Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Қобыз аспабы арқылы деңгейлік тапсырмаларды тиімді оқыту

Қобыз аспабы арқылы деңгейлік тапсырмаларды тиімді оқыту

Егемендігін алғаннан кейін еліміздің жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Білім саласында қаншама педагогтарымыз өздерінің озық тәжірибелерін жасап шығарды. Бүгінгі таңда барлық білім беру деңгейлерінде сапаны бақылау қолға алынды. Себебі, оның білім саласы үшін маңызы зор. Тереземіз өзге елмен тең болу үшін, өскелең ұрпақтың алар білімі сапалы, мәнді әрі тиімді болуы біз үшін өте маңызды. Еліміздегі білім беру жүйесіндегі жасалып жатқан технологиялардың көтеретін мәселелері:

  • жас ұрпақтың білім деңгейін халықаралық деңгейге жеткізу;
  • жан-жақты дамыған кәсіби, білікті маманды қалыптастыру;
  • өз бетімен білім алуына, қызығушылығын арттыру;
  • белсенділігі мен ынтасын ашу сынды жұмыстардың атқарылуы бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті мәселелер.

Студентпен жұмысын үлкен дәрежеге көтеру үшін мұғалім осы заманғы білім берудің озық технологиялық үлгісін меңгеріп, оны іс-тәжірибесінде ұтымды пайдалана білуді дағдыға айналдыру керек. Мұғалім өзінің пәнін жете білумен қатар, жаны нәзік әрбір шәкіртінің жанын түсініп, оның дұрыс қалыптасуы үшін көп еңбектенуі керек.

Орындаушылық шеберлік – бұл аспапты толығымен меңгерудің жемісі. Орындаушылық шеберлікті ұштауда, жоғары деңгейдегі кәсіби музыкант, білікті маман иесі, сахна әртісін тәрбиелеудің мәні сабақты ұйымдастырып оны жоспарлау болып табылады. Музыкалық білімді ала отырып, қобыз аспабын меңгеріп, орындаушылық шеберлікті дамыту, бұл – күрделі жұмыс. Ұстаздың міндеті – болашақ өнер иелерін кәсіби деңгейде тәрбиелеп, аспаптық өнерді дамытып, озық педагогикалық тәжірибелерді, оқу әдістемелік құралдарын қолданып үлкен нәтижеге жету. Яғни, оқушылардың жеке тұлғалық ерекшеліктерін арттырып, орындаушылық өнердегі көркемдік ойды, мақсатқа жетуді, өз бетінше құлшынуды, аспапты меңгерудегі әдіс-тәсілдерді, музыкалық орындаушылықты меңгерту. Деңгейлік оқыту оқушының шығармашылық қабілетін жетілдіруге бағытталған тапсырмалардан құралады. Бұл тапсырмаларды орындай алуы үшін мүмкіндігіне байланысты қарапайым әдістер мен тәсілдерді пайдаланады. Аталған тапсырмаларды орындауда талдау, салыстыру, жалпылау сияқты ойлау үрдістері, жаңа әдістерді орындау, қалыптастыру дағдысы жетілдіріледі. Музыкалық білім беруде деңгейлік оқытудың мақсаты оқушының музыкалық-орындаушылық қабілетін дамыту, өз бетінше жұмысын орындау, жоспарлай білу, қателерін түзеу, салыстыру, бақылау мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Психологиялық және педагогикалық тұрғыда тұлғаның өзіндік іс-әрекеті өзіне деген сенімділік қасиеттерімен сипатталып (оның белсенділігі, шыдамдылығы өзін сынау, бақылау т.б.) қабылдау, түрлендіру, шығармашылық сияқты қабілет жиынтықтардан құралады.

Әр оқушының жеке тұлғалық қасиетін анықтап, қызығушылығын, ынтасын арттырып, диагностикалық түрде мақсат қойып жұмыс істеу, бұл мұғалімге қарқынды жұмыс істеуге септігін тигізеді. Өйткені негізгі көңіл оқушының жеке тұлғалық қабілетін анықтауға бағытталады. Жеке тұлғалық қабілетін анықтай отырып біз оның темпераментін білеміз. Соған байланысты тапсырмалар беру де жеңілге түседі. Мысалы классик дәуірінің ұлы музыканты М.А.Ямпольский оқушыларды жеке тұлғалық қабілетіне қарай сегіз топқа бөлген. Олардың әрқайсысының қабілетіне байланысты шығармаларды таңдап алып үйреткен.

