Home » Сценарийлер » Қонаев — ұлы тұлға

Қонаев — ұлы тұлға

Мақсаты: ХХ ғасырдың бір туар көрнекті мемлекет қайраткері Д.А. Қонаев туралы жан-жақты түсінік қалыптастыру.

Міндеттері: кемеңгер тұлғаның ерен еңбектерімен таныстыру, оқушылардың танымдық қабілеттерін арттыру, Отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Д.А. Қонаев туралы слайдтар, бейнероликтер, суреттер, кітап көрмесі, Қонаевтың өз даусы жазылған бейнетаспа.

 

«Д.А.Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық, ақиқат.

Ол кісі бәрімізге ұстаз болған ұлы адам» (Н.Ә. Назарбаев)

Ән: Домбыра

фанфар

1-жүргізуші: Армысыздар, қадірлі ұстаздар мен оқушылар, бүгінгі кешке қатысушы қонақтар! Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 105 жылдығына арналған «Қонаев — ұлы тұлға» атты кешімізге қош келдіңіздер!

2-жүргізуші:        Теңгерілмес небір асыл, алтынға,

Ұлылықтар сенің заңғар парқыңда.

Тау бейнеңмен жүректерде қаласың,

Димаш ата аласармас тау тұлға!

Бейнебаян: Қонаев — Ұлы тұлға (Қонаевтың өмірбаяны және өз даусы жазылған бейнетаспа қойылады).

Ән: Сильные люди сильной земли (Қонаев туралы бейнебаян).

1-жүргізуші:        Қаламымды малып алып жыр жазамын

Димаш деген бұлақтың тұнбасына.

Димаш десем, жанарым нұрға толған,

Сауыт кеудем патша өлең, жырға толған,-деп жырлаған Рафаэль Ниязбек ағамыздың 300-ге тарта өлеңі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ағамызға арналған. Ендеше, ұлы тұлғаға арналып жазылған жырларға кезек берейік!

Әдеби бөлім (бастауыш сынып, орта буын, жоғары сыныптардан 6 оқушы Р.Ниязбектің өлеңдерінен оқиды).

1-жүргізуші: Қазақ өнерін жоғары бағалаған Дінмұхамед Ахметұлы өнерде жүрген жандарды жан-жақты қолдап, қазақ мәдениетінің дамуына ықпал етіп отырған. Ол кісі – қазақтың ән өнерін ерекше сүйген жан. Соның бір дәлелі: Димаш ағамыз Чехословакия елінде Шәмші Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында»  әнін орындап, халық қошеметіне ие болған.

Сахналық қойылым: «Қонаевтың Шәмшіні қабылдауы»

Қонаевтың кабинеті («Бақыт құшағында» әнін тыңдап, ойланып отыр. Осы кезде кабинетке Шәмші Қалдаяқов пен Нұрғиса Тілендиев келеді. Димаш аға оларды орнынан түрегеп қарсы  алады).

Нұрғиса Тілендив пен Шәмші Қалдаяқов кезек-кезек: «Ассалаумағалейкум, Димаш аға!», деп қол беріп амандасады.

Қонаев: Уағалейкум-ассалам! Ал, жігіттер төрге шығыңдар. Хал жағдайларың қалай?

Шәмші Қалдаяқов: Жақсы аға, рахмет!

Нұрғиса Тілендиев: Аманшылық!

Қонаев: Шәмші, сенің «Бақыт құшағында» әніңді Чехословакия елінде  өткен бүкіл одақтың кезекті отырысында орындап,  халықтың қошеметіне бөлендім. Осы сенің ән жинағың бар ма?

Шәмші Қалдаяқов: Жоқ, енді қолға алсам деп жүр едім.

Қонаев: Мен баспаға сенің «Бақыт құшағында» атты  әндер жинағыңды шығарыңдар,- деп тапсырма бердім.

Нұрғиса Тілендиев: Шәмші бұл әнді  зайыбы Жамилаға арнап шығарған.

Қонаев: Ә-ә , солай ма еді.

Нұрғиса Тілендиев (Шәмшіге қарап күлімдеп): достым, бұл ән, шынында да бақытты ән болды.

Шәмші Қалдаяқов (қуана, әрі ұяла төмен қарап, қайта-қайта бас изеп): Иә, иә.

Қонаев: Ал енді, осы сенің үйің бар ма?

(Шәмші Қалдаяқов күмілжіп,  ол үшін Нұрғиса Тілендиев жауап береді )

Нұрғиса Тілендиев: тоғызыншы  ықшамауданданда  төрт адам  бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрады.

Қонаев: Ммм, қазір

(телефонды қолына алып, нөмірлерді тере бастайды, Шәмші мен Нұрғиса Тілендиев бір-біріне қуана қарап, жымыңдайды).

— Алло Саттар, аманбысың ? Мен өткенде айтқан үй мәселесі  не болды ? Иә, иә, сол жаңадан салынып жатқан  Қазақстан ықшамауданынан  бір пәтер Шәмшіге  берілсін. Әй, Саттар бұл тірліктің аяғы қыртыңбайға салынып кетпесін, жарайды ма, жақсы!

Нұрғиса Тілендиев Шәмшіге қуана  қарап: Қоныс құтты болсын!

Шәмші Қалдаяқов қуанышын жасыра алмай: Рахмет, Димаш аға!

Үшеуі ортаға қарай шығады.

Қонаев:  Далада  да, қалада  да сенің әндеріңді  халық  жақсы көріп, тойларда сенің әндерің шырқалады екен. Мен де сенің әндеріңді құрметтеймін.

