Ғаламторға деген тәуелділік – ғасыр дерті. Ғаламтор өзінің жылдамдығымен, ауқымдылығымен ерекшеленеді. Берері көп болғанымен, зияны да қатар жүретін ғаламтор жас ұрпақты өзіне тәуелді етуде. Тәуелділіктің кесірі неге апарып соғарын баршамыз да айқын білеміз. Бұл сауатсыздыққа, құмар ойындарға берілуге, көз жанардың нашарлауына, ойлау қабілетінің төмендеуіне әкеліп соқтырады.
Бұл мәселе бойынша барша ата-ана мен ұстаздар ең алдымен дабыл қағып, балаларының келешегі үшін алаңдауда. М.Жұмабаев атындағы №39 гимназия қабырғасында ғаламторға тәуелділік мәселесі төңірегінде біршама іс-шаралар жүзеге асуда. Ата-аналар мен педагогтардың назарына оқушылардың ғаламторда көп отыруының зияндылығы туралы ой бөлісе отырып, олардың әсерінен болатын проблемаларды түсіндіріп, оның алдын алу шараларын ұсына отырып, олардың жауапкершілігін арттыру мақсатында үздіксіз жұмыстар жүргізілуде.
Гимназия директорының ақпараттандыру ісі жөніндегі орынбасары Динара Амангелдиновнаның, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айдар Тұрсынбайұлының, мектеп психологы Меруерт Кошанованың басшылығымен «Қауіпсіз интернет» республикалық ақпараттық іс-шарасы аясында «Ғаламторға тәуелділік» тақырыбында ата-аналардың қатысуымен флеш-моб, балалармен дебат турнирлері, пікір-сайыс алаңдары, «Қауіпсіз интернет» аутрич-науқандары, дөңгелек үстелдер, ата-ана жиналыстары ұйымдастырылды. 2015 жылы «Ата-аналар мен мұғалімдер арасындағы ынтымақтастық» атты облыс көлемінде сынып жетекшілерге арналған әдістемелік жинақ шығарылды. Осы жинақта интернеттің қауіпсіздігі, пайдасы мен зияны төңірегінде мақалалар жарық көрді. Кітапханашылардың ұйымдастыруымен 5-7 сыныптар арасында «Интернет орнына бір кітап» тақырыбында біркүндік акция өтті, «Шынайы өмір – виртуалды әлемнен жақсы» деген атпен флеш-моб ұйымдастырылды. Мектеп психологтары компьютер мен смартфонды қолдану уақыты мен ережелері туралы сауалнамалар жүргізіп, оқушыларға психологиялық тренингтар өткізді. Инженерлер телефондар мен компьютерлерде ата-ана бақылауы бағдарламаларын қолдану мәселелері бойынша ата-аналарға кеңес беруге арналған «қызу желілер» тақырыбында жұмыстар жүргізді.
Аталған жұмыстар барысында ата-аналар ғаламтордың оқушы денсаулығы мен оқу үлгеріміне тигізетін кері әсері жайлы ойларын ортаға салды. Көрсетілген шараларды іске асыру нәтижесінде ата-аналар мен балалардың, педагогтардың интернетті пайдалану сауаттылығы көтерілді.
Альжанова Мархабат Жаксыбаевна
Қарағанды облысы, Қарағанды қаласы,
М.Жұмабаев атындағы №39 гимназияның
жүйе технигі