Сабақ мақсаты:
1.Білімділік мақсаты: Оқушыларды Қасым Аманжоловтың поэмасымен таныстыру, поэманы талдау.
2.Тәрбиелік мақсаты: Оқушыларды елін, жерін сүюге, ғылым-білімді меңгерген, көкірегі ояу азамат болуға тәрбиелеу.
3.Дамытушылық мақсаты: Оқушылардың ой-өрісін, ойлау қабілетін,т іл байлығын дамыту, өз ойын әдеби тілде жеткізе алу қабілетін жетілдіру, пәнге болған қызығушылығын арттыру.
сабақ түрі: аралас
сабақ әдісі: интербелсенді тақта арқылы өту
сабақ көрнекілігі: электронды оқулық, слайд
Сабақтың барысы
І.Ұйымдастыру кезеңі
А) амандасу
Ә) кезекші ақпараты
Б)оқушылар назарын сабаққа аудару
ІІ.Үй тапсырмасын сұрау.
1-тапсырма.
Оқушылар слайд арқылы көрсетілген сандардың бірін таңдап алып, санға жасырынған сұраққа жауап береді.
1.Қасым Аманжолов қашан,қайда дүниеге келген?
2. Қасым Аманжолов қайда оқиды?
3. Қасым Аманжолов қандай газеттерде жұмыс істейді?
4. Қасым Аманжоловтың тұңғыш өлеңдер жинағы қашан жарық көрді?
5. Қасым Аманжоловтың аударма саласындағы еңбектерін атаңыз.
6. Қасым Аманжоловтың қандай өлеңдері мен поэмаларын білесіңдер?
2-тапсырма.
Оқушыларға слайд арқылы ақын-жазушылардың суреті көрсетіледі. Оқушылар оларды аты-жөнін атайды және Қасым Аманжоловтың оларға жазған арнау өлеңдерін жатқа оқиды.
ІІІ. Жаңа сабақ. Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы.
Ей, тәкәппар дүние,
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені,
Мен қазақтың баласы, деп ,ағынан жарыла толғаған ақиық ақын, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Қасым Аманжолов ешкімге ұқсамайтын ақындық шабытымен жүрдек тұлпар сияқты шапқан сайын өрлей береді.Оның жалынды да дауылды, нәзік те сыршыл поэзиясы жаныңа жайлы тиіп, баурап алады.
(слайдта ақын суреті көрсетіледі)
-Дейсіңдер-ау, Қасымның несі басым?
Қасым солай болмаса, несі Қасым? деп, Мұқағали Мақатаев ақындықтың асқар тауындай болған ағасына жыр арнаса, Бауыржан Момышұлы «Қасым Аманжолов жаратылысы бөлек ақын» деп өз бағасын берген екен. Сіздермен танысатын бүгінгі тақырыбымыз Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы. Асқан шеберлікті дәлелдейтін осыншама тығыз сыйымдылықты, шиыршақталған шымырлық, жұдырықтай жас түйін шығарма бұрын қазақ поэзиясында болған емес. «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы ақынның ғана емес,бүкіл қазақ поэзиясының үздік жетістігі болып табылатын бұл туындыға талантты жас ақын Абдолла Жұмағалиевтың соғыс майданында көрсеткен ерлігі негіз болған.
