғалімдерге тікелей қатысты. Ал сіздің көңіліңіз тола ма бүгінгі жүйеге?
- Сұрағыңыз орынды. Білім беру жүйесінің сапасына қарай білім көрсеткіші де соғұрлым жоғары болады.Бүгінгі жүйеміздің кемшіліктері аз емес. Солардың ішінде мені қатты алаңдататыны – шет тілін ерте бастан оқыту мәселесі. Бұл жайында, әрине, биік мінберлерден ел ағалары айтып та жүр. Десек те, азаматтық позициямды айтқаным айып болмас…
- Әбден дұрыс айттыңыз.Әркімнің өз шындығы бар. Көзқарастың алуан түрлі болуы қоғамға да пайдалы деп ойлаймын. Білім жүйесіне қатысты өз пікіріңізді айттыңыз. Енді , өзіңізді ұстаз ретінде алаңдататын мәселені айтсаңыз.
- Қазіргі қоғамдағы ұстаздар позициясының әлсіреуі. Біз үшін одан асқан қандай трагедия болуы мүмкін. Ұстаздарымыздың қадірі кеткені соншалық, қазір оқушылардың өзі мұғалімнің жағасынан алатын өкінішті жағдайға жеттік. БАҚ-та жарияланып жүрген түрлі айтуға ауыз бармайтын ұятты жағдайларды естігенде, жағамызды ұстаймыз. Қазіргі қоғам мұғалімге білім беруші, тәрбиеші, зиялы қауым деп емес қоғамдық жұмыстарды атқарушы қызметкерлер ретінде қарайтындықтан , оқушылар да түрлі ұятты қадамдарға барып жатыр. Ұстаздардың мәртебесінің түсуі, еліміздің білім беру жүйесінің сапалылығын да азайтады деп ойлаймын. Осыған орай, Білім және ғылым министрлігі ұстаз абыройын көтеру мақсатында нақты әрі табанды шараларды жиірек қабылдаса деген тілегімді жеткізгім келеді.
- Ойыңыз орынды. Біз де министрлік бұл бағытта белсенді жұмыс жасайды деп сенеміз. Келесі сұрағымды қойсам. Бұл сұрақты сізге дейінгі барлық ұстаздарға қойып шықтым. Енді, сіздің пікіріңізді білгім келіп тұр. Оқушы мектепте ең бірінші неге үйренуі тиіс.
- Бұл сұрақтың ауқымы кең. Оған түрлі бағытта жауап беруге болады. Десе де, өз басым қазіргі заманда оқушы мектепте тәрбие алуы керек деп ойлаймын. Оған себеп, қазіргі нарық заманында отбасылық тәрбиенің әлсіреп кетуі. Бала не үйде, не мектепте , болмаса, өзге жерде дұрыс тәрбие ала алмаса, өскенде ол баладан абзал азамат шығады деу қиын. Бұл ақыр түбі ұлттық құндылықтар трагедиясына да әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан, отбасында ала алмағанын білім ошағында алған тәрбиесімен толтырғаны дұрыс болар (күлді).
- Нені армандайсыз?
- Арманым көп қой. Қайсыбірін айтайын. Ең бастысы, адал еңбек етіп, өз кәсібімнің шыңына жету. Үлкен белестерді бағындыру.
- Сіз секілді адал да қарапайым, білімді жас мамандарымыз барда өскелең ұрпақ білімге шөлдеп қалмас деп үміттенеміз. Арманыңызға жетіңіз.
- Рахмет.
- Қоштасарға қандай тілек айтасыз?
- Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын дейміз да.
Дінмұхамед МҰХАМЕТЖАН,
«Білім айнасы»,
Алматы қаласы