Бала әлемінің өзі – қиял. Қиялдау – қажет қабілет. Кейде бір тапсырма бергенде немесе баланың таным деңгейін білу үшін әлденені сұрағанда ол өз бетінше қиялдап кетеді. Осындайда әрбір ата-ананың, әр ересектің аузынан шығатын сөз: «Қияли неме!»
Осы сөзді айтарда ертегімен жеті қат жер астына түскен, бірде кілеммен көк аспанда қалықтаған, қияндағы оқиғаны естіп қоятын саққұлақ, алты ауылдың арасын алты сағатта алған тұлпары бар ата-бабамызды ойға алсақ қой. Жер астының метроға, кілемнің ұшаққа, саққұлақтың телефонға, тұлпардың көлікке айналғанын қоса есімізге алайық. Енді ойлаңызшы қиялдау қайда алып келеді.
Осы тұста тағы бір дүниені тілге тиек ете кетейін. Әлемдегі ғаламды өзгерткен барлық өнертапқыштар өздерінің өнертабысын білімінің тым тереңдігінен бұрын қиялының ұшқырлығынан ойлап тапқан. Мысалы, Алберт Ейнштейн: «Мен үшін білімге зерек болғаннан, қиялдай алу қабілеті маңыздырақ», – дейді. Сөйткен Эйнштейн фантастиканы жек көрген. Бұл, меніңше, жүзеге аспайтын ойды жарнамалаудан гөрі, қиялдағы ойды іске асыру керектігін қолдағаннан болар.
Баланың жан дүниесін зерттейтін мамандарға(педагог, психолог, психотерапевт, логопед, т.б.) жанай кетіп, кез келген әрекетінің себебін сұрасаңыз: «Баланың қиялын дамыту үшін жасалып жатыр», – дейді. Бұл, бірақ, қиялға көңіл аударып, білімді естен мүлде шығарып алу деген сөз емес. Білім қиялды жүзеге асыру жолында аса керек.
Ал, баланың қиялына бір сәт сеніп көріңізші. Ол бір кездері ақиқатқа айналғанда сіз балаңызды танымай қалуыңыз да ғажап емес. Міне, сондықтан да баланың қиялына шектеу қоймауды үйренуіміз керек. Біздің алдымызда да небір өнертапқыштар жүруі әбден мүмкін ғой.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