Абдолла Жұмағалиев 1915 жылы дүниеге келген. От шашқан талантымен ерте танылған ақын Оралдың педагогикалық институтында оқып жүргенде Қасыммен танысып, достасып, аға-інідей болып кетеді.Ұлы Отан соғысы басталғанда Абдолла Жұмағалиев та соғысқа аттанады. Соғыс майданында Абдолла Жұмағалиевтың бөлімшесі жау қоршауында қалады. Бір үйдің шатырына паналап соғысты жалғастырады. Оның қасындағы жолдастары түгел оққа ұшады. Абдолла жалғыз өзі автоматтан оқ жаудырып, немістің бір рота әскерін үйге жолатпайды. Көптеген солдатын қырғынға ұшыратады.Жау Абдоллаға «беріл, кінәңді кешеміз»деп айтқанымен ол соғысты жалғастырады. Соңында жау үйді өртейді. Әдетте отқа адам төзе алмай, қашады екен. Бірақ, Абдолла үймен бірге қосылып, жанып кеткенге дейін жауға қарсылық көрсетумен болады. Ол жөнінде Абдолланың бөлім командирі:«Жау қоршауында жалғыз қалып, арыстандай алысқан айбатты ақынның батырлығы асқар таудың биік шыңындай. Ол жан алқымға келгенде снарядты немістерге лақтырады да, ақтық оғы «қалғанша, автоматты жаудың өңменінен айырмады», деп жазады. Айнымас досы, туған інісіндей болып кеткен Абдолланың қайсарлықпен қаза тапқанын Қиыр шығыста сырқаттанып, әскери емханада жатқан ақын естиді. Кейін ақын: Ол сұмдық хабардың бүкіл болмысымды аударып төңкеріп кеткені сонша, бірнеше түнді жан есірік күйде дөңбекшіп өткіздім. Көзімнен жасым тиылмады. Мен сол жасты көзім арасынан қиялымда оның жаумен жалғыз өзі өрт құшағында тұрып айқасқанын көрдім. Содан соң барып қолыма қалам алдым. Менің ол күйімді түсінбеген дәрігерлер дәптерімді екі-үш рет алып қойды. Соңғы рет аяқтауға жақындағанымда да алмақшы болды. Мен айбат шегіп алдырмадым. Түрімнен шошыған болар,қайтіп тимеді,-деп жазыпты естелігінде. Поэма Абдолла өмірінің соңғы кезеңін суреттеуге құрылады. Ақын Абдолла бейнесін жау қоршауында, өрт ортасында қалған, антына берік болған азамат кейпінде толғайды. Отан алдындағы антына адал солдат жау қолына түскеннен өлімді абзал санайды. Абдолланың отқа жанып тұрған шағын зор ақындық қуатпен ғажайып суретке айналдырады.
Шұғыла шашқан кешкі бұлттай,
Толқын шашта оттар ойнап,
Өрт топанын кешіп Нұхтай,
Жалғыз өзі тұрды бойлап.
Өртеніп, жалынға айналған Абдолла бейнесінен қайсар мінез танылады. Ол жауды мазақтап, өлім қойнына өлеңдетіп кіреді.Ақтық минуттағы соңғы сөзін Абдолла отанына, еліне айтады.
Бұл трагедиялық ақын өлімінің өзінде үлкен отансүйгіштік күш танылады. Соғыстың қызып тұрған кезінде жазылған бұл поэма жұртшылық назарын өзіне аударады. Ғ.Мүсірепов «Қасым поэмасы майданнан соққан жаңа леп сияқты» деп жазады.
Шығарма жанр бойынша поэма болып саналады.
Поэма деп белгілі бір оқиғаны өлеңмен баяндап айтатын, жыр-толғау түрінде келетін көлемді шығарманы айтамыз.
Оқулықпен жұмыс. Оқушылар поэманы оқиды.
Оқытушы: -Сіздер танысқан поэмада қандай тақырып баяндалады?
Оқушылар:-Поэмада Ұлы Отан соғысы, Абдолланың соғыс майданындағы ерлігі суреттеледі.
Оқытушы: -Биыл Ұлы Жеңістің 73 жылдығын тойлаймыз. Сабағымыз тақырыбы соғыс туралы болғандықтан, сіздермен бірге соғыс майданы жайлы бейнематериалды тамашалаймыз.
Топ оқушылары Ұлы Отан соғысы ардагері Ахмаджан ата Анартаевтың үйіне барып,сұхбатта болып қайтқан болатын.(слайд арқылы сұхбат көрсетіледі)
ІV.Сабақты пысықтау.
Поэма қаһарманы болған Абдолланың бойына тән қасиеттерді топтастырып жазу.
V.Оқушылар білімін бағалау.
Қорытынды: Бүгінгі сабағымызды Тахауи Ахтановтың мына бір сөзімен қорытындылап өтсек. «Ақынның адал, шыншыл мінезі өзімен бірге өлген жоқ, тамаша өлеңдерінде жүр» Міне, осынау қан майданның төрінде жаумен жанын қия айқасқан жауынгерлердің рухына бас ие отырып,сол ерлердің бүгінгі ұрпақтарына қалдырған кең байтақ,азат елін қорғау, күту-сіздердің қолдарыңызда. Ерлік көрсету-тек қанды майдан даласында емес, бейбіт елде де ерлік көрсетуге болады. (өмірмен байланыстыру)
VІ.Үйге тапсырма. Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасын оқу,талдау
Сайдалиева Гулбахар Хасановна
қазақ тілі мен әдебиет пәні оқытушысы
Д.Қонаев атындағы №25 колледж ,ОҚО.