Home » Жаңалықтар » Қауіпсіздік сақтаудағы сенің бестігің

Қауіпсіздік сақтаудағы сенің бестігің

Акция

Павлодар облыстық білім беру басқармасының мәліметі бойынша, «Қауіпсіздік сақтаудағы сенің бестігің» алғашқы акциясы №17 мектеп базасында ішкі істер қызметкерлерімен өткен.

Тәртіп сақшылары оқушыларға жол ережелерін сақтау, денсаулық пен өмір қауіпсіздігіне назар аудару жолдарын ойын түрінде түсіндіріп, бейтаныс адамдардың кез келген ұсынысынан бас тарту керектігін, мектепке барар кезде қауіпсіз көлікті таңдау, ережелерді сақтау шарттарын да түсіндірген. Полицияның жас көмекшілер жасағы «Бағдаршам елінің 4 бекеті» ойынын өткізіп, дұрыс жауап берген оқушыны «Қауіпсіздіктің бестігі» белгісімен марапаттаған.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, «қауіпсіздік бестігі» — оқушыларға ғана емес, ата-аналарға да пайдалы болмақ. Небәрі жарты жылға жуық уақыт ішінде облыс аумағында 20 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, апаттан 22 бала зардап шегіп, дене жарақатын алған.

Іс-шара соңында оқушылар полицейлерден бірінші рет «Қауіпсіздік бестігімен» қатар, естелік сыйлықтарға да ие болды. Алдағы уақытта жаңа бастаманы өңірдің барлық мектептерінде жалғастыру жоспарлануда.

Айгүл МОЛДАШ,

Павлодар қаласы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.