Home » Мақалалар »  Қасиетті мекеннің дара тұлғасы

 Қасиетті мекеннің дара тұлғасы

 Қазақтың кең даласы тума таланттар мен табиғи дарын иелеріне өте бай болып келген және ол өзінің осы бұзылмас сабақтастығын әлі сақтап келеді. Бұл далада қол бастаған батырдың да, сөз бастаған шешеннің де , от ауызды , орақ тілді ақын-жыраудың да күміс көмей, жезтаңдай әншінің де қалқып алар қаймақтары талайларды таңқалдырып, тамсандырып өткендігін жіпке тізгендей етіп айта берсек , оның ұшына да қиырына да жету мүмкін болмас…..  Жыраулық, ақындық, әншілік өнердің басын қосып, солардың үшеуіне де тән жоғары қасиетті өзіне өмірлік серік еткен, дарыны ерекше адамды біздің Сыр бойының халқы жырау немесе Сыр сүлейі деп атайды. Сыр сүлейлері деп аталатын осындай сөз өнерінің қас шеберлерінен тұратын үркердей топтың ортасында, өзіндік орнықты орны бар , атақ-абыройы бар тұлғаның бірі –Тұрымбет жырау  Салқынбайұлы.  Бұл кісі жас кезінен халық арасына Бала жырау атағымен кең танымал болған.  Тұрымбет жырау Салқынбайұлы 1868 жылы бұрынғы Қазалы уезіне қарасты (Қармақшы ауданы, Қызылорда облысы)  Жамансыр болысының , 3- ауылында дүниеге келген. Сол өзінің ауылындағы «Бозарқаш» колхозында ( қазіргі Ақтөбе ауылы) 1946 жылы 78 жасында қайтыс болған.  Жыраудың әкесі Салқынбай Сыр бойындағы Қарақүм деген жерді жайлаған орта дәулетті кісі болған. Қарақұмда «Салқынбай құмы» деп аталатын жер бар. Салқынбайдан –Жадыра , Тұрымбет, Қолдабек, Молдабек деген балалар тарайды. Тұрымбет жас кезінен домбыра тартып , ән айтады, әрі сөзге шешен болады. Ағасы Жадыра да үлкен шайыр болған кісі. Бірақ, ол інісінің өнері басым екендігін байқап: «Бір үйден екі жырау шыққанымыз ерсі болар», деп жолды талантты інісі Тұрымбетке беріп, шайырлықты қойып кеткен екен.

Тұрымбет жас кезінен ескіше оқып, арабша сауатын ашады. Шығыс әдебиетімен сусындап, сюжетті қисса, дастандарды жаттап өседі. Бала жырау атанып, өзі де тақпақ , терме, толғау, айтыс, тойбастар, мақтау, сынау өлеңдері қиялынан жарып шығарып айтуға өте шебер болады. Бұған оның жасы үлкен ағалары  Балқы Базар , Дүр Оңғар, Даңмұрын сынды толғау, қисса дастандарды мақамына келтіріп айтуы, үлкенді –кішілі сөз айтыстарына қатысуы үлкен септігін тигізеді.

Өнерпаз өрен он үш жасында өзінен төрт жас үлкен Жиенбай жыраумен бірге Ырғыз өңіріне барып, атақты би Алмат Тобабергенұлының алдында  өнер көрсету құрметіне ие болады. Алқалы жиында жыраулығымен көзге айрықша түскен Тұрымбет сол жолы Алмат биден бата алып,  өз еліне  «Бала жырау»  атанып қайтады. Осы жерде бір ескеретін жағдай, Сыр өңірі ақын-жыраулары арасында  «Бала жырау»  атағы тек Тұрымбет Салқынбайұлына ғана тән болған.  Сыр сүлейі, әйлігі жырау, ақын, сазгер Тұрымбет Салқынбайұлының есімі тек ғана Сыр бойына емес, қазақтың көптеген өңірлеріне , алыс- жақын шет елдерге кеңінен танымал болған.

Тұрымбет Салқынбайұлының өз тұстары арасында шоқтығы  биік өнер иесі, шырқау дауысты жырау әрі ақын, сазгер жастайынан жоқшылықтың, ел ішіндегі таршылық жағдайды көріп өскен Тұрымбет жырау Қазан төңкерісінен кейін кеңес дәуірін жырлауға  да қызу үн қосады. Ол өзінің «Тұрыңдар, кедей жатпаңдар» деген толғауында:

«Тұрыңдар, кедей жатпаңдар,

Еңбекті байға сатпаңдар.

Байдың құл боп қолында,

Қойының жүріп соңында,

Жалшы боп малын баққандар.

Бізге сәуле бар ма деп,

Болмаса қорлық зар ма деп,

Көзінен жасы аққандар

Жауыздың күнін батырған

Жарлының таңын атырған

Ленинді есте сақтаңдар! » — деп еңбекші бұқараны жаңа заманды орнату күресіне үндейді.  Ақын қай кезде де халықтың мұңын жырлап, жоғын жоқтайды. Әділетсіздікке, қиянатқа қарсы өз жүрегінің үкімін  айтады. Адамгершілік пен ақындық, жыраулық өнердің тізгінін тең ұстаған жырау баба есімі бүгінгі жас ұрпаққа осындай ғажап сырлары мен тамаша қырлары арқылы биік өнегенің өлшеміне айналған. Ұлы Абай айтқандай: «Малы жұтайса да өнері жұтаймайтын» халықпыз. Өнер өшпейді, өлең- сөз өлмейді екен. Өнер бар өңірге тән.

1993 жылдың қараша айында Қармақшы ауданының Ақтөбе ауылында Тұрымбет жырау Салқынбайұлының туғанына 125 жыл толған мерейтойы дүркіреп өтті. Той қарсаңында оның «Талайды таңырқатқан жырау едім» атты кітабы оқырмандар қолына тиген болатын. Ал, 2008 жылы  аудан орталығында әйгілі  Жыраудың 140 жылдық мерейтойы да кең ауқымда тойланды. Жырау мұралары толықтырылып, «Атандым жас күнімнен бала жырау» атты кітабы жарық көрді.  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ибрагим Бекмаханұлы   жыраудың немересі, ақын көптеген өлең, жыр жинақтарын жинап, жырау атаның өсиет-аманатын басты парыз етіп, өлең ғұмырдың  оты өшпесе екен деп өмір жолын осы өнер жолына арнап келеді. Ата аманаты көкіректе сайрап, жүректе мәңгі қалары хақ.

 

                                                                                           Бекмаханова Б.М. 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.