Ал, деңгейлеп оқыту оқушының жеке басына бағытталатын болғандықтан жалпы, білімділік дайындығы бар немесе жоқ әрбір оқушы әр уақытта өзгеріп отыратын жағдайларға икемделіп, өзінің қабілетінің жоғарғы дәрежесіне сай бағытта дамуын қамтамасыз етуі тиіс. Деңгейлеп оқыту оқушының психологиялық ерекшеліктеріне негізделгенімен, оқыту талаптары барлық оқушыға бірдей болып сақталады.

Бүгінгі таңда мұғалімнің борышы – өзінің кәсіптік деңгейін үздіксіз жетілдіру, оқушының өсіп-жетілуіне, белсенділігіне, шығармашылығы мен орындаушылығының және жауапкершілігінің қалыптасуына ықпал жасау болып табылады. Осындай аталмыш міндеттерді және нәтижелі білімге қол жеткізуді жүзеге асыру барысында деңгейлеп оқыту технологиясы үрдісінде өз орнын таба білді.

Педагогикалық баспалар бетінен жарық көріп жүрген мұғалімдердің көптеген тәжірибесін сараптай келе, олар нәтижеге бағытталған білім беруді жүзеге асырудың ең тиімді құралы ретінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ж. Қараевтың үш өлшемді әдістемелік жүйеге негізделген педагогикалық технологиясын көп қолданғанын байқаймыз. Оқыту технологиясы — 1998 жылдан бастап қолданысқа енгізіліп көптеген ғылым салаларына өзінің ықпалын тигізіп келе жатқан технология. Деңгейлеп оқыту технологиясының өзіндік жұмысын ұйымдастырып өткізуге көмегін тигізеді.

Профессор Ж. Қараевтың деңгейлеп-саралап оқыту технологиясы жаңаша өзгерген мақсатпен оқушылардың өздігінен танып, іздену іс-әрекеттерін меңгертуді талап етеді. Ж. Қараевтың деңгейлеп, саралап оқыту техгологиясы мынандай 4 деңгейді қарастырады:

  1. Репродуктивтік деңгей – жалпыға бірдей стандартты білім негізінде тапсырма беріледі. Мұндай тапсырмалар оқушылардың алдыңғы сабақтарда алған білімдеріне және оқушыға байланысты.
  2. Алгоритмдік деңгей. Мұнда оқушы мұғалімнің түсіндіруімен қабылдаған ақпаратты пайдалана отырып орындайды.
  3. Шығармашылық деңгей оқушының таза өзіндік шығармашылығын байқатады. Жаңа тақырыпты оқушылар шығармашылық ізденіс үстінде өздігінен меңгереді.
  4. Деңгей — өлшем. Сұйық өлшемі, білім өлшемі. Деңгейлік тапсырмалардың ауқымы өте кең. Оқытудағы жаттығулар, өтілген сабақтарды қайталау, пысықтау, бекіту жұмыстарына арналған жұмыс жүйесі.

Деңгейлік тапсырмалар құрамына екі қолға арналған жаттығулар, ноталық мәтіндер, іскерлік ойындар (есту қабілетін дамыту, яғни теріс қаратып оқушыға күйсандықтың тілін басып, қандай нота екенін тапқызу) т.б. жатады.

Бірінші деңгейдің тапсырмалары репродуктивтік болғандықтан, ол жалпыға бірдей тапсырма. Мемлекеттік стандартқа сәйкес, баланың жас мөлшеріне байланысты таңдалынып алынады.

Екінші деңгейдің тапсырмалары сәл күрделірек. Класс бағдарламасының талабына сәйкес гамма, жаттығулар және шығармаларды орындайды. Оқушының ынтасы жоғарылап, оның орындаушылық көрсеткіші де арта бастайды.

Үшінші деңгей тапсырмалары өз бетімен жұмыс істеуіне арналған тапсырмалар болып табылады. Ойлау дәрежесі жоғары, шығарманы өз бетінше талдау, салыстыру жұмыстарын жүргізетін қабілетке ие болады.

Төртінші деңгей дарынды, талапты оқушыларға арналған. Бұл деңгейдегі оқушы саны аз болғанымен, үш деңгейлік тапсырмаларын орындағанда ерекшелініп көзге түсіп тұрады. Бұл шығармашылық оқушыға мұғалім бағытын беріп отырады, арнайы конкурстарға қатыстырып, концерттерге шығарады.

Деңгейіне сай бөлінген тапсырмаларды оқушыға рет-ретімен орындай бастайды. Бірінші деңгей тапсырмасы, айтып кеткеніміздей, жалпыға ортақ. Ал, келесі деңгейдегі оқушылар қабілетіне байланысты өз жұмыстарын жүзеге асырады. Қобыз класында оқыту жүйесі топтық болмағандықтан, жұмыс жүргізу бағдарламасын құру жеңілірек. Өйткені, сабақ жеке өтілетіндіктен әр оқушының қабілетімен жеке тұлғалық ерекшеліктеріне сай тапсырмалары күтіп тұрады.