Шәмші Қалдаяқов тебіреніп: Рахмет, Димаш аға! Бұл күн мен үшін есте қалар қуанышты да бақытты күн болды.

1-жүргізуші:      Өткен екен бұл фәниден сан алып,

Тарих үшін емес ол да жаңалық.

Дінмұхамед-Қонаевтың жай аты

Шын аты оның Мейірім мен Даналық.

Күй: «Көңіл толқыны» және Қонаев туралы бейнебаян көрсетіледі.

2-жүргізуші: Халқымыздың біртуар азаматы Д.А. Қонаевтың есімі жылдар өтсе де, әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталады. Бұл күндері Қазақстанның әр қаласында Қонаевтың атымен аталатын көшелер, мектептер, жоғары оқу орындары көптеп кездеседі. Тіпті жер-жерлерде оған ескерткіш те қойылып жатыр.

1-жүргізуші: Тараз қаласында да Қонаев атындағы көше, мұражай, кітапхана бар және ескерткіш орнатылған. Бүгінгі кешіміздің құрметті қонақтарымен таныстырып өтейік:

  • Облыстық Қонаев қоры директорының орынбасары Сейдуалиев Нарием мырза.
  • Қонаев қорының қызметкері, ақын ағамыз Демешов Құрманғазы мырза.

Сөз кезегі сіздерде, құрметті қонақтар!

«Еркін микрофон» айдары жұмыс істейді (оқушылардың сұрақтары қойылады).

2-жүргізуші: Димаш аға өмірінде өте ұстамды, салмақты, ақылы мен парасаты ерекше, көпшілікті іске жұмылдыра білетін, қабілеті мол кемеңгер басшы болды. Оны халқы «Біздің Димаш»  дейтін. Осындай тау тұлғаға арналып жырлар жазылып қана қоймай, ән де, күй де шығарылды. Ендеше «Димаш аға» әнін қабыл алыңыздар!

Ән: «Димаш аға»

1-жүргізуші: Ғалымдар жұмыр жерді жайлаған бүкіл елдің басшыларының еңбегін сараптап таразылағанда, Қонаев жетінші орынды иеленіп, әлемдегі «Жеті ұлының» бірі атанған. Мектебіміздің жас ақындары да аға буын өкілдерінен қалыспай, Димаш аталарына жүрекжарды жыр шумақтарын арнаған екен. Ендеше, жас ақындарымызды ортаға шақырайық.

Арнау (Жақсыбаев Ш., Пернебаева Р.)

Димаш атама

Дінмұхаммед атамыз ел басқарған,

Қазақстан міндетін ол атқарған.

Қиын-қыстау кезеңде патша болды,

Саясатының арқасында ел жақсарған.

Қара басын, байлықты емес, елді ойлады,

Сені бүгін еске алып ел тойлады.

Ақылдылық, жомарттығы тағы да бар,

Жетімдерге көмектесу, соны ойлады.

Жекеменшік көлікті алмаған ол,

Үлкен үйді өз басына салмаған ол.

Ойлады қазақтардың болашағын,

Періште ме осы жолды таңдаған ол.

Ұлылардан ұлылар туған бе екен,

Осы жолды кейінгілер қуған бе екен,

Сенен туған ұрпақтарың біз боламыз,

Ұқсағысы келмегендер будан бе екен.

Дара тұлға Дінмұхамед атама

Ұлы дала ұрпағымын, мақтанам

Бақыттымын гүл жайнаған кең далам.

Тарихтан білем бабалардың еңбегін,

Жаса мәңгі отаным менің – Қазақстан.

Тәуелсіздік елдігімнің белгісі,

Бабалардың еңбегінің жемісі.

Терін төккен өз ұлты үшін, жан қиған,

Қайтпас қайсар жақсы жандар үлгісі.

Аңыз адам Дінмұхамед атамыз,

Халқым деп соққан әрбір жүрек лүпілі.

Ширек ғасыр ел басқарған бабамыз,

Ұрпағына үлгі болар әр ісі.

Алға басқан Қазақ елі жаңарған,

Мал көбейіп, береке еніп таң қалған,

Салынып қала, өнеркәсіп сап түзеп,

Көрші елдер «Медеуге» келіп дем алған

Ұлы ғалым, еңбек жазған көп зерттеп,

Дәстүр, салтты, мәдениетті құрметтеп,

Саясаткер, дипломат, озық туған қатардан,

Иманы берік, Ұлы жан ол қаһарман.

105 жасқа келіпті міне бабамыз,

«Желтоқсан желі» тербеген сізді білеміз.

Ұмытпаймыз, ұлағат болар біздерге,

Әрбір сара, салған Ұлы ізіңіз.

Тағлымы терең, арманы көп асыл жан,

Еңбегі зор өркен жайған елімде,

Заманның Ұлы саясаткері биік жан,

Зор еңбегін зерттейміз біз әлі де.

1-жүргізуші:   

Батыр ұл есімдері сақталады,

Жыр болып жүректерге жатталады.

Ғасырдан ғасырларға аңыз етіп,

Ұрпағы мәңгі бақи мақтанады,-дей отырып, бүгінгі кешімізді аяқтаймыз.

2-жүргізуші: Алтын уақыттарыңызды бөліп, мектебімізге арнайы ат басын бұрған құрметті де, қадірменді қонақтарымызға мың алғыс! Сау-саламатта болыңыздар!

Орысбекқызы Сандуғаш

Тараз қаласы, Д.Карбышев атындағы №16 орта

мектептің қазақ тілі мен əдебиет пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.