Бұл жерде деңгейлік тапсырмалардың айта кетер бір ерекшелігі, екінші деңгейдегі оқушы келесі деңгейдегі оқушының жеткен жетістігін көріп алдыға ұмтылады. Оның орындаған шығармасын орындауға тырысып, оқушының жеке жұмыс істеу процесінің қарқыны күшейе түседі.

Музыкалық шығармаларды аспапта ойнап үйрену, жеке тұлғаның эстетикалық, эмоционалды-сезімдік, сан-сезімін дамытып, қалыптастырады және әсемдікті қабылдап сезінуге талпындырады. Музыка және музыка өнері ерекше психофизиологиялық құбылыс. Ол – қоғамдық сананың формасы ретінде адамдардың эмоционалдық сезіміне тікелей ықпал етуші эстетикалық тәрбие құралы болып саналады.

Ғалымдардың айтуы бойынша, баланы кішкентай кезінен музыкалық дыбыстың түрлі тонына, күшіне, жоғарылығына, тембріне бағыттаса, оның музыкалық қабілетінің тез дамуына, жылдам оқуына, тіпті тез ойлауына әсерін тигізеді екен.

Түрлі жанрдағы шығармаларды орындау орындаушының ой өрісін жетілдіретіні сөзсіз, дегенмен мұғалім оқушының мүмкіншілігін қадағалай отырып, оның жан-жақты болып өсуіне, техникалық шеберлігінің жетілуіне көңіл бөлуі шарт. Өйткені еңбектің жемісті болуы, оқыту барысындағы қалыптастырған жағдаймен тікелей байланысты.

Оқушының шығармашылық мүмкіндіктерін тиімді әдістермен дамыту арқылы мұғалімнің шеберлігі мен біліктілігі артады. Оқушының санасына «түсіну» және танымдық белсенділігі, өз бетінше дайындалу, қызығушылығын арттыру, әдіс-тәсілді меңгеру дағдылары қалыптастырылады.

Әр оқушының өзіндік іштей кемшіліктері болады. Мысалы: өз ойын ашып айта алмайды, көпшілікте бөлініп оқшауланады, орындаушылық қабілетін төмен сезініп өзіне сенімсіздік танытады т.б.

Бұл мәселені шешуде де отандық білім беру технологиясына тереңінен енген деңгейлік тапсырмалар арқылы оқытудың технологиясы өз септігін тигізе алады. Деңгейіне сай бөлінген тапсырмаларды оқушылар рет-ретімен орындай бастайды. Бірінші деңгей бөлінген тапсырмасы айтып кеткеніміздей жалпыға ортақ. Ал, келесі деңгейдегі оқушылар қабілетіне байланысты өз жұмыстарын жүзеге асырады. Қобыз класында оқыту жүйесі топтық болмағандықтан, жұмыс жүргізу бағдарламасын құру жеңілірек.

Өйткен, сабақ жеке өтілетіндіктен әр оқушының қабілетімен жеке тұлғалық ерекшеліктеріне сай тапсырмаларды ұйымдастыруға болады.

Бұл жерде деңгейлік тапсырмалардың айта кетер бір ерекшелігі, екінші деңгейдегі оқушы келесі деңгейдегі оқушының жеткен жетістігін көріп алдыға ұмтылады. Оның орындаған шығармасын орындауға тырысып, оқушының жеке жұмыс істеу процесінің қарқыны күшейе түседі. Деңгейлік тапсырмалар арқылы білім берудің маңызы – жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуы, жұмыс сапасы артады.

Әдебиеттер тізімі:

  1. 1. Г. Керімбекова. Информатика негіздері // Ғылыми әдістемелік журнал №6 2009. -20б
  2. М. Берлинчик. Вопросы музыкальной педагогики Новосибирск 1973. -38б
  3. Деңгейлеп саралап оқыту технологиясы-Bauka.kz Қазақша рефераттар. http://www.bauka.kz
  4. Ермеков Б. Республиканский методико педагогический журнал №1 Деңгейлік тапсырмаларды пайдаланудың тиімділігі 2011. -34б
  5. Қ. А. Уразалиева Қобызда ойнауды үйрететін педагогикалық негіздері. Астана 2010. -79б

Маштақова Назгүл Жәдігерқызы,

«Өнер колледжі — музыкалық — эстетикалық бейнедегі

дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешені» КММ

